Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенатор зейнетақы жинағы туралы пікір білдірді

Сенатор зейнетақы жинағы туралы пікір білдірді

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде пайдалану тетіктері әлі де зерттеуді қажет етеді. Сенатор Нұртөре Жүсіп азаматтардың зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі бойынша осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу үшін немесе басқа да мақсаттарға нысаналы түрде пайдалану туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Осыған орай Үкіметтің тарапынан жұмыс тобы құрылып, оны Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев басқарды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл мәселеге қатысты қандай ұсыныстар берілгенін ортаға салды. Бұл жерде негізгі мәселе – зейнетақы қорындағы қаражатты қалай болса солай пайдалана салу емес, белгілі бір мақсатқа, яғни азаматтардың денсаулығына, біліміне, сонымен бірге тұрғын үй мәселесін шешуде тиімді пайдаланудың тетігін іздестіру болған еді», - деді Нұртөре Жүсіп Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында.

Сенатор осыған дейін де бұл мәселе бойынша кездесу ұйымдастырылғанын еске салды. «Сол кездесулерде денсаулық пен білім үшін зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану – соншалықты өткір тұрмағанына көз жеткіздік. Бұл жерде халықтың басым көбі баспана алу мәселесіне қатысты талап-тілектерін білдіріп жатыр. Бүгінгі жиында да бірқатар ұсыныс ортаға салынды.

Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін әлеуметтік қажеттіліктерге пайдаланудың бірнеше тәсілі ұсынылып жатыр. Бұның барлығы менің ойымша, әлі зерттеуді, толық бір жүйелі түрде қарастыруды қажет етеді деген ойдамын», - деді ол. Сенатордың айтуынша, бұл ретте Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі тарапынан берілген ұсыныс көңілінен шыққанын айтады. «Қазір азаматтардың көбі «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы арқылы үй аларда бастапқы жарнаны жинақтай алмайды.

Сондықтан, бір отбасында 4-5 адам жұмыс істесе, олардың бірінің зейнетақы жинағы 1 млн, екіншісінікі 2 млн теңге болуы мүмкін. Солардың жинақтарының бір бөлігін ортақ мақсатқа жұмылдыру тетіктерін жасаса деген ұсыныс бар. Қазақта әулеттік жүйе өте жақсы қалыптасқан ғой. Айталық «Әулет» деген бағдарлама ашып, көмек ретінде зейнетақы ақшасын аударуға мүмкіндік беріп, кейін қайтару мәселесін пысықтаса деген ұсынысты айтқым келеді», - деді ол.
29 қаңтар 2020 ж. 610 0