Жылқаман батыр
Жылқаман батырды сөз еткенде, алдымен, оның тұстасы әрі жасақ басшысы болған Сартай батыр және 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» дастаны еске түседі.
Ақын әрі жырау Нұрмағамбеттің аталған дастанында Жылқаман батыр ерекше жырланады. Жылқаман батырдың есімі және оның ерліктері Өмірзақ Жолымбетовтің зерттеу мақалаларында, Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» тарихи романында, Әбдісаттар Оспановтың «Жанқожа батыр» кітабында жеткілікті мәлімделген. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын өткен ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы күресі туралы жазылған қазақтың төл архиві болмады деп айта алмаймыз. Біздің архивіміз – ақын-жырауларымыз жырлап кеткен дастандар мен жырлар. Сонау заманнан ұрпақтан ұрпаққа ауызекі тілде жеткен бұл мұраларымызды біздің ұлттық кодымыз деп бағалай аламыз. Егер ауызша жеткен деректеріміз, шежірелеріміз болмаса, біз бер жағы жеті ата, ар жағы 30-35 атаға дейін баратын ұрпақтар жалғастығын қайдан білер едік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде: «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты» деген болатын. Кешегі кеңес кезеңінде қазақ халқының бостандығы жолындағы ерліктерін дәріптемек түгілі, атын атауға тыйым салып, тіпті жырға қосқан Нұрмағамбет Қосжанұлын және басқа көзі қарақты ақын-жырауларымызды атып, асқаны құпия емес. Сондықтан Жылқаман батыр секілді тарих қойнауында есімі мен ерліктері көмулі жатқан бабалар рухын жаңғыртып, болашақ ұрпақ үшін негіздеп жатсақ, бір парызымыздың орындалғаны деп білеміз. Жылқаман батырдың ұрпағы, құрылыс саласының маманы, бүгінде жетпістің бесеуіне келіп қалған зейнеткер, «Жылқаман» ЖШС ұжымының басшысы Нұраш Ідірісұлы кейінгі ұрпақтар атқарып жатқан игілікті істер туралы былай дейді:
– Жылқаман батыр бабамыздың ерлік істері мен мергендігі туралы ауыл қарияларынан естігенімізді бала кезімізден құлағымызға сіңіріп өстік. Бабамыз Арал ауданының Ақбасты елді мекенінде дүниеге келген. Ал бір уыс топырақ Қарақалпақстанның Нұрата өңірінен бұйырыпты. 2004 жылы Қарақалпақ жерінен батыр жатқан зираттан топырақ әкеліп, өзінің туып-өскен жеріне белгі қойып, Жылқаман батырды еске алып, насихаттау мақсатында Арал ауданының Ақбасты елді мекенінде Құран бағыштап, ас бердік. Сол жерде жан-жақтан жиналған Жылқаман батырдың ұрпақтары алдағы уақытта атқарылар істерді жоспарлап, уағдаластық. Соның нәтижесінде 2006 жылы республикалық газет-журналдарда Жылқаман батыр туралы мақалалар жарық көрді және Ақтөбе облысы Шалқар қаласында батыр бабаның есіміне көше берілді. Сол жылы Жылқаман ұжымының қолдауымен «Жылқаман батыр» атты кітап мың дана болып шығып, халыққа таратылды. Құрастырушы – осы елдің азаматы Аманжол Сақыпұлы. Жылқаман баба ұрпақтары, қазірде құрметті зейнеткер Шалқар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Інжілісұлы, зейнеткер Мүфтулла Тойбазарұлы, көріпкел жеңгеміз Күләй және өмірден озып кеткен ініміз Бекболат Мағмияұлы осы игі істе белсене атсалысты. Болашақта да кейінгі ұрпақ бабаны ұлықтау шараларын жүргізе береді деп ойлаймын.
Сонымен, Жылқаман батыр туралы көнекөз қариялардан естігеніміз бен замандастарымыздың жазбаларына сүйене отырып, білгенімізді ортаға салайық.
«Әке – балаға сыншы» деген, бала Жылқаманнан әкесі Отыншының күткені көп болса керек. Өйткені әкесі «Ер қаруы – бес қаруды» сайлар алдында ұлына деп алдымен Ресейден мылтық сатып алуы тегін емес. Отыншы бір үйір жылқысын дүмбісі ала шұбар бердеңкеге айырбастаған кезде, ауылдастары: «Оны не істейді, қайран, бір үйір жылқы» деп күліпті. Сонда Отыншы: «Ел басына күн туғанда қорғайтын осы «ақшұбар» болады» деген екен.
Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» жырына және ел аузындағы әңгімелерге жүгінсек, Жылқаман батыр 13 жасында әйгілі «Мың бала» жасағының құрамында болып, жасақтың хас батырларының біріне айналған. Арал теңізі, Мұғалжар тауы, Жем өзені бойынан құрылған «Мың бала» жасағын басқарған әйгілі Сартай батырдың өзі сол кезде 16 жаста көрінеді. Міне, 13-17 жас аралығындағы өрімдей жас батырлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында үш жүздің басы қосылған, Әбілқайыр хан қолбасшылық еткен хас батырлардың қатарына алынады. Сайрам, Шу, Сарысу, Балқаш көлі, Бұланты, Білеуті өзендері маңындағы қазақтың тағдыры шешілетін қан майданға атойлап кіреді. Сол жан алысып, жан беріскен ұлы шайқастарда мың баланың бес жүздейі мерт болады. Опат болған 500 жасөспірім туралы Нұрмағамбет Қосжанұлының әйгілі дастанында мынадай жолдар бар:
Өрімтал елі үшін жанын қиған,
Жаратқан өздеріңе берсін иман,
Халықтың бақыты тек
ғиззаттықта,
Байлықтың пайдасы жоқ
жаудан жиған.
Баян еттім қазақтың бір тарихын,
Білгенім сыртқа сыймай,
ішке сыйған.
Дұға ет, оқи қалсаң бұл дастанды,
Өмірге келген, кеткен мен
бір мейман.
Бұланты мен Аңырақайда болған шешуші шайқастарда Жылқаманның аты батырлығымен, мергендігімен шарықтап кетеді. Жылқаман майданға ақшұбарымен қатысады. Ақшұбардың оғын ұртына толтырып алады да, атқан сайын оқтап отырады екен. Мылтығын атқан сайын түтіні түтініне қосылады екен. Жылқаманның өзге батырлардан бір ерекшелігі сол, ол – майданға мылтықпен кіруі.
Жылқаманның сұр мергендігі туралы алдында атап өткен кітаптарда, дастанда және кейін бірнеше зерттеуші жазған мақалаларда нақты айтылады. Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романында Жылқаманның мергендігі былайша суреттеледі: «Үш күнге созылған Құрым бидің асында ат бәйгесі, жорға сүресі өтті. Осы аста Жылқаманның мергендігі төрткүл дүниеге тарап еді. Алтын жамбы атуға ақшұбармен шыққан Жылқаман күн көзінде қылтылдап тұрған бес бірдей күміс тиынды қолымен сыпырғандай бірінен соң бірін атып түсірді. Жас баланың өнері жиналып тұрған алты Әлімді таң-тамаша қалдырды. Байжан би Жылқаманды бауырына басты. Әйтеке би батасын берді. Сол жылғы елдің әңгімесі Отыншының Жылқаман атты баласының құралайды көзге атқан мергендігі жайлы еді».
Он үшінде атқа қонған Жылқаманның кейінгі өмірі де қазақ елінің азаттығы жолындағы күреске толы болды. Ол Қоқан-Хиуа хандықтарынан елді қорғады. Адай-беріш жігіттерімен тізе қосып, түрікпендерді жерімізге кіргізбеді. Өңіріміздің батысын башқұрттардан, қалмақтардан қорғау соғыстарына қатысады. Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан Батыр сұлтан, Сырым Датұлы, Құлбатыр, Сартай, Жанқожа, Толыбай, Көтібар, Есет, Бекет батырлармен майдандас болады.
Бала Жылқаманның, батыр Жылқаманның мергендігі туралы ел аузында және мынадай әңгіме бар. Бұланты шайқасының алдында үш жүздің би-бағландары бас қосып, Әбілқайырды қолбасшы етіп сайлайды ғой. Содан кейін Електен бері қол жинау, соғыс өнеріне машықтандыру Тама Есет Көкіұлына тапсырылады. Қайрақ, Байрақ, Тайлақ батырлар әлімдердің арасына хабар шалып, қол жинайды. «Мың бала» жасағының жас перілері Сартай мен Жылқайдарлар небәрі 15-16 жаста екен. Ал Жылқаман тіпті жас, он үште ғана. Біреулер соны меңзеп, балаға обал болмай ма дегенді айтыпты. Мұны естіген Жылқаман ақшұбарын қолына алып, ұртындағы оғын торғайларға қарай бірінен соң бірін жөнелтеді. Мылтықтың түтініне түтінін қосады. Бір мезетте барып тоқтап, торғайларды тексеруге адамдарды жібереді. Барып қараса, торғайлар тек тұмсық ұшынан жараланыпты.
Ал «Сартай батыр» дастанында бұл жағдай былай сипатталады. Қырғауыл Қожа «Мың бала» тобын жассынып, Әбілқайыр жасағына қостырғысы келмейді. Жылқаманды баласынып сөйлейді. Бұған намыстанған Жылқаманды жырау қалай суреттегенін оқиық:
Ашуланып Жылқаман
Қалт, қалт етті, қалт етті,
«Қайтпаймын» деген дауысы
Ақ сұңқардай саңқ етті.
Жалт еткенде ақшұбар,
Мылтықтың даусы таңқ етті,
Қап-қара түтін ішінен
Оқпанның аузы жарқ етті.
Қырғауылдың басынан
Құс телпегі жалп етті.
Мұны көріп тұрғандар
Қарқ, қарқ, қарқ етті.
Дастанда бұдан кейін Жылқаманның Қырғауылды жарақаттамай, қолындағы найзасын, сосын беліндегі темірден құйған қынның бауын дәл көздеп, алдаспанын жерге түсіретіні, қолындағы қамшысынан айыратыны жырланады. Осыдан кейін оның бұл мергендігі Бұланты шайқасында дараланып, Жылқаманның аты асқақтайды.
Он үшінде атқа қонған Жылқаманның кейінгі өмірі де қазақ елінің азаттығы жолындағы күреске толы болды. Ол Қоқан-Хиуа хандықтарынан елді қорғады. Адай-беріш жігіттерімен тізе қосып, түрікпендерді жерімізге кіргізбеді. Өңіріміздің батысын башқұрттардан, қалмақтардан қорғау соғыстарына қатысады. Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан Батыр сұлтан, Сырым Датұлы, Құлбатыр, Сартай, Жанқожа, Толыбай, Көтібар, Есет, Бекет батырлармен майдандас болады.
Өмірі ат үстінде соғыста өткен Жылқаман батыр не арманың бар деп сұрағандарға: «Ақшұбарымның түтінін түтініне қосқаныммен, оғын оғына қоса алмадым» депті.
Жылқаманның туған, қайтыс болған жылдары туралы екі түрлі пікір бар. Өмірзақ Жолымбетов 1714 жылы туып, 1786 жылы қайтыс болған деген деректі алға тартады. Ал филология ғылымының кандидаты Аманжол Сақыпұлы «Жылқаман батыр» кітабында 1712 жылы туып, 1796 жылы бақилық болған дейді. Үш жүздің басы қосылып, жоңғарларға алғаш тойтарыс берген 1725 жылы Жылқаман 13 жаста болса, демек, 1712 жылы туды деген дерек қисынға келеді дейді.
Тарихта Жанқожа батырға бата берген Жылқаман батырдың ата-тегі былайша тарқатылады: Кіші жүз-Әлім-Шекті (Жаманақ)-Шыңғыс-Жақайым-Көгіс-Торжымбай-Көшімбет-Қарабатыр-Байшаған-Нұралы-Отыншы Жылқаман. Жылқаманның бес әйелі болады. Олардан Есқұл, Досқұл, Тілеуқұл, Қауқай, Әлмен, Дәрмен деген алты ұл туады. Ал олардан тараған ұрпақтар тек Арал, Шалқар маңында ғана емес, Алматы, Астана қалаларында, еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатыр.
Қазіргі таңда, болашағымыз – ұрпақтарымыз бабамызды қадір тұтып, ұмытпай, батыр бабаның ұрпақтары екендігін еске салатындай Ақбасты елді мекенін Жылқаман батырдың есімімен аталуын сұраймыз.
Жанғабыл Қабақбаев,
Қазақстанның Құрметті
журналисі,
Қазақстанның Құрметті
журналисі,
Бердібай КЕМАЛ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
“Ана тілі” газеті.