Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тағдыр тәлкегін жеңген азамат

Тағдыр тәлкегін жеңген азамат

ХХ ғасырда қазақ жерінде жергілікті халыққа қарсы көп қиянат жасалды. Голощекиннің қитұрқы саясатының зардабы ұлтымызды ашаршылыққа ұшыратты. Ашаршылық жылдарында өмір сүрген барлық адам қиындықпен бетпе-бет келді. Жоқшылық бүйірден қысқан заманда елдің елдігі, ердің ерлігі сыналды.

Әркімнің тағдыр талайы әртүрлі. Сындарлы кезеңде өмір сүрген көзі ашық, көңілі ояу азамат Қалабай Ділдабаев пен оның ұрпақтары туралы естелік-эссе жазуды жөн көрдім. Ол кісі өз ауылының тұрғындарына қолынан келген көмегін аямаған асыл азамат еді. Ашаршылықтан босып кеткен ағайындарының басын қосып, еңбек етуге шақырған азамат Құндыздыда тұңғыш бастауыш мектеп ашып, балаларды оқытып, ересектерді сауаттандырды. Алайда «жазмыштан озмыш жоқ» дегендей еліне еңбегімен еленіп, қадірі артып, толыса бастаған шағында, небәрі 32 жыл өмір сүріп, 1939 жылы дүниеден озды. Ел-жұрты Қалабайды аза тұтып, қимастықпен Құндызды көлінің жағасындағы биік төбеге жер қойнына табыстады. Сол жер осы күнге дейін Қалабайдың атымен аталады.

Қалабайдың артында аяулы анасы Рахия, жас жары Әлимаш пен төрт жастағы Бақытбек қалды. Арада жыл өткеннен кейін қарт ана келіні Әлимашқа «Жассың ғой, бағыңды байламаймын» деп рұқсат беріп, немересі Бақытбекті бауырына басып алып қалып, тәрбиелеп өсіруді өз мойнына алды. Жетім болып қалған Бақытбектің балалық шағы адамзат тарихында болмаған ІІ дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. Бақытбектің балалық шағы осы жолдардың авторы, ауылдасы, менің көз алдымда өтіп жатты. Оның әжесі ұзын бойлы, қайратты, өте еңбеккеш кісі еді. Ол кісі Майжарма каналының жағасына жүгері, картоп, тары, қауын егіп, оның жемісін бір отбасы ғана емес, бірнеше отбасы жейтін. Еңбегіне сай өнімі де мол болатын. Қауыны піскенде шардақ құрып, қақ тіліп, қауыншек өріп, қауын-құрт қайнататын еді. Қауыншекті қыста көже-қатық етсе, жүгеріні ұнтақтап, оған асқабақ қосып, нан пісіретін, тарыдан талқан жасайтын. Осылайша Бақытбекті қасына ертіп жүріп, қысқы ішетін азығын күзде түгендеп, дайындайтын.

Бұл отбасына көмек беріп, жәрдем­десетіндер де болмады. Өйткені өзге ағайындар мен ауылдастарының да тұрмыс жағдайы мәз емес еді. Ол кез ер азаматтар соғысқа кеткен, ал артында қалған әйелдер мен балалар күні-түні колхоздың сан-салалы жұмысын атқаратын ауырпашылығы мол шақ еді. Бала кезден, елдегі және өз отбасындағы ауыр күндерін көзімен көрген Бақытбек ерте есейіп, еңбек етіп, қиыншылықты қайсарлықпен жеңуге талаптанды.Ол мектептеде озат оқушы болып, орта білім алғаннан кейін жоғары білім алуға ұмтылды және бұл ұмтылысы текке кетпеді. Кейін қызмет істеп, тұрмыс жағдайын біршама жақсартып алды, қартайған әжесінің жағдайын жасап, бағып-қақты. Жүрек қалауымен 1958 жылы Сұмағұлқызы Саракүлмен бас қосып, шаңырақ көтерді. 1961 жылы Шымкент аудит техникумын бітіргеннен соң Қараөзек ауылында есепші болып жұмыс істеді.

Бақытбек Қалабайұлы 1972 жылы Қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» орденді ауыл шаруашылық институтын бітіріп, жоғары білімді аудит есепші маман атанып, өзінің алға қойған негізгі мақсатына қол жеткізді. 1961-1969 жылдары Қараөзек сов­хозында бас есепші, 1969-1975 жылдары Іңкәр­дария ауылында бас есепші, 1975 жылдан өмірінің соңына дейін С.Сейфуллин совхозында бас есепші бо­лып еңбек етті. Білікті маман аграрлы ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына айрықша үлес қосты. Ол өз ісін жауапкершілікпен, біліктілікпен атқарып, жақсы маман ретінде аудан, облыс көлемінде танылды. Тапсырылған жұмысты тиянақты орындайтын есепші өзге қызметкерлерден де тәртіпті талап ететін. Бақытбектің қарамағында жұ­мыс істеп, оның бай тәжірибесінен тәлім алған Бақыт Сейтжанов пен Мұқан Құлтайбаевтар кейін совхоздың бас есепшісі болып, жемісті еңбек етті. Осы ретте әрбір кеңшардың жыл аяғында жасалатын қорытынды есебін ауданымызда бірінші болып Б.Ділдабаевтың тапсыратыны өзге шаруашылықтардың бас есепшілеріне үлгі ретінде ұсынылатын. Шаруашылыққа тексеруге келген тексерушілер де Бақытбектің жұмысына риза болатын. Ардақта азаматқа қажырлы еңбегі үшін оған «Облыстық үздік есепші қызметкері» атағы берілген.

Бақытбек өзінің қызметін білік­тілігімен атқарумен қатар өз ауы­лының қоғамдық-саяси өміріне де белсен­ділікпен араласатын. Кең­шардағы «Қазақ тілі» бастауыш ұйымының төрағасы ретінде ұйым жұмысын жандандыруға өз үлесін қосты. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» секілді іргелі басылымдардың таралымын көбейту үшін насихаттық жұмыстар жүргізетін. Бақытбектің өзі көркем әдеби кітаптарды көп оқитын. Замандастары баспадан жаңа шыққан кітаптарды кітапханадан бұрын Бақытбектің отбасылық кітап­ха­на­сынан табылатын деп айтып отыратын. Өнегелі азаматтың ерекше қыры баспасөзбен, оның ішінде аудандық газетпен тығыз байланыс жасайтын. Әсіресе мемлекеттік тілдің мерей-мәртебесі жөнінде жазған мақалалары «Ана тілі», «Сыр бойы», «Қазақ әдебиеті» және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде тұрақты түрде жарияланатын. Мұнан бөлек елде, қоғамда болып жатқан мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде басылым арқылы ой-пікір білдіріп отыратын. Мәселен, «Кішіпейілділік жарасар басшыға да...» тақырыбындағы мақаласында бір өркөкірек кеңшар директорын кемшілігін бетіне басып:


«Директор көңілі көктегі ай,
Астында оның легковай.
Қол көтеріп тұрсаң да,
Өте шығар тоқтамай, – деп әлгі басшының көкіректігін сынаған. Ал Бақытбек Ділдабаев туралы аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бетінде «Қаламы қарымды, ойы ұшқыр еді» деген тақырыппен естелік мақаланың жазылуы да оның шығармашылық ісінің лайықты бағасы екені анық.

Бізге Бақытбектің өмір жолында тағдырдың тәлкегінен туған анасынан ерте бөлініп кеткені белгілі болатын. Кейін Бақытбек ер азамат болып толысып, қалыптасқан шағында анасы Әлимашпен табысып, науқасты болып әлсіреген анасының жағдайын жақсартып, көмектеседі. Осы анадан туған інілері Бисенбай, Жұмабай, Жұмабек, Жорабек, Өмірбекке қамқорлық жасады. Бір сөзбен айтқанда, ол қоғамда қадірлі, ал отбасында өнегелі отағасы болды. Өмірлік жолдасы Саракүл екеуі 8 бала тәрбиелеп, өсірді. Олардың ұл-қыздары бүгінде түгел ер жетіп, шаңырақ құрып, бір-бір отбасының тұтқасын ұстап отыр. Олар түрлі салада жемісті еңбек етуде.

Ардақты азамат 60 жасына дүниеден өтті. Бұл қаза бір отбасының ғана емес, бірнеше әулеттің, тіпті бүтін бір ауылдың ортақ қайғысы болды. Оның көзін көрген туыстары жыл сайын бас қосып, оны еске алып, істеген ізгі істерін жасөспірімдерге өнеге етіп айтып отырады. Бақытбектің үлкен ұлы Алмат: «Біз папамның жыл сайын туған күнін атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Алдағы наурыз айында ол кісі тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Әкеміз ортамызда болмаса да түгел әулет болып, атап өткелі отырмыз. Мүшәйра ұйымдастырып, ас береміз» дейді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осындайда айтылған шығар...

Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
Сырдария ауданының құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті ардагері
11 мамыр 2024 ж. 187 0