Азаттықты аңсау
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ халқы жаңа тарихи кезең – ұлттың оянуы мен қайта жаңғыруы дәуіріне қадам басты. Бұл кезеңде алғашқы қазақ кітаптары мен оқулықтары, ұлттық баспасөз құралдары пайда болып, жадиттік бағытта білім беретін жаңаша мектептер ашыла бастады. Рухани-ағартушылық қозғалыс барынша өркен жайып, Алаш қозғалысы қалыптасты. Ел ішінде ұлттың оянуына бастамашы болған білімді азаматтар ең алдымен ағартушылық һәм іскерлік жолды таңдады. Ұлттың білімін көтеру арқылы ең алдымен ағартушылық һәм іскерлік жолға түсуді басты бағыт ретінде ұстанып, еркіндік пен теңдікке жетуге талпынды. Бұл бағытта, қазақтың тұңғыш баспасөзінің атқарған міндеті өте жоғары болды. Бұл – ұлттың қайта өркендеу, тұтастану һәм бірігу кезеңі еді. Осы жолда алғашқы ұлттық басылымдар тарихи міндетін адал атқарып, соңына дейін ұлттық бағыттан ауытқымады.
XIX ғасырдың екінші жартысында Ташкентте шыққан «Түркістан уалаяты» газеті (1870–1882) мен Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінің (1888–1902) мақсаты көбінесе патша жарлықтарын жергілікті ұлт тілдерінде түсіндіру және насихаттау болса да, қосымша беттерінде қазақ халқын оқу-білімге, өнер-ғылымға үндеу жазбалары да жазылып тұрды. 1905 жылы бірінші орыс төңкерісінен соң, баспасөз еркіндігін пайдаланған қазақтар жеке ұлттық газет шығару ісін қолға алды. Олардың қатарында алғашқы қазақ ұлттық баспасөзі «Серке» газеті жарық көрді. Көп ұзамай газет беттерінде жарияланған ұлттық сипаттағы жазбалар себебінен, газет цензураға ұшырап Петербор қаласының полициясы газеттің шыққан нөмерлерін тәркілеп, газет жабылды.
XIX ғасырдың екінші жартысында Ташкентте шыққан «Түркістан уалаяты» газеті (1870–1882) мен Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінің (1888–1902) мақсаты көбінесе патша жарлықтарын жергілікті ұлт тілдерінде түсіндіру және насихаттау болса да, қосымша беттерінде қазақ халқын оқу-білімге, өнер-ғылымға үндеу жазбалары да жазылып тұрды. 1905 жылы бірінші орыс төңкерісінен соң, баспасөз еркіндігін пайдаланған қазақтар жеке ұлттық газет шығару ісін қолға алды. Олардың қатарында алғашқы қазақ ұлттық баспасөзі «Серке» газеті жарық көрді. Көп ұзамай газет беттерінде жарияланған ұлттық сипаттағы жазбалар себебінен, газет цензураға ұшырап Петербор қаласының полициясы газеттің шыққан нөмерлерін тәркілеп, газет жабылды.
1910 жылы Мұхаметжан Сералин мырза «Айқап» журналын шығару ісін қолға алды. Журналдың алғашқы сандарының өзінде «Айқап» журналының атауы туралы журналдың басқарушы һәм бастырушысы Мұхметжан Сералин бас мақаласында былай дейді: «Журналымызға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінгенде болар, түсінбегенде табылар. Біздің қазақтың «Айқап» демейтұғын қай ісі бар?! ...«Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң жорналымыз да өкінішке лайық «Айқап» болды» деп, журналды шығару үшін қаламға жармасқанын, мақсаты атақ шығарып білім сату емес екенін, журналға басылуға жіберілген сөздер қазақша, ноғайша, орысша, түрікше болсада қабылданатынын айтады. Алғашқы жылда «Айқап» жұрттың көпшілігін қазақша журнал оқуға үйір қылды. Қазақша ойлауға, ойлаған ойын қазақша жазуға хат танитын жұртті үйретіп, ұлттық баспасөзге үйір қылды. Журнал ең өзекті болған мәселенің бірі – жер әңгімесі жайында азды-көпті жұрттың ойын қозғауға себеп болды. «Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық, басымыз қосылмады. Қолайлы жер қолдан кетті «Қап! Ынтымақсыздығымыз-ай!» – дедік» («Айқап». №1.1911). Сонымен қатар журнал беттерінде народный сод, балаларды оқыту, сайлау туралы сөз қозғады. Алатау етегіндегі ұлы жүз ұрпағы мен Жайық жағасындағы кіші жүздің талапкерлерін таныстыруға себепші болды. Қазақ халқына керекті: тіл мен жер, народный сод пен әйел мәселесі, оқу һәм оқыту «Айқаптың» алдымен қолына алған кеңестері болды. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қазақтың өкпесі» атты жазбасында: «Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кер басқан. Ханы надан, халқы надан жұрт, мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек. Ол күш – алтыбақан, алауыз қазақта болмаған. Хан басын қарашаға теңеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алмайтұғын болған соң, хандарымыз халқымен Росияға қараған» дейді («Айқап». №2.1911). Журналда қазақ халқының Ресейге қай уақыттан бастап қарағанынан бастап, жерінен айырылған, есе теңдігі кеткен аянышты халдерін сипаттап жазып, оқу-білім, өнер-ғылым арқылы өзге жұртпен теңесуге, ұлттық бірлікке шақырды. Мағжан Жұмабаев өзінің «Жатыр» өлеңінде «Кең жері күннен күнге құрып жатыр, Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр» деп, «Сұр жыланның» кесірінен қазақ жерінен айрылып, құрып бара жатқанын, артта қалғанын жырға қосады.
Бұл кезде «Айқап» журналымен қатар Ордадан «Қазақстан» газеті (1911–1913) де ұлттық баспасөздің қатарын толықтырды. Алғашқы екі саны Хан Ордасынан шығып, қалған сандары Орал қаласынан басылады. Газеттің алғашқы саны Елеусін Бұйринның бастамасымен 1911 жылы 16 наурызда жарық көрді. Газет демократиялық бағытты ұстанып, ұлтты ұйысуға, ұлттық баспасөзді қолдап, ғылым-білімге ұмтылуға, жұртты бірлікке үндеді. Газеттің «Қазақстан» атауы да терең тарихи мәнге ие, ұлттық бірігуге үндейтін ұран іспеттес ұғым еді. «Айқап» журналы «Қазақстан» газеті туралы «Ал жұрт! Ендігі кезек сіздерде шығарылған газетті жазылып алдырып оқып, газеттің жылғы расходын өтесеңіздер газет тоқталмай шыға барар; алмасаңыз әлбетте тоқтап қалуы анық. Талапкер жастарымыз да кінә қалған жоқ. Ендігі кінә жұрт өз мойындарыңызда қалар. Газетке жәрдем етіп көбірек жазуға тырысыңыз» («Айқап». №4.1911.) деп, басылымның ғұмырлы, оқырманы көп болуына ізгі тілектерін білдіреді. Газетте негізінен қазақ құнарлы жерінен айырылып қалмас үшін отырықшылық бейімделу керегін, өзге жұртпен теңесу үшін оқу-ағарту ісіне баса мән берілуін, жаңа кәсіп істеу үшін өнер білім жетілдіруін, еркіндікке ұмтылу үшін мәдениетті жұрттан үйрену керектігін һәм тұтынушылар корпорациясын құру мәселелерін көтеріп, жер тұтастығы мен ел бірлігін басты назарда ұстады.
Көп ұзамай ұлттық баспасөз қатарына қазақтың алғашқы жалпыұлттық басылымы «Қазақ» газеті де қосылды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен 1913 жылы 2 наурызда Орынбордан алғашқы саны жарық көріп, тарала бастайды. Газеттің алғашқы бас мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Әуелі газета-халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Екінші, газета- жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе. Үшінші, газета – халыққа білім таратушы, Төртінші, газета – халықтың даушысы. Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтар газета арқылы халықты сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзiн шұқытпасқа тырысады. Газетаның пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газета, журналдары көп» деп, газеттің халық тұрмысы, ұлт бірлігі үшін аса қажетті екенін айтады.
Ұлты үшін қызмет ету ниеті бар әрбір азамат шамасына қарай жұмыстың жеңіл және ауыр түріне қарап, әліне қарай пайда келтіруі керек екенін айтады. «Жадымызда болсын! Аз нәрсе көпке себеп болмақшы. Сол демеу, зорға сүйеу болады. Ұлығ iс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады» ұлы істер істеу үшін кішкене істерден бастап, Абай Құнанбайұлы айтқандай әркім өз орнына барып «Керпіш» болып қаланса, қазаққа орда болар үлкен үйге айналады деп түйіндейі. Соңында: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына мiндет» («Қазақ» газеті. №1. 1913). Осылайша, қырғыз атанып жүрген қазақ жұртының есімін өз санасында қайта жаңғыртып, ұлттық бірігу мен тұтастыққа жету жолын баспасөз арқылы жұртқа ұғындыруға қам қылады.
Ұлттың бірігуі мен жеке отау құрып, ордалы жұртқа айналу бағыты газет беттеріндегі жазбалардан сырт, оның бас бетіндегі ишаратынан да көрініс тапты. «Қазақ» газеті өзінің төртінші санынан бастап бас бетінде киіз үй пішіндес эмблемамен жарық көріп, 1918 жылы шыққан №266 санына дейін (қазіріге дейін зерттеушілер қолына түскен соңғы саны) еш өзгеріссіз жарияланып тұрды. «Мұндағы киіз үй, киіз туырлықты қазақ халқы: үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік – жарық кіретін жол, есік – түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есік еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым меңзелген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті, қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында газет қызмет етсін, сырттан келер қазаққа жамандық болса, күзетші орында газет қызмет қылсын делінген еді. Сөйтіп, «Қазақ» газетінің тұтқан жолын басындағы эмблемасымен (ишарат) көрсету үшін газет басына үй суреті қойлған еді». («Қазақ» газеті. №258. 1918). Газет бұл көздеген мақсат-мұраты жолында өз миссиясын адал атқарды. Газет беті арқылы алғашқы қазақтың «Алаш» саяси партиясының бағдарламасы жарияланды, «Алашорда автономиясы» ұлттық үкіметінің ресми тілі болды.
Ұлттық баспасөздің күшін еркін пайдаланған қазақ оқығандары газет беттерінде әр түрлі саяси сараптамалар жариялап тұрды. Тіпті кейбір цензураға ұшырап, газет шығарушысы Ахмет Байтұрсынұлын абақтыға жабу немесе айыппұл төлеу сынды ескертулер беріліп тұрды. Кейбір бас мақалалар басылмай, газет беті ақ күйінше таралды. Осындай қиындықтарға қарамастан, бірлікке һәм еркіндікке ұмтылған ұлттың үнін барша жұртқа таратып, халықтың баспасөзге деген қажетін қанағаттандырып тұрды.
1914 жылы басталған Бірінші жаһан соғысы қазақ қоғамына да өз әсерін тигізбей қоймады. 1915 жылы қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» жабылып қалды. Аптасына екі мәрте шығып тұрған «Қазақ» газеті де аптасына бір мәрте шығатын болды. Бірақ газет бетінде елдікке, бірлікке шақырған жазбалар үздіксіз жарияланды. Мұқтаж шәкірттер үшін түгел жұрт болып, ақша жинап көмек көрсетті. Білім мен ғылымнан сусындаймын деген қазақ шәкірттеріне ақшалай көмек жасаған мұндай кісілерді «медеткер» деп атап, арнаулы алғыс білдірді. Бұл да болса қазақтың елдігіне, бірлігіне, туыстығына арқау болатын ізгі іс еді. Шетел қазақтарының да жағдайына мән беріп, үнемі қолдау көрсетуге тырысты. Шетел қазақтары да газет-журналдарға көмек қоладрын созып, алаш идеясымен үндес болды. 1916 жылы қара жұмысқа адам алу туралы шыққан «25 иүн патша жарлығының» соңы үлкен халықтық наразылыққа ұласып, Жетісу мен Торғайда ірі көтерілістер болғаны мәлім. Жетісу халқы қытайға ауып, ашаршылыққа ұшырады. Бұған көмек ретінде «Қазақ» газеті басқармасы бүкіл халықтық көмек жинау және аш-жалаңаштарға қамқорлық жасау туралы үндеулер жариялап, өз әлдерінше көмек көрсетті.
1917 жылы ақпанда патша тақтан құлап, монархиялық билік жойылған соң, газет беттерінде жеке ел болуға кеңес құру, тұтас ұлттық партия құру, жеке автономиялы ел болу мәселелері кеңінен талқыланды. Апрель айында Орынборда сьез өтіп, бұл туралы газетте «Қазақ халқының тұңғыш сиезі» деп басылды. Сьез – Орал, Торғай облысы қазақтары үшін делінсе де өзге облыс һәм қалалардан келгендер көп болды. Ақмола, Семей, Сырдария облыстары, Бөкей, Орынбор губернелерінен, Қазан, Уфа шаһарларынан келгендер де болды. Бұлардан өзге сьезге Торғай облысына Жаңа үкімет тарапынан кәмисар сайланған Әлихан Бөкейхан келді. Жалпы сьезге қатысушылар 300 шамалы болды. Сьез басталарда қазақтар Губернатор переводчигі Мұқамедияр Тұнғаншинды қуып шығады. Сьездің Председателі болып – Ахмет Байтұрсынұлы сайланды. Бұл сьезде: жалпықазақ сьезін шақыру, Мәскеуде болатын мұсылман сьездеріне кісі жіберу, жер мәселесі, дін һәм оқу мәселелері қатарлы 13 түрлі мәселе қарады.
Көп кешікпей Мәскеудегі жалпы мұсылмандар сиезіне Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Ғұмар Қарашев, Уалидхан Танашев бастаған 30-ға жуық қазақ өкілі барып қатысады. Арасында қазақтың алғашқы дәрігер қыздарының бірі – Аққағаз Досжанқызы да болды. Сьез Мәскеуде 1917 жылы 1-11 май аралығында өтті. Кей деректерде сьезге 800 ден аса өкіл қатысты десе, кей жазбаларда 900 жуық дейді. Сьезден хабар тарату үшін Мәскеу мен Петербордағы ағылшын және Американ журналистері де қатысқан-ды. Қазақтар арасынан ұлттық дербес автономия алу, әйелдер мәселесі туралы Жиһанша Досмұхамедов сөз сөйлейді.
Орынборда Бірінші жалпықазақ сьезі (21–26.07.1917) шақырылады. Негізі жалпықазақ сьезін август айында өткізбек болып жоспарланған еді. Саяси жағдайларға байланысты Құрылтай жиналысына тез арада депутаттар жіберу үшін тез арада сьез шақыруға мәжбүр болады. Сьезге Петербордан Жаһанша Досмұхамедов пен Уалидхан Танашев мырзалар да келіп жетеді. Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам қазақ өкілдерінің қатысуымен өтті. Бірінші жалпықазақ сьезінің күн тәртібіне сол тарихи кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне қатысты 14 мәселе қойылды. Бұлардың ішінде: Мемлекеттік құрылыс, Қазақ автономиясы, Оқу мәселесі, Қазақ саяси партиясы мәселелері қызу талқыға түседі. Сьезде қаралған мәселелер газет беттерінде басылып, жұртқа жарияланып тұрды. Бұл уақытта қазақ тілінде Ташкентте «Бірлік туы», Семейде «Сарыарқа», Ордада «Ұран» газеттері «Қазақ» газетінің либералдық бағытын ұстанып, ұлттық тұтастық пен жеке автономия болу мәселелері туралы хабарлар басып тұрды.
Қазақтың жеке автономиялы ел болуы һәм оның тағдыры шешілген Екінші жалпықазақ сьезі Орынборда (5-12.12.1917) шақырылып, өтті. Сьезде қаралған мәселелер ауқымды болды. Мұнда қазақ-қырғыз өзін өзі басқаратын жеке ел, дербес жұрт болу үшін автономия алу мәселесі қаралды. Сьезде мұнан кейін қаралған маңызды мәселенің бірі – бүліншіліктен халықты қорғау үшін милиция құру жайы болды. Бүкіл Алаштан сьезге 81 өкіл келді. Сьезде қаралатын мәселелердің ұлттық һәм тарихи маңызы зор болғандықтан, өкіл емес кісілер де көп келді. Барлығы 200 ден аса адам жиналды.
Алаш ұранды қазақ-қырғыз жұртының тілегі мен тағдыры туралы кеңес тоғыз күнге созылды. Белгілі зиялылар, ардақты ақсақалдар, ұлтшыл жас-тар, діндар молдалар түгел жиналды. Күн тәртібінде 10 мәселе қойылып, талқыланды. «Уақыттың көбін автономия мәселесі алды. Бұл туралы өкілдердің пікірі екіге айырылды: бір жағы автономияны күні бүгін ресми (жұрт атынан бүкіл дүниеге) жария қылуды қуаттады; екінші жағы милициямызды құрып қамданғанша һәм арамыздағы көрші орыстармен сөйлесіп келіскенше ресми иғлан етуді тоқтата тұралық дейді. Ақырында екі жақ келісіп, қазір өзара автономия алдық делік, ал ресми жария қылуды сиез атынан сайлап қалдырған қазақ-қырғыз ісін басқарушы 15 кісіге тапсыралық дегенге тоқтады. Қазір Россия жүгенсіз кетіп, хәкімшілік жығылғандықтан бұл 15 кісі біздің Уақытша Хүкіметіміз есебінде болсын, «Алаш Ордасы» аталсын деді» («Сарыарқа» газеті. №27. 2 январь 1918). Осы жалпы қазақ сьезі тарарда, Сырдария қазақтары менен Алаш автономиясы иғлан етілгенше сөйлесуді жөн көріп сьез атынан Сырдария қазақтарыменен сөйлесу үшін Бақыткерей Құлманов, Міржақып Дулатов, Тұрағұл Құнанбаев үшеуін делегат етіп сайлады.
1918 жыл январдың басында Түркістан шаһарында Сырдария қазақ-қырғыздарының сьезі болды. «Алаш Ордасынан» 3 адам, жалпы 82 өкіл қатысып 8 түрлі мәселені талқылайды. Оның бірі – Сырдария қазақ-қырғыздарын «Алаш» автономиясына қосу туралы еді. «Алаш Орданың» орталығы Түркістан қаласы болу мәселесі де қаралады.
1918 жылы қаңтардың соңы Орынборды большевиктер алып, «Қазақ» газеті редакциясын жауып тастайды. Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш көсемдері Семейге кетуге мәжбүр болды. Семейде тұрып, Сәбет үкіметімен келіссөздер жүргізе бастайды. Март айының басында, Сәбет үкімет мен Алашорданың арасындағы келісімнің жауабы ретінде 11 шартты қаулыны «Сарыарқа» газетінде жариялайды. Соның біріншісі: «Декабрьдің 5-нен 13-не шейін Орынборда болған жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялаймыз!» («Сарыарқа» газеті. №35. 22 март 1918). Осылайша Қазақстанның батыс, солтүстік һәм шығыс бөліктерінде Алашорда өз билігін жүргізді. Алаш әскерін жасақтап, көпшілдермен (болшевиктер) соғысты. «Алашорда жарлығы бойынша Орал облысынан екі мыңнан артық қазақ әскері жиылды. Бұларға Самар комитетінен 2 мың мылтық, 38 пулемет, 2 зеңбірек, 2 автомобиль алып берілді» («Сарыарқа» газеті. №57. 12 октябрь 1918).
Алашорда Америка және Жапониямен байланыс орнату үшін Қиыршығысқа өз өкілдерін жіберді. Семейдің обласнойземствасы декабрдің бас кезінде қиыр күн шығыс жаққа барып, елге керек-жарақ, кездеме сатып әкелу үшін обласнойземстваның председателі Райымжан Мәрсековды жіберді. Реті келсе, Райымжан шет мемлекеттердің саудагерлерімен қатынас қылып, бұлды солардан алмақ һәм қазақтың өлі малын саудалап өткізбек («Сарыарқа» газеті. №63. 25 декабрь 1918). Қиыр шығысқа бірнеше рет Алашордаға қажетті заттар мен керек-жарақтар үшін барып қайтады. Владивостокке земства мен алаш шаруасын ұлғайтып көркейтетін ұйымның атынан уәкіл болып кеткен Райымжан Марсеков жақында саламат қайтты («Сарыарқа» газеті. №75. 4 апрел 1919). Ал Жетісудағы Алаш әскері 1919 жылдың соңына дейін әртүрлі қарулы қақтығыстар мен соғыстарға қатысып, соңында Кеңес үкіметінің кешірімімен келісімге келеді. Осылайша, Алаштың ұлттық автономия құру жолындағы талпынысы бейбіт келісім арқылы жүзеге асып, Кеңес үкіметі Алашордаға кешірім жариялап, Алашорда таратылады. Алашорда мүшелері әр түрлі қоғамдық, оқу-ағарту, мәдени-рухани салада жалғасты қызмет атқара береді. 1920 жылы 26 тамызда Қазақ Автономиялы кеңестік Республикасы құрылып, 6 қазанда жарияланады. Қазақ республикасының 1936 жылы одақтас Республика мәртебесіне ие болса, 1990 жылы Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Тәуелсіздікке талпынудың бүл үрдісінің түпкілікті нәтижесі – 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында жеке дербес мемлекетке айналды.
Абай МЫРЗАҒАЛИ,