Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайталанбайтын Қожықов

Қайталанбайтын Қожықов

Тізгінқағар: Алдымен бас кейіпке­рімізді кейіптеуге барар жолдағы мына бір баянға назар аударған жөн-ау.

Қайшыға түскен «Қыз Жібек»

Тоқырау тұсында қазақ ғылымы, өне­рі мен мәдениеті қанша қысастық көрсе де, ұлт болмысы мен рухын бә­сең­детпеу жолында жасалған жаңалық (сен­сация) дейтіндей жағдай болып жатты. Тіпті бертіндегі социализм әбден кемелденіп болды деген кезеңдегі елді елең еткізіп қана қоймай, есін шығара қуантқан үш уақиғаны айтпасқа болмайды. Олар – «Қазақ совет энциклопедиясы», «Қыз Жібек», «Дос-Мұқасан».

Энциклопедияны қолға алғанда Мұ­хамеджан Қа­­ратаев Диме­­кеңе сыпайы ғана: «Энциклопедия көрінгенді көңіл­жықпастыққа салып шығара беретін құрмет тақтасы емес», депті. Қазақы қауіп­тің алдын алу үшін Димекеңді кү­ніл­гері құлаққағыс етіп, қорған болуға біл­дірілген емеурін ғой. Осындай талап «Қыз Жібек» пен «Дос-Мұқасанға» келгенде де қатаң сақталды. Соның арқасында ұлт рухын биік сана деңгейіне алып шыққан туындылар өмірге келді. «Дос-Мұқасанның» шет жұрттағы, ел ішіндегі концерті аншлагпен өтті. Тіпті Жамбылдағы концертінде билет жетпей, студенттер «өнер халықтікі» деп плакат ұстап ереуілге шықты. Бұл тәртіпсіздік Орталық комитеттің бюросында арнайы қаралып, Қонаев жастарға араша түскен. «Дос-Мұқасанның» ізімен облыстарда вокалды-аспапты ансамбльдер көбейе бастады. Тіпті өзбектер намыстан өле жаздап «Ялланы» шығарды. «Қыз Жібек» неге бірден халық сүйіспеншілігіне бөленді? Оның жұмысына сол тұстағы қазақтың қаймақтары мен қаспақтары бірі қалмай жұмылдырылды, яғни ұлттық элита жабылды. Есесіне талай бұлақтың көзі ашылды, ұлттық киноға шабысы бөлек жаңа бір шоғыр келді.

Қазақ киносы күні бүгінге дейін сол «Қыз Жібектің» деңгейіне жеткен жоқ деген пікірдің әлі де жаны сірі. Бұл пікір шындыққа жанасады. Ду­лат Исабековтің «Құдай сақтап «Қыз Жібектің» бұрынырақ түсірілгені қандай дұрыс болған. Қазір түсірілсе қайтер едік?» деген қаупі де негізсіз емес. Осынау теңдесі жоқ ұлттық, халықтық шедеврдің «кемелденген» қоғамның қайшысына түсіп, қидаланған нұсқасының өзі де әбден рухани шөліркеген халықтың арман-аңсарын қанағаттандыруға молынан жетіп жатыр еді. Алдымен әңгімемізге тұздық болсын, Бекежан-Асанәлі Әшімұлының мына бір лепесіне ден қояйық.

– Саптыаяқтан қарауыл қойған заманда ұлт рухын аспандататын фильм түсіру қайдан оңай болсын, – дейді Асағаң. – Ол күндерде бір шеге шығару үшін де Мәскеумен ақылдасатын еді ғой. Бақылау өте қатаң болды. Әсі­ре­се өнерге келгенде. Әу баста «Қыз Жі­бекке» рұқсат алудың өзі қан­дай азапқа түссе, одан экранға шығар кездегі аса қырағы кеңестік цензура­ның екі шоқып, бір қарауы бүткіл түсірілім тобының жанкешті жұмысын жоққа шығарумен бірдей еді. Әсіресе батальдық (соғыс) көріністерге қатты шүйлікті. Бекежан бастаған қазақ қолының қалмақ Ко­рен жасағымен алапат айқасы аяусыз қидаланды. Оның себебі, қазақ жаса­ғының саны орыс фильмдеріндегі, мәселен, «Александр Невский» жасағы­нан көп болып кеткен. Осындай ұлы орыстық шовинизмнің арқасында бір ай бойына Іле бойында түсірілген қазақ-қалмақ соғысы тұтасымен алынып тас­та­лып, оның орнына Бекежанның бірлі-жарым адаммен алысқан әлсіз қимылдары ғана қалдырылды. Сөйтіп, Мәскеудің жер қайысар қалың қолдан зәре иманы ұшты. Менің әу бастағы мақсатым – Бекежанды ұрда-жық, даң­ғой, тіпті қанішер емес, сүйе де, күйе де білетін, елді айтпағанда өз келешегі үшін күрескер, нағыз елжанды, терең ойлайтын қаһарман ретінде көрсеткім келді. Солай жасадым да. Фильм шыққаннан кейін Бекежан Төлегенді біраз тықсырып жіберіпті, Төлеген аса шықпай қалған деген бір бөстекі пікірлер де болды. Бекер сөз. Қайта бұл аға мен іні арасындағы түсіністік, сыйластыққа құрылып, өзін ақтаған көріністер еді. Айтқандай, мәскеулік «мықтылар» да осы пікірді негізге алып, басбұзар Бекежан әдепті, ибалы Төлегенді басып кетпеу керек деп, екі батырдың арасындағы тартымды сәттерді жұлмалауға кіріспекші еді, әйтеуір әупіріммен қалды. Сонан кейін фильм соңындағы Жайыққа ағып бара жатқан Жібектің желегінде зор символдық мағына бар еді. Ол «егер ауызбіршілік, ынтымақ болмаса, сырттан сұқтанған жау сенің еліңді, жеріңді мына желектей быт-шыт қылып жыртады» деген ишара болатын. Керісінше, ол идея көрерменге жетпеді. Жайықтың бо­йында масайрап тұрған Корен қалмақты қалдырды. Бүгінде сол қидаланған кадрлардың сақталмауы өзек өртейді. Қайран Сұлтекең қан мен терін берген сол көріністерді сақтап қаламын деп қанша жанталасқанымен, тіпті өміріне қауіп төнетін болған соң қойды ғой. Жалпы, фильмдегі рөлдерге актер таңдауда қателесу, фальш болған жоқ. Бәрі өз рөлін аса жоғары кәсіби деңгейде атқарып шықты. «Қыз Жібек» дегенде, әрине көпшілік Сұлтекеңді, Сұлтан Қожықовты алдымен ауызға алады. Сұлтекең сұрапыл еді ғой. Әу баста менің Бекежанға түсуіме аса бейілді болмады. Фильм барысында жақсы түсіністік. Кинода режиссер мен актердің бір-бірімен түсінісіп жұмыс істегенінен артық бақыт жоқ. Бұл тұрғыдан қарағанда жарықтық Сұл­текеңнің еңбегі зор. Түсірілім кезінде Әнуар, Құман үшеумізді киіз үйде қасына алып, көзден таса етпей тәртібімізді қатаң бақылауға алды. Жаспыз ғой, түнде қыдырыстағымыз келеді. Сәл бұлталақтасаң, «Жатыңдар, ертең съемка» деп тырп еткізбейтін. Бірде оянып кетсем, Сұлтекеңнің алдындағы ыдысы темекіге толған, қалың ойға батып отыр екен. Көп уақыт ояу жаттым. Сұлтекең кірпік ілмейді.

Асағаңның айтқанындай бар, оның ұлт рухының күзетшісіндей болып көз ілмеген түндер, жүрегін қолына ұстап жанкешті жұмыспен өткен күндері болмаса, «Қыз Жібек» туар ма еді? Ұлт руханиятына өлшеусіз табыс әкеліп, қазақ атын аспандатқан туынды жасаған ұлт суреткерінің бізге мәлім, беймәлім деректер арқылы жеткен кадрдан тыс өмірі қалай өріліп еді?

Ол соғысқа 18 жасында аттанды. Бұл бәрiмiзге сол кездегi ортақ Отан үшiн күрес едi. Оны бiрнеше жыл өткен соң, бұ­дан да зор ұлт үшiн күрес күтiп тұрды. Бұл жөнiнде сәл кейiнiрек. Даңқты 8-гвар­дияның Панфилов дивизиясының құра­мында Мәскеуден Балтық теңiзiне дейiн­гi аралықта майдан жолынан өттi. Қа­тардағы сарбаздан гвардия капитанына дейiн өстi. Ол қазақ өнерінің бір дәуіріне айналған Қожықовтар әулетiнiң сүт кенжесi едi. Жеңiс туы желбiрегенде жүрегi атқақтап: «Аяулы апа! Бiз жеңдiк. Сене алар емеспiз. Соғысқа нүкте қойылды. Ең бастысы, бiздiң сенiмiмiз бiздi жеңiске жеткiздi. Бұйыртса, таяуда елде боламын. Қатты қысып сүйдiм», деп елге сәлем хат жолдағаны да бар.
 
Актерді арқалаған академик

Ол ешқашан «Мен соғыстым. Осынша марапат, атақ алдым» деп кеу­де қақпады. Тiптi соғыстың болғанын да ұмытып кететiн. Оның мiнезi тiк, бiрбеткей едi. Әдiлетсiздiк атаулыға жаны шыдамайтын. Осы мiнезi турасында фильмде режиссердiң ассистентi болған Болат Шәрiп бір естелігінде: «Никита Михалков айтқандай, «Режиссура ең алдымен мiнез, шығармашылық жөнiнде сосын айтуға болады» деп еді.

Қазақ руханияты тарихында «Қыз Жiбек» көркем фильмiнiң алатын орны жөнiнде айтсаңыз, әңгiменiң ұшы-қиырына жетпес едiңiз. Мұндай ғажайып ғасырда бiр туар, не тумас! «Қыз Жiбек» фильмi түсiрiледi дегеннен ел елеңдескен. Алайда халықтың соншалықты сүйіспеншілігіне бөленген осынау ұлттық классиканы түсiрудiң қаншалықты бейнетке түскенiн де бiреу бiлсе, бiреу бiлмес, әрине.

«Қыз Жiбектiң» дүние есiгiн ашу тарихы қысқаша айтқанда былай:

Сол кездегi «Қазақфильмнiң» директоры, қазақ мәдениетiнiң, оның iшiнде киноның дамуына зор үлес қосқан Камал Смайылов Мәскеуге үш сценарий апарған. Оның бiреуiн жаратпаған. Бұл жаратпаудың соңы «Қазақфильмнiң» бiржылдық бюджетiн жұтатып кетiп едi. Бұл ретте Ғабит Мүсiреповтiң кино сценарийi «Гәкку» жөнiнде әңгiмелеген дұрыс.

Бұл сценарий «Лениншіл жасқа» жарияланып, халықтың талқылауына ұсынылды. Кейінірек Ғабең студияға келіп, өз даусымен сценарийді оқып береді. Қашанда қалғуды білмейтін қағілез Камал Смайылов тарихи сәтті қалт жібермей, таспаға көшіртіп алады. Өкінішке қарай, бұл таспа да әлі күнге табылған жоқ.

«Қыз Жібек» – жылдар бойы бір рухани серпілуді күтіп жатқан халық­тық арман-аңсарды, ұлы мейірім-шап­қат­ты жаһанға жария еткен фильм. Фильмнің қоюшы режиссері, атақты Александр Довженконың шәкірті Сұлтан Қожықовтың ел ішіне шығып жәдігерлер жинау кезінде халық керемет белсенділік танытты. Басқасын былай қойғанда, жиырмаға жуық ер-тұрман жиналды. Соның ішіндегі күміс жүгенді Құранды ер көз жауын алғаны сондай, ол Төлегеннің атына лайық деп танылды. Бұл ер Олжас Сүлейменовтің Алматы облысындағы ауылдардың бірінен арнайы сатып алған, өз коллекциясында тұрған дүние болып шықты. Өмір қызық, тосын сыйға да толы ғой. Осы экспедиция Алматы облысының Нарынқол ауданында болғанда Сұлтекеңе қолды аяққа тұрмай қолғабыс жасап, ақсақалдармен кездестіруге дейін ұйытқы болған қара бала бүгінде аса танымал журналист Жанболат Аупбаев еді. «Тырли арық» қараның қабілетін сол кезде тап басып танып, математик болмақ арманын осы жолға бұрған да ұлы режиссер. Жәкең сол күндерді үнемі елжіреп еске алады. Ол жөнінде «1001-ші мақала» атты эссемде жеткілікті жаздым.

Енді мына бір ғажап деректі қалай ұмытуға болады? «Ел бірлігі деген сөз ұялай­ды ішіме» деп дүр сілкініп отыратын Сырлыбай бейнесін сомдаған Кенен­бай Қожабековті фильм біткенше арқалап жүрген бір бала бар. Ол күні кеше өмірден озған атақты академик Өмірзақ Айтбаев болатын. Бұл – «Қыз Жібектің» халқымен тезірек табысуын жақындатып, күн-түн қалғымаған ел тілеуінің, ұлы мейірімінің титімдей көрінісінің бірі. Осылайша, Жібек пен Төлеген махаббатының тарихын фильмге түсіру әп дегеннен халық қолдауына ие болды.

Тағы да тасада қалмауға тиісті бір дерек былай сөйлейді. Фильмде ат үстiнде қуаныштан жүзi қанкөбелек ойнап келе жататын Жiбек қолындағы, мойнындағы, бiлегiндегi сәндi бұйым­дарын лақтыратыны бар едi ғой. Бұл заттар жай жылтырақ (бутафория) емес, шын мәнiндегi күмiстен жасал­ған әшекейлер едi. Сондай-ақ көбіміз бiле­тiн мына бiр оқиға да керемет емес пе? Зообақтан аққуларды алып кел­генде оларды суға жiберiп, билету қиынға түседi. Оның орнын қаз­бен ауыс­тыруды да ойлайды. Ақыр соңын­да Н.Тiлендиевтiң «Аққу» күйi орын­­далғанда аққулар таранып, билей жөне­ліп, бiртiндеп жағаға жақындайды.

Кино тобының жұмысы таңғы сағат алтыда басталып, түннiң бiр уағына дейiн созылады. Ғажайып табиғат аясында киноэкспедиция мүшелерi күнiне 30-40 шақырым жаяу жүрiп отырған. Лагерьге түнгi он екiде оралысымен, келесi күннiң сюжетi, түсiрiлiмi туралы әңгiме қайта басталады. Қожықовтың қаталдығы мен талапшылдығы туралы аңызға бергiсiз әңгiменiң де тарайтыны осы кез. Тiптi ең жүйрiк, асау атқа Сұлтан деген атау берiптi. Қысқасы, фильм түсiрiлмей жатып, ол жөнiндегi әңгiме аңыздай тарады. Бiр серияға бөлiнген 850 мың рубльдiң орнына 650 мың рубль бөлiнiп қысым көрсетiлдi. Ғабит Мүсiрепов сценарийдi қысқартудан бас тартты, ал Қожықов кадрларды ықшамдап, басқаша импровизацияға көштi.
 

Жиырма сөгiс

Бұл әңгiме Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Қонаевқа жетiсiмен жедел тапсырма берiлiп, киностудия директоры Камал Смайылов қуана-қуана тағы да қосымша 250 мың рубль бөлдi. Дей тұрғанмен, үлкен форматты екi сериялы фильмдi аяқтау үшiн бұл қаражат та жеткiлiксiз едi. Ақыр соңында пленканы үнемдеуге тура келдi. Фильмдi түсiру барысында Қожықовқа 20 рет сөгiс берiлiптi. «Қазақфильмнiң» әр жиыны «Қыз Жiбекпен» басталып, «Қыз Жiбекпен» аяқталды. Уақыт өтiп барады, кешiгу, пленкалар шығыны шашетектен кетiп жатыр, т.б. Бүгiнгi күннiң тiлiмен айтсақ, осының бәрiн продюсердiң ерлiгiне балаймыз. Ал ол тұста ұлттық дүние жасау иненiң үстiнде отырғанмен бiрдей едi. Алайда сол кездiң өзiнде Сұлтекең Төлегеннiң эпикалық кейiпкер екенiне қарамастан шашының қысқа емес, қайта ұзынырақ болуын қалаған. Өйткенi режиссер сондай кескiнде кейiпкердiң жас­тар аудиториясына жақындай түсетiнiн ойлаған және ол ойы дұрыс шықты. «Қыз Жiбек» бюджетке екi есе пайда түсiрдi. Халық оны тiк тұрып қарсы алды. Тіпті Алматыдағы «Целинный» киноте­атрын­дағы алғашқы көрсетіліміне жұрт есік-терезені талқандап кірді.

«Қыз Жiбек» түсiрiлiп бiткеннен кейiн Қожықов дұшпанына да тілемес күйзелiс күйiн кештi. Небәрi 46 жастағы режиссердiң шашы бурыл тартып, 10 жасқа қартайып кеттi. Фильмдi монтаждау кезiнде инфаркт алды.

Фильмдi көркемдiк кеңес қабылдарда зал кiсiге лық толды. Алғашқы болып сценарий авторы Ғабит Мүсiрепов сөз алды. Бұған дейiн режиссер мен сценарийшi арасында қатаң әңгiме болған едi. Осының бәрiн еске ала келе классик қаламгер «Естерiңiзде болар, мен кезiнде фильмдi тәуiр дегеннiң өзiнде қолдамаңдар дегенмiн. Ал ендi бүгiн Қожықовтың ғажайып фильм түсiргенiне көзiм жетiп отыр», дедi. Фильмде режиссердiң ассистентi болумен қатар, стенографист қызметiн атқарған Болат Шәрiпов жазушының осы сөзiн қаттап жазып қойыпты.

«Қыз Жiбектiң» даңқы алысқа кеттi. Оны көптеген ел сатып алды.

Жiбектiң анасын сомдап, фильмнiң суретшiсi болған Гүлфайруз Ысмайылова сол күндердi былайша еске алады.

– Бельгия киноинститутында «Қыз Жiбектiң» көрсетiлiмi болды. Кинодан соң олардың түр-түсi бiртүрлi қашып кеткендей көрiндi. Асанәлi екеумiз қатты толқыдық. Ол маған жалтақтап қарай бердi. Мен «масқара болдық-ау» деп ойлағанымша болған жоқ, сәл паузадан соң барып зал толы көрерменнiң қошеметi залды жарып жiбере жаздады.
 
Ай сайынғы табысы 40 рубль болған

Елдi осындай зор қошеметке бөлеген фильм режиссер тағдырын басқа арнаға бұрып жiбередi деп кiм ойлаған? Ол бұдан кейiн 15 жыл бойына мұндай форматтағы фильм түсiрген жоқ. Бiрде дыбыс режиссерi Қадыржан Қосайға «Менiң ай сайынғы табысым 40 рубль ғана», деп мұң шағыпты.

«Оның үстiнде бiр дұрыс костюмi де болған жоқ. Мемлекеттiк сыйлықты тапсыру кезiнде ескiлеу костюммен келдi», деген Қадыржан Қосаевтың сөзі де еріксіз еске түсіп отыр.

Осынау мәртебелi сыйлықты ол да, отбасы да қажетiне жарата алмады. Керiсiнше, фильмге кеткен пленканың шығынын толтыруға жұмсалған. Жұ­мыс­сыз жүрген күндерi жазған сценарийлер «Қазақфильмнiң» тақырыптық жоспарларына енбеген. Бұл мәселеге бiржақты жауап беруге де болмайды. Бәлкiм, «ой, оны қайтесiңдер, ол эпикалық фильмнiң режиссерi ғой» деген жауаптар да берiлген болуы мүмкiн. Ал эпикалық фильмдерге қазiргiдей ол кезде де аз ақша жұмсалмайтын. Оның үстіне Сұлтекеңнің бірбеткейлігі де көп адамға, әсiресе басшыларға ұнай қоймайтын.

Сұлтан Қожықовтың соңғы жұмысы әйгiлi палуандар Қ.Мұңайтпасов пен И.Поддубный туралы едi. Әу баста сериал етiп жасалмақшы болған бұл туындының тағдыры да тығырыққа тiрелiп, жолы қиын болды. Қажымұқан рөлiне алынған Ә.Бекболатов пен Д.Зо­лотухиндi (И.Поддубный) олимпиа­да мектебiне француз күресiн үйренуге жiбередi. Алайда оны ақшаны орынсыз пайдаланып жатыр деген желеумен тағы да «Қыз Жiбектегiдей» әңгiме өрбiткiсi келгендер болды. Ақырында ол бұл фильм­де өзiнiң ойға алған мақсатын жүзеге асыра алмады. Дұрысы, жүзеге асыртпады. Оның мақсаты Қажымұқанның әлем алдындағы ұмытылмас сом бейнесiн жасау едi. «Қыз Жiбектей» фильм түсiрген даңқты режиссердiң атына бұл оңай соқпады. Ол сол биiктен түспеудi ойлады. Бiрақ жүйе оның даңқын бүркей алмаса да, биiгiнен құлата алмаса да өз деңгейiн бiлетiн оған бұл фильмде одан да жоғары биiкке шығу керек едi. Бiрақ оған жол берiлмедi. Әрине, жүрекке салмақ түстi.

1988 жылдың 10 наурызында сұра­пыл суреткер Сұлтан Қожықов 65 жасқа толды. Ертесiне өмiрден озды.
Биыл ғасырлық мерейтойы аталынып өтіп жатқан бiртуар ре­жис­сердiң әп-сәтте сылып тастайтын соқырiшектен өмiрден озғанын еске алсақ, өзегiң өртенедi. Оның үстiне, жедел жәрдем қызмет көрсетуден бас тарт­қан дейдi. Кiм бiлсiн? Ол да мүмкiн ғой.

Тізгінтартар:
 Қазақтың барша шығармашылық элитасын жұмылдырып, «Қыз Жiбектей» фильм түсiрген адамға да жер басып жүру оңайға соқпаған болар. Дей тұрғанмен де, қолда барда қадiрiн бiлмегенiмiз де рас. Бiрақ бұның бәрi адами өкiнiш болғанымен, ұлт үшiн еш өкiнбейсiз. Өйткенi «Қыз Жiбек» қалды, қайталанбайтын Қожықов қалды. Алтыннан ескерткiш қоятын адам ғой. Ал қазiргi күнi бiз «Қыз Жiбектi» түсiре алар ма едiк. Мiне, мәселе қайда жатыр? Атыс-шабыс, қан жоса триллер, экшн көрiп отырмасымызға кiм кепiл?!
 
Қали СӘРСЕНБАЙ,
29 наурыз 2023 ж. 281 0