Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Байбарыс және Алтын Орда

Байбарыс және Алтын Орда

Мысыр – османдықтар басып алғанға дейін де түркі тұқымдас халықтармен тығыз қарым-қатынаста болған ислам өлкесі. Мұнда алғашқы түрік мемлекетін құрған – Толыпұл (868-905) және Иқшыт (935-969) әулеті. Бірақ Мысыр тарихында мәмлүктердей (1250-1517) сүбелі із қалдырған ешкім жоқ. Аталған кезеңде адамзат тарихында айтулы ісімен көзге түскен талай тұлға болды. Солардың ішінде әз-Зәкір Рухи ад-Дин Байбарыс (қазір тарихшы және тілші ғалымдар сұлтан есімінің осы нұсқасын жөн деп санайды) әл-Бундукдаридың орны бөлек. Ол – Мысырдағы мәмлүк әулетінің негізін қалаушы, белгілі қолбасшы, аты аңызға айналған мемлекет басшысы.

Сүйегі – тарихи мағынадағы қыпшақ. Есін білер-білместен алдымен Сивасқа, одан Алеппоға сатылып, Шам, ақыры Каирдегі теңіз құлдары арасынан бір-ақ шықты. Осынау ұзын бойлы, көзі көк, қараторы өңді, зор дауысты, жігерлі қыпшақ жігітінің қимылы қашанда шалт және әділ болатын. Сол үшін де оны әріптестері сыйлады, керек болса ығысып, қорықты да. Ақыры ол жат елге құл болып келіп, сұлтан болып даңқы шықты. Бұл оның Мысырда 1260-1277 жылдар аралығындағы мәмлүк тағына сұлтан боп отырған ерлік пен күреске толы жанкешті жылдары еді. Шындығында, ол осынау он жеті жылда адам баласы сеніп болмайтын ерлік жасады. Оның бәрін бірдей санамалау – арнайы ғылыми еңбектің үлесі.

Ал біз бүгін Байбарыс бабамыздың таққа отырған жылдарындағы қыпшақ даласы, Алтын Орда хандығымен байланысын ғана сөз етпекпіз.

Мысыр қашаннан бай елдер қатарына жатады. Байлық бастауы – əу бастан тиын­нан тиын сауып, ақша жасау, сауда-саттық. Соған сай бес мың жылдық тарихы бар Каир көшелеріндегі фелмактар немесе араб саудагерлерін əскери қызметке жұмылдыру сол бір ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында өте қиын еді. Өйткені олардың күллі болмыс-бітімі, табиғаты сауда деген сыңар сөзге байлау­лы. Білетіні – сұлтан қазынасына салық түсіру мен өз құлқындарын тойдыру ғана. Қалған саясат, соғыс, ел тағдыры дегенге елең қылмай жорта береді, тіпті қажет деп таппайды да. Ал əскері жоқ ел əуелден талағанның тырнағында, аңдығанның аузында жүретіні бесенеден белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін эюбидтер Қырымнан, тіпті одан да асып, Еділ бойынан тұтқындарды көптеп сатып алатын да, оларды  қатал тəртіппен соғыс өнеріне баулитын. Əдетте əскери қызметші мемлекет қарамағына жататындықтан бұл сынды тауар есебінде сатылып алынған əскерлерді елде бахрит мәмлүктері немесе мемлекет құлдары деп атайтын. Мұндағы «бахрит» сөзі Ніл жағасындағы мәмлүктер өмір сүрген бахрит қамалына байланысты емес, тіптен басқа, теңіздің арғы беті деген мағынаны береді. Ал бахрит мәмлүктері болса, арғы беттен əкелінген құлдар деген ұғым. Оған себеп – алғашқыда мұндай тауар есебіндегі адамдарды, яғни қыпшақтарды теңіздің терістік бетінен Мысырға, Ирандағы илхандықтарға əкеп сатқан Венеция көпестері болатын. Оларды Ирандағы моңғолдар да сатып алды. Қашанда қаһарман, өз ісіне адал, алған бетінен қайтпайтын жауынгер жандарды тауып бергені үшін Шыңғыс хан нояндары венециялықтарды өте жоғары бағалайтын, сыйлайтын.

Ал венециялықтар қолына мәмлүктер қалай түсті дейтін болсақ, сол кездің өзінде Флоренция мен Венецияның дəулетті қожайындары өз үйлеріне қыпшақ қызметшілерін ұстауды үлкен үрдіске айналдырды. Керек десеңіз, Алтын Орда тарихында есімі елден бұрын аталатын атақты саяхатшы Марко Полоның үйінде де Петр деп аталған қыпшақ қызметші болыпты. Уақыт өте Мысырдағы мүйізі қарағайдай мұсылман билеушілері де өз сарайларында ондап, жүздеп қызметші жұмсаумен бірге мыңдаған қыпшақ гвардияларын ұстауды əдетке айналдырған. Мысалы, Байбарыстан кейінгі Мысыр сұлтаны Қалауын өз үйінде 1200, ал са­райында 12000 əскери қыпшақ ұстап, күшін пайдаланған.

Сайып келгенде мұндай қалың əскер Байбарыс тұсында Шығыстан моңғол, Ба­тыстан крест жорығына шыққандар қайта-қайта түрткілеп сес көрсеткен Мысыр мен Сирияға ауадай қажет-ті. Əуел баста əлгіндей тағдыр тəлкегімен туған тайпасы Боршалы, Боршы, бүгінгіше айтсақ Беріш руынан жырақтап, Сивас пен Алеппоны асып, Шамға жеткен Хамада зергерінің көмекшісі, одан Каирдың теңіз мәмлүктері арасына түскен Байбарыс өмір мен өлім арпалысы үстінде құлдықтан сұлтандыққа өтіп, өз жанына тек қыпшақтар емес, күллі түркі тайпаларынан жиналған мәмлүктер гвардиясымен 1258 жылы Бағдатты, Иранды алып, Таяу Шығысқа тап-тап берген моңғол ханы Хулағудың он мыңдық қалың қолынан Сирияны қорғап қалды. Крест жорығынан шыққандардың соңғы қамалы Акраны алып, оларды Сирия жерінен де қуып шықты.

Міне, осы тұста, яғни Байбарыстың крестшілерге қарсы күресі, Кіші Армения патшалығы мен Кіші Азия селжүктеріне бағытталған жорықтары, Хулағу əулеті үстемдігіне тойтарыс беру тұсында Мысыр сұлтаны тек өз басы емес, өзім деген өзге де одақтастарына арқа сүйеуіне тура келді. Ол үшін іргедегі əлсіз шағын елдер емес, анау арқадағы қандастары, Берке хан билік құрған Алтын Ордаға иек артқан еді. Ол осы оймен аталған Ордаға аздаған сый-сыяпаты бар елші аттандырды. Сыйдың ең үлкені – алтын жазумен әспеттелген Құран, одан әрі өзі басқарып отырған елдің ерекшелігін бейнелейтін піл мен керік, маймыл мен зебр, тотықұс бейнелері еді. Сосын Сұлтан жолдаған хатты ұсынды. Ондағы басты мәселе екі ел арасында әскери-саяси одақ құру екен. Мән-жайға қаныққан Алтын Орда ханы сөз бастап, «Құранды көргенде есіме діни ұстаным бағыты түсті. Өз басым Ислам дінін қабылдадым және Алтын Орда мемлекетінің ресми діні етіп жарияладым. Ал әскери одақтастық мәселесіне келсек, оның әр жағында Хулағу жатқанын да білемін. Бірақ онымен етім мен қаным бір болса да, ол Аллаға және оның Пайғамбарына иман келтірмейді, сондықтан қарсы соғысамын», деп уәде берді.

Бұдан әрі əне-міне Сирияға аттанам да, одан арғы Мысырды місе тұтпай мытып-ақ тастаймын деп екі алақанына түкіріп отырған Хулағу мен оған деп көмекке жіберген қалың əскері бар аталас немере інісі Берке хан арасынан аңдаусызда ала мысық жүгіріп өтті. Бəріне кінəлі Беркеге Байбарыс жіберген елші хабары мен христиан əйелі, Хулағудың осы дінді жан-тəнімен қолдауы еді. Пəрмені мықты Алтын Орда ханы өз əскер басына қайтып Ордаға орал, болмаса Мысырдағы Байбарысқа тарт деп жарлық қылды да, сол Байбарыстың өзіне «Біз батыстан, сен шығыстан тиісіп, Хулағу əскерін қыспаққа алып, бір адамын қалдырмай қырып жіберейік», деп елші шаптырды. Қашан да уысында қан, қылышында жан жүретін əскерге ежіреңдеп елге қайтқаннан, еңкулеп жауға шапқан артық емес пе, осыған орай қалың қолдың бет түзеген бағыты – Байбарыс билік құрған Мысыр шаһары болды. Ал мәмлүкбасы өз кезегінде əр сарбаздың алдына арғымақ тосып, қалтасына пұл толтырып қарсы алды. Одан арғысы əлгіндей, жеңіс жалауы желбіреп, найза ұшы дымданды.

Ал енді Байбарыс пен Беркені бауырластырып, елдерін одақтастыратын қандай күш? Оның да ойдым-ойдым сыры бар. Біріншісі жəне ең бастысы – Алтын Орда Байбарыстың жылап туып, уілдеп өскен, яғни кіндік кесіп, кір жуған отаны. Ендеше қанша жерде хан, неше елде сұлтан болса да туған топырақты ұмыту, елемей естен шығару еш адамның миына кіріп, ойына келмеген үрдіс.

Екіншісі – араға жылдар салып Орда ханы Байбарыстың туған қайын атасы атанды және ол әйелден туған ұлының атын Берке деп атады. Сыйластықтың артқаны сонша, Құдыста, Мекке мен Мәдинада, Мысырдың барша мемлекеттерінде оқылатын Құтпа намазында Беркенің аты аталып, оған зор құрмет көрсетілді. Үшіншіден, Ходженттегі ғұламалардан білім алып, бақайынан басына дейін діни жолға құлаған Берке ұстанған саясатты Мысыр сұлтаны да жоққа шығармайды. Қайта оған тілеулес, ниеттес жан еді.

Төртіншіден, Хулағудай алды шаң, арты қан Шыңғыс тұқымына мықты одақ, күші мен мысы мол Алтан Орданың Беркесіндей қалың қолмен бірлесе қимылдамаса, илхандықтардың жалғыз елдің сесінен тайы мен тайлағы да үрікпес еді. Осы орайда Байбарыстың ылғи да үлкен жорықтарға аттанарда алдымен жоғарыда айтқан соғыс өнерінде тəжірибелі, əскери қолы нығайған елдермен одақ жасап алатыны қашаннан бергі əдеті еді. Мəселен, осы Алтын Ордамен одақтастығынан бұрын Сириядағы христиандарға қарсы византиялықтармен одақ құрып, Сицилия, Арагон корольдіктерімен байланысы да мықты болатын. Дипломатиялық одақ­тастық барысында саяси-мəдени, сау­да байланыстары қатар дамыды.

Байбарыс мәмлүк атанып, таққа отыр­ған он жеті жыл ішінде соғыс өне­рі­не мəн беріп, басқа салаларды да ұмыт қалдырған жоқ. Өзі жаулап алған жерлерге, атап айтқанда, Ғазза, Антания, Сіс шекараларына 40 мың түркі тұқымдас көшпелілерді орналастырып, қоныстандырды. Мысыр сұлтанының мемлекеттің ішкі басқару жүйесіне де əкелген өзгерістері мол. Жаңа мекемелер құрды. Олардың бəрінде де қатаң тəртіп орнатылып, құқық ісінің адал, əділ жүруіне мəн беретін. Өзінің ылғи да мойындап, бас иетін суннизм мектебінде төрт үлкен биінің жеке-жеке бағыттарын айқындады. Ежелгі Каир мен оған іргелес уәлаяттар арасына жол салды. Жетілген байланыс қызметі болды. Ол үшін кəдімгі үй көгершіндерін жиі пайдаланды. Ал алыс жерлер, мəселен, Каир мен Шам арасындағы ұзақ жолдарға өзі туған қыпшақтар арасында көп қолданылатын көліктерді лаулау, жаушының бекет сайын ат ауыстыруы арқылы хабар жеткізу əдісі жүзеге асты. Мемлекетке орталықтандырылған сипат беріліп, Александрия, Каир, Димиат порттарының кеңеюіне мүмкіндік жасалды. Ал өзі болса, жазда қолы бос сəттерде қала сыртындағы жап-жасыл көгалда ат үстінде доп қуып ойнап бой сергітсе, қыста бүркіт салып аң аулағанды ұнатты.

Байбарыс ылғи да өз əскерлерімен тек қана қыпшақ тілінде сөйлесті. Соған сай аталған халықтың ғасырдан ғасыр асқан салт-дəстүрін де қатты қадірледі. 1262 жылдың шілдесінде өз ұлын сүндетке отырғызып, қол астындағы əйелі бар 1645 сарбаздың барлық ұлын осы жолға үгіттеді, мұсылмандыққа жүгіндірді.

Төменгі Ніл бойында, Шам мен Каир аралығындағы кең алқапқа Еділ бойы, Дербент пен Қап тауынан келген қалың қандастарын ру-руымен топтастырып, олардың үлкен бір шоғырына «Орда» деген атау да берді. Сайып келгенде Ордаға, ондағы жаңа тұрғындар мен əскери сарбаздарға қыпшақ даласынан ағайын-туыс, əкелері мен балаларының кідіріссіз келіп-кетуіне толық жағдай туғызды.

Орда атанған ауылдың немесе маккаланың, тіпті ежелгі астана Каирдың қақ ортасында бие байланып, əр үйде саба-саба қымыз ашытылды, күмпілдеп күбі пісілді. Ол аз десеңіз əр сəрсенбіде қамал алдындағы алаңда барлық 50-60 əмір жиналып, əлгі бал татыған сары қымызды сүйсіне сіміретін. Сіміретін де сілтідей тынып, туған жердің небір əуезді əуендері мен сұлу саздарын тыңдайтын. Бұл кезде сол бір əмірлер үстерінде құдды құдалыққа келгендей салтанатты əдемі киімдер көлеңдеп, қолдарында қымыз толы фарфор кеселер жарқылдайтын. Байбарыс болса, қарапайым қабылдаулардың өзінде аса мархабатты меймандарына осы бір уыз дəмді марқая ұсынып, масаттана жымиятын.

Араб тарихшысы әл-Макризи жазған­дай, Каирда мәмлүктер келгенге дейін көшеге сəлдесіз шығу барып тұрған əдепсіздік болса, енді Байбарыс заманында еркек атаулы үстеріне татар шапанын, бастарына шеркештер тақиясын киіп, базарға да баратын, мешіттерге де кіретін. Елде «татармат» деп аталатын əдемі жылтыр атлас маталар, қыпшақтардың тері киімдері, былғарылар сатыла бастады. Олардың көптігі сондай, қарапайым қара-қалтайлардың үстерінде де былғары киімдер жүрді.

Мәмлүктердің, соның ішінде Байба­рыстың əскери сарбаздарының негізгі тамағы ет, əсіресе жылқы еті болатын. Олар да қазы айналдырып, қарта кертіп, сүйек мүжіді.

Байбарыс өз тұсында күнделікті əскери іс-қимылдарда да, қарапайым өмір ағымына да шынайы адами тəртіпті алға тартып, берік ұстанды. Бұл жолда тек Мысыр топырағында ғана емес, өзімен одақтас, барып тұрған діндар Алтын Орда ханы Беркенің өзін бұрынғыдан бетер дін жолына түсіріп, шариғат сүрелерін қалтқысыз орындатуға негіз болды. Қалай дегенде де Байбарыстың Беркеге немесе Мысырдың Алтын Ордаға əсері мол еді. Екі ел арасында елшілік алмасу 1262 жылдан басталады.

Алғаш рет Байбарыс Беркеге 1261 жылы Қырымнан шыққан Алан саудагерлері арқылы хат жолдаса, келесі 1262 жылдың 15 қарашасында арнайы елші жіберіліп, киелі ислам жерлері – Меккеде, Мединеде, Құдыста (Иерусалимде) өзі, сұлтан Байбарыстың есімінен соң Берке хан атына бағышталып дұға оқылатындығын қаперге салады. Осыған жауап ретінде Берке де Каирға екі рет елші жөнелтіп, Хулағу ханның мұсылмандарға қарсы соғысы айыпталып, оның Шыңғыс ханның «Ұлы Ясасын» (Жасақ) бұзғаны аталып көрсетіледі.

Елшілер Каирда болған кездерінде Байбарыстың баласы – Сайд Беркенің (Беркенің құрметіне қойылған) сүндет тойына қатысады.

Байбарыс бұдан кейін де 1262, 1264 жылдары Берке ханға тағы да елшілер жіберіп, олар өз жазбаларында тарих үшін аса мəнді дерек – Алтын Орда ханына мінездеме береді. Онда былай деп жазылған: сақалы сирек, көсе, шаштарын құлағының үстіне түйген, бір құлағында қымбат тасты алтын сырғасы бар. Басында биік бөрік, белін алтынмен аптап, қымбат тастармен көмкерген былғары белбеумен шарт буынған. Аяғында жоса қызыл шегірен саптама етік, жасы дəл 56-ға жеткен сары өңді, шегір көз билік иесі. Ағасы Сайын (Бату) хан сынды оның да аяғы ауырады екен.

Байбарыс елшілері өздерімен Құранның Осман нұсқасын, кілемдер мен жайнамаз, сыйлыққа біршама мал (дұрысы – жан-жануар), негр құлдары, ұмра (кіші қажылық) жасауда пайдаланылған сəлделерді, қасиетті Меккедегі зəмзəм суы, басқа да заттар ала келіпті. Сөйтіп, Байбарыс билік құрған 17 жылда ұзын саны 9 елшілік ауыстырылады. Байбарыс Сарай қаласына Византия арқылы алғашқы адамын жіберіп, достық көпірін орнатса, қалған он бес жылда тағы да жеті елші ауыстырды. Міне, осылайша, Каир мен Сарай арасындағы екі ғасырлық достық байланыста елу, ал бахрит мәмлүктері билеген жүз отыз жеті жылда 40 елші алмасқан. Байбарыс заманында екі ел арасындағы саяси-экономикалық, əскери, діни байланыстар өте қатты дамыды. Мысалы, діни байланысты алсақ, Кіндік Азияда исламизмді Бұхарадан кейінгі қабылдаған Берке хан билеген Алтын Орда өңірі, Сарай, Сарайшық қалалары еді. Мұнда шариғат заңы алдыңғы кезекте тұрды. Бірақ ол Шыңғыс ханның болат қаңылтырға жаздырған «Жасақ» заңынан күшті емес-ті. Қарапайым діндарлар мен əскери қызметшілерге ортақ бұл ереже аса қатал жəне əділ болатын. Ол Мысыр мәмлүктеріне де заң болды. Мысырда қатты қолға алынған Мекке, Медине, қажылыққа бару Сарайда да күш алды. Бұл іс хан Беркенің өзінен басталады.

Кейін Ноғай ханы да Ертемір мен Тоқбұға арқылы Байбарысқа хат жолдап, өзінің Ислам дінін қабылдағандығын, Алланың біреу және оған өзінің бас иетіндігін, Берке ханның ұстанымын қолдайтындығына сенім білдіреді. Сон­дай-ақ өзі және қарамағындағылардың бір дененің екі қолындай Байбарыспен әрдайым бірге екендігін айтқан. Кейін осы хатқа жауап қайтарған Мысыр сұлтаны өзінің Ноғай ханының бұл бағытын әрдайым қолдайтынын және алыста жатқан бауырлас тілеулестерінің келешекте жүрек нұры мен ар тазалығын мұсылмандық жолға арнау керектігіне шын ниетін білдірген.

Осы кезден бастап елді əмірлердің Мысыр жерінде мысырлық мәмлүктердің Қырым мен Еділ бойларына медресе-мешіттер, əскери қамалдар салу үрдісі жалғасқан. Егер тарихи əдебиеттерге үңілсек, Сирия мен Ливанда, Мысыр жерінде мәмлүктер салған небір ғажайып ғимараттар жетерлік. Мысалы, Сириядағы тас төбесіне «Сұлтан Байбарыс» деп жазылған «Крак де Шевал» қамалы қақпасын бір сəт еске түсіріңізші. Тегінде мәмлүк сұлтандары мен əмірлері сол кезде мешіт, медресе, күмбез салу, тұтастай алғанда құрылыс ісіне ерекше көңіл бөлді. Сондықтан да осынау бір мәмлүктер дəуірін ерте мәмлүк деген атпен қалыптасқан архитектуралық сəулет өнерінің алтын ғасыры десе де болар. Оған дəлел – Каирдағы атақты Байбарыс мешіті, Қалауын мен оның ұлы Мұхаммадтың жəне сұлтан Хасанның əрбірінің жеке-жеке мешіт-медреселері сол елдегі қыпшақ сəулет өнерінің небір тамаша үлгілері. Олар өздерінің орасан зор көлемі, көз тартар салтанат, əсемдігімен есте қалады.

Тарихи əдебиеттерде сұлтан Байбарыс­тың өз заманының ойшылдары мен ақыл­мандарына асқан қамқорлықпен қараған­дығы жөнінде жиі айтылады. Мəселен, Ибн Тəңірберді жазбаларында «Ол өнер мен ғылым шеберлерін өз жанына тартатын. Тарих пен тарихшыларға ерекше көңіл бөлетін», дейді.

Байбарыс тұсында қыпшақ даласының көптеген ұлы Сирия мен Мысыр, Шам мен Каирға ілім-білім іздеп барды. Каир қыпшақтары арасынан да небір ақылман, ойшылдар шықты. Бұл турасында Мысыр шенеунігі əл-Омари: «Олардан (түріктерден) шыққан патшалар өз қандастарына көбірек қарасты, Мысырды соларға толтырып, елді жан-жақтан тек соларға қаратуға аянбай күш салды. Олардан мемлекеттік кеңестің талай жарық жұлдыздары, жиналыс басшылары, мысыр жерін билеушілер шықты», деп жазған болатын.

Сондай зиялы перзенттер ішінде Ибн Тəңірберді, Ибн Йиас, Ибн Айбек сынды тарихшылар, Ибн Фатшах ас-Сараи, ибн Баззази сынды діни ғұламалар, Мəулен-заде əл-Аджами, ас-Сараи, əл-Кахири сынды араб, парсы, түркі тілін жетік білетін заңгерлер мен ғалымдар бар.

Тіпті бір деректерде Беркенің ұлы Бедр əд-дин-Мұхаммед те Каирде тұрып, қайтыс болған. Ол өлең жазады екен, сол өлкеде екі томдық кітабы шығыпты. Сөйтіп, Байбарыстан басталған Мысыр мен Қыпшақ даласы арасындағы екі жүз алпыс жеті жылдық достық қарым-қатынаста екі ел арасында көп нəрсе ауысты, біраз жаңалық дүниеге келді. Бұл турасында Каирдағы əл-Азхар университетінің профессоры, белгілі тарихшы, филолог Аман əл-Холи «Ғасырлап тұрған қыпшақтар арабтар өміріне көптеген əсерін тигізді. Соның біразы – əдебиет пен өнерде», деген еді. Əрине, оның бəріне негіз болған, өзге елге құл болып барып, соңынан сұлтан тағына көтерілген Ұлы даланың перзенті Байбарыс еді.


 Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,
өлкетанушы
06 ақпан 2023 ж. 412 0