Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Келте тонды Келмембет батыр

Келте тонды Келмембет батыр

Тарих қойнауына үңілсек, халықтың тәуелсіздігі, туған жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен батыр, би-шешен, ақын-жырау бабаларымыздың ерлік істері, ел бірлігін нығайту жолындағы батыл әрекеттері аңыз болып айтылады. Әр кезеңде өмір сүрген танымал тұлғалар туралы бағалы деректер әсіресе белгілі бір жыл атауында қайта жаңғырып отырады.

Дүниеден өткенінше ат үстінен түспеген батырлардың бірі – Келмембет Келдібайұлы. Ел арасында «Келте тонды Келмембет» атпен белгілі болған тарихи тұлға шамамен 1648 жылдары дүниеге келген. Кіші жүз құрамындағы Шөмекей руының Бозғұл аталығынан шыққан. Батырдың өмір сүрген кезеңі қалмақтардың Жайық бойын жаулап алып, Еділге өткен тұсына тура келеді.

Келмембет үш ағайынды болған. Ағалары Үсейін, Қожагелді және өзі үшеуі жастай жетім қалыпты. Күн көру үшін ағайындылар байдың малын бағады.  Келмембет жылқы бағады. Жас жігіт асау аттарды тырп  еткізбей бас білдіреді. Бай бұған риза болады.

Бір күні таң алдында сарықасқа бие құлындайды. Ол ерекше болады. Кейін ол еңбекақысы үшін байдан осы  құлынды сұрайды. Екі жылғы еңбегін де сұрамай, байдан рұқсат алып сарықасқа атпен еліне қарай жол жүреді. Жолай жуан  жыңғылды түбірімен жұлып алып тақымына басып жүре береді. Біршама уақыт өткенде артына қараса 15  адам сойылмен қуып келеді екен. Дереу алдына қарсы шығып, лезде сойылмен бәрін ұрып құлатып, аман  кетеді.

Кейін хан алдағы сәрсенбіде қалмақ қамалына  шабуыл жасайтынын біледі. Сол жорыққа сарықасқа тұлпарымен Келмембет те ереді. Қамалды бір жеті бойы ала алмайды. Қар аралас жауынға шыдамай жауынгерлер шаршайды. Осы кезде хан қамалдың алдынан, батысы мен шығысынан үш жақтап шабуыл ұйымдастырады. Бұл кезде Келмембет қасындағы жауынгерімен ту сыртынан шабуыл жасап қамалды бұзады. Содан «Сарықасқа атты сарбаз» атанып кеткен. Жауды жеңіп болғаннан кейін сарықасқа тұлпармен қамалды бұзған батырды іздейді. Бұл кезде Келмембет батыр бір жерде демалып жатқан екен.
Жауға шабуыл жасап жатқан кезде үстіндегі тоны термен, жауынмен ұзарып кедергі жасаған соң қылышпен етегін кесіп тастаған. Тоны келте болып қалған екен дейді. Хан қасына шақырып алып, атын сұрайды, «атым Келмембет» дейді батыр. Сонда хан: «Келте тонды Келмембет, келбетіңе рахмет!» деп, оның арқасынан қағады.

Кедейліктен үйлене алмай жүрген жағдайын білген хан мол олжамен қатар, үшеуіне екі қалмақ қызын, бір әйел беріпті. Әйелді ағаларына беруге ұялып, үлкен ағасы Үсейінге уәзірдің қызын береді. Сондықтан олардан би, байлар көп шығады. Ал екінші қызды кіші ағасы Қожагелдіге береді. Ол бақсының қызы екен, сондықтан бұл әулеттен батыр көп шығады. Әйелді өзі алады, ол шаруаның қызы екен. Көп ұрпақ тарайды.

Кейін хан Келмембетті қасынан тастамай бірнеше жорықтардан жеңіспен оралып жүреді. Соңғы жорыққа жүрер алдында әйелі Ханбибі:  «Мені, екі айлық балаң Әлдеберліні кімге тастап барасың?» деп сұрайды. Сонда батыр сендерді бір Құдайға тапсырамын депті. Сол соғыста Келмембет ерлікпен мерт болады. Ол кезде небәрі 29 жаста екен. Сол екі айлық баладан тараған батырдың ұрпақтары кейін Сарықасқа руы атаныпты дейді аңыз.

Сыр сүлейлерінің бірі Молдахмет Дабылұлы Келмембетке арнап «Сарықасқа атты Келмембет» атты дастан жазғаны мәлім. Жазушы Құланбай Көпішов 1958 жылы Алматыдан «Сарықасқа атты сарбаз батыр» атты жыр жинағын шығарды. Жалағаш ауданы Мәдениет ауылының тұрғыны Тұрлыбек Деменовтің «Келте тонды Келмембет және оның ұрпақтары туралы әңгіме» атты кітабы 1996 жылы «Шартарап» баспасынан жарық көрді. Сондай-ақ мерзімді баспасөз беттерінде бірқатар мақалалар жарияланды. Айта кетейік, Келмембет батыр әулетінен Бәйтік, Тоғанас, Сарман батырлар, Жәрімбет, Қалдан би секілді өз заманының ірі тұлғалары және Т.Жүргенов, І.Қабылов сынды қоғам қайраткерлері шықты.

Қызылорда қаласында 1999 жылы Келмембет батырдың құрметіне ескерткіш орнатылды. Ескерткіш мыстан сомдалған, биіктігі – 5 метр. Авторлары – танымал суретші-мүсінші Қ.Зәкіров пен шымкенттік мүсінші Қ.Мәлібеков.

Аты аңызға айналған батырдың есімі міне, үш жарым ғасырдан бері елдің жадында сақталып келеді.


Д.АЙБОЛАТҰЛЫ
Syrboyi.kz
12 қаңтар 2023 ж. 393 0