Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әбілда бақсы

Әбілда бақсы

Көне дәуірден келе жатқан бақсылық, әлемдегі әртүрлі халықтардың бәрінде кездеседі. Ал қазақ бақсылары ел ішінде аса құрметтеліп, олар түпсіз білімнің иесі деп саналған. Олар келешекті болжайды, құпияның сырын ашады, адамның ойын тауып, оның келешегін айта алатындай қасиетке ие.

Ел аузындағы бақсылар туралы әңгімелерге зер салсақ, олардың сырт пішіне де, мінез-құлқы да айрықша сипатталады. Бақсы – күн­делікті өмірге селқос қарайтын, сырт піші­ніне көңіл бөлмейтін адам. Ол бір жерде тұ­рақ­тамайды, ел-елді аралап жүреді. Олар сөз­шеңдікке үйір емес, көпшіліктен, әсіресе у-шуы көп жиыннан аулақ жүреді.

Бақсылық қасиет тұқым қуалайды, кейде жай адамға да қонады. Сондай жанның бірі – Те­реңөзек өлкесінің тумасы, халық Әбілда бақсы атап кеткен белгілі Қайқы батырдың немересі Есжанұлы Әбілда. Ол бүгінгі Қал­жан ахун ауылының шығыс жақ бетіндегі «Қайқының талы» аталып кеткен жерде 1910 жылы туған. Әбілда Қайқы батырдың үлкен ұлы Есжанның Ақсалы атты бәйбішесінен туа­­ды. Ақсалы кешегі Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың апасы болып келеді.

Әбілданың жасы 13-тен асқанда бойына қасиет қонып, оны дұрыс ұстай алмаған ба­ланың тағдыры күрт өзгеріске ұшырай бас­тайды. Жалаң аяқ, жалаң бас, үсті-басына да қарамайды, мінез-құлқы тұрпайыланып, көп­шілікке қосылмай, бөлектенген. Ағайын-туыстан безіп, ел-елді аралап кетеді. Әбден азып-тозып, аязды күндері аяғының үсігенін де сезбей жүргенде тамағына салқын тигізіп алады. Ауырған күйі көмескілеу көрінген бір ауылдың шеткі үйіне түсіп, есінен тана ұйықтап кетеді. Қай шама екені белгісіз, сылдырлап аққан судың арғы жағынан «Тұр балам, сен енді елі­ңе емшілік, көріпкелдікпен қызмет ететін боласың» деген дауыс естиді. Содан оянып, таңда қылаң бере бастаған уақытта үйден шығып жүре береді. Осы сәттен бастап бойы­­на біткен қасиетімен жүрген жерінде кездес­кен сырқат кісілерді емдей бастаған. Алайда бойындағы бұрынғы дөрекі мінездігі, күнде­лікті өмірге селқостығы, бір жерде тұрақтай а­лмайтындығы еш өзгеріссіз қалады.

Жұрт секілді отау құрғанымен жанұяда тұ­рақсыз болып бірнеше мәрте некелі болған. Балалары шетіней берген. Ел ішінде Әбілда бақсы атанған жанның алыс-жақын ауылдарға аты таныла бастайды. Тіпті ол қатты аязды күндері дария суына түсетінін көрген жұрт таңғалатын болған.

Бақсы өзінің туған інісі Жақсылықтың Дә­ме атты қызын жастайынан асырап, бауы­­ры­на басқан. Бүгінде 70-тен асқан қызы Дәме «Мен ол кезде 7-8 жасар кезім. Қыстың қатты суық күнінің бірінде Сапура шешеме «қазаныңды асып, суыңды құя бер» деп же­лең сыртқа шығып кетті. От жағылып, су ысымай тұрғанда әкем үлкендігі менің бо­йым­дай лақаны әкеліп, сойып бергені. Сонымен бірге шешеміз екеуімізге «үйді жинастырып отырыңдар, кісілер келе жатыр» десе, айтқандай кісілер келетін. Бірі сырқатына ем іздесе, енді бірі жоғын іздеп келеді. Әкем кө­ріпкелділікпен қоса емшілік жасап, емін жер­гілікті жерде өсетін шөптерден да­йындайтын. Біздерде «қарға қауыны» деп аталатын боз жерде өсетін тікенекті, түйнегі бармақ басындай қып-қызыл болып жарылып пісетін, сыртқы түрі қарбыз жолағына ұқсас шөптің тамырын маған қаздыратын. Оның ұзындығын 25-30 см-дей етіп кестіріп, кептіретін. Сонымен бірге улы адыраспан шө­бін де піскен кезінде мол етіп жинататын. Тамырдан жасалған дәрімен көк жөтелді емдесе, адыраспанды қайнатып, суына шомылды­рып, буына сырқаттарды емдейтін. Біздің үйі­міз ол кезде Қаракөл совхозының алғашқы орталығы «Төрт там» деген жерде болды. Ауылдан төменірек жерде әкем паром жүргізетін. Әкемді өзінің туған нағашысы Нағи Ілиясов осында көшіріп әкелген еді. Інісі Жақсылықты бақ­ташылық қызметке орналастырды» дейді.

Ал ауылдас әрі ағайыны Төлеубай ақсақал әңгімені былай өрбітті. «Шамасы 1958 жылдары болу керек. Мен ол кезде 18-20 жастағы кезім. Асқар Тоқмағамбетовтің «Маржан қыз» кинофильмінің түсірілуі кезінде біздің мін­де­тіміз үйір-үйір жылқыны қайырып әкеліп Қара­өзек дариясына түсіру болса, басты рөлдегі қыздың міндеті – сол жылқылардың соңынан атымен бірге суға құлау. Біздің еңбегімізге 30 сом ақша бергені әлі есімде. Кейіннен Әбілда бақсы психколонияның бергі бетінде тұратын шағын ауылға көшіп келді. Ол ауылды жұрт «Жармахан» ауылы деп атаушы еді» дейді ақсақал.

Ол кісінің көзін көрген Серік Сейтназаров ақсақал да көріп-білгенін айтып берді. Бірде күздің бір қатты дауылды күні арғы беттен бір жел қайыққа 1-2 кісі мініп бері қарай бет алған. Ойын балаларымен бірге жүрген балаң жігіт Серік Сейтназаров сондағы толқынның қайықтағы адамдардан да биік болғанын айтты. Толқын қайықты ішіне тарта алғанда қайық адамдарымен бірге жоқ болып, артынша келесі толқынмен қайта су бетінен көрінгенде қарап тұрған жұрт демін ішіне тартса керек. Осындай сансыз қиын сәттерден қайықтағылар аман-есен бергі бетке межелі жерден біршама ауытқып жеткен. Сол кезде көпшілік қайықшы Әбілданың бойында құдіретті бір тылсым күш­тің бар екенін байқаған. «Одан бөлек, сол ауылдан Мәндібай атты кісінің Тасбөгетте тұратын нағашысының баласы суға кетіп, ұзақ уақыт судан таба алмаған ата-анасы Әбілда бақсыға келіпті. Келген кісілерге «бала суда емес құмда жатыр, барып су жағасын қараңдар» деп болжап берген. Шынында да солай болған екен» дейді бүгінде жасы 70-тің бел ортасынан асқан қария.

Нағашысы Нағи Ілиясов «Карл Маркс» сов­хозына (бүгінгі Н.Ілиясов ауылы) басшылыққа ауысқанда Әбілда бақсыны Шаған мен Ақ­жарма ауылының ортасындағы «Солдат каналы» шлюзіне қарауыл етіп көшіріп әкеледі. Әбілда бақсының өмірінде бірінші тұрақтап тұрған мекені және соңғы некелі әйелі Сапурамен өмірінің соңына дейін тұрғаны осы жер болыпты.

Жаңа қоныста жоқ іздеп, дертіне шипа сұ­рап келушілердің көп болғанын туғанындай етене жақын сыйлас болған інісі Төлеубай ақсақал еске алды. Ол кезде Төлеубай қария Іңкәрдария шаруашылығында қойшы болған. Ағасының үйі жолда болған соң арлы-берлі өткенде үнемі үйіне арнайы соғып тұрған. Бір­де түскі шәйді енді іше бергенде бақсы «Әй, сен тұр, бір шал келе жатыр, атын жайлап, өзін үйге түсір» депті. «Далаға шықсам, айтқандай бір қария келіп қалыпты. Аттан түсіріп, үйге кіргіздім. Бір-екі кесе шайдан кейін қария жоқ іздеп келе жатқанын баяндай бастағанда аға құмалағын шашып жіберіп, жоғын ауылындағы күріштік арықтарының арасындағы қалыңда жатқанын айтты. Қария қуанғандағы 25 сомды бергенде ағамыз «Сен үйден шыққанда жоғымның жатқан жерін айтқанда 50 сом беремін деп, жолда пендешілікке салынып, 25 сомын басып қалдың» дегенде қария сас­қалақтап «оны қайдан біліп қойдың» деп қалғанын да тастай салып еді. Ал өзім күздеу кезінде жайлы қоныс деп «Сәрсен көл» деген жерге қызығып, ертерек орналассам деген оймен шаруашылық басшыларынан көліктен көмек сұрап барғанымда көмек ала алмадым. Көңілім болмай, аға үйіне бұрылып, болған іс­­тің мән-жайын айтып едім, ойланып отырып Әбілда аға «Сен бүгін осында бол, ертең ер­телетіп жоғарғы жақтан екі шала қазақ келеді. Көлігіне майын әрі ақысын берсең, сені толық көшіріп орналастырып кетеді» деген соң қо­нып қалдым. Таң ата «Газ-53» машинасы үй маңына келіп тоқтады. Көліктен айтқандай екі шала қазақ түсіп, үйге кірді. Оларға аға­мыз «Біреуің Шымкентте, екіншің Алматыда тұрасың. Мәскеуге кетіп барасыңдар. Сен Шым­кенттегі жер үйде тұрасың, керек десең айтайын, есігіңнің алдында жалғыз түп ағаш бар. Ал сен тас тамда тұрасың. Рас па?» дегенде басын изеген жолаушыларға «мына ба­ланың шаруасын тындырып беріңдер, қара­жат та, жанармай да болады» деді. Сөйтіп шаруамның біткені бар» деді Қалжан ахун ауы­­лында тұратын қария.

Әбілда бақсының көріпкелдігін айтқан ақ­сақал емшілігін де көзбен көргенін жеткізді. «Ағамның сырқатқа жасаған емін өз көзіммен көріп, оған қолғабыс жасағаным 1976 жылдар шамасы болу керек. Төменгі жақтан жеңіл көлікпен жасы алпысқа таяп қалған, бұрын жоғарғы қызметте болған кісі келді. «Ақсақал, ем іздеп келдім. Бармаған жерім жоқ, барлық дәрігер, емшіні көрдім. Еш дауа таба алмай, сізге келіп отырмын» дегенде аға «Шырағым, бүгін мен еш қарекет жасай алмаймын. Еліңнен семіз ақ түсті қой, екі кесе жылқы майын әкел, емдейін. Бүгін ауылыңа кете бер» деді. Маған да бір жұмадан кейін соғуымды айтты. Бір жұмадан кейін келгенімде әлгі кісі де келген екен. Ол әкелген заттарын көрсетіп жатқанда ағамыз «Төлеубай шырағым, мына қойды мес етіп, майын теріге қалдырып соясың» деді. Әйеліне екі кесе майға бес кесе су қосып, қап-қара болғанша қайнатуды бұйырды. Қойды сойып бола бергенде «Енді теріні мына кісінің үстіне кигіз. Үстін көрпемен ауа кірмейтіндей қымтап, орамалмен бетін сүртіп отыр» деп тапсырды. Жаңа сойылған майлы тері сырқатты терлетіп, жанын рақаттандырса керек. Сәлден соң қой терісін сырқат үстінен сыпырып, да­йын­далған қара қоймалжың екі кесе жылқы майын ішкізіп, үстіне шапан кигізді. Әлгі кісі тысқа әлденеше рет шықты. Бақсы ағамыз «дерттен айықтың, енді сауығып кетесің» дегенде әлгі кісінің қуанғанын көрсеңіз, айтып жеткізу мүмкін емес. Ертесіне сырқат өз еліне, мен ауылыма кеттім. Қанша уақыттан кейін екені есімде жоқ, аға үйіне соқсам, әлгі кісі есік алдына алты қанат ақ үй тігіп, сый-жоралғысын жасап кетіпті. Сонда ағам «Сенің де еңбегің бар, мына қалпақты сен ки» деп қалпақты маған кигізді. Ол кісі кезінде ризашылығымен шапанын, тақиясы мен құлақшынын маған сый­лаған-ды. Бұл киімдер бүгінде үйдің киелі дүниесіне айналды. Үйдегі кішкентайлар сыр­қаттанып қалса, осы киімдермен аластап, емдеп аламыз» деді Төлеубай қария. Сол киелі киімдерді Төкеңнің шаңырағынан көріп, қолы­мызбен ұстап көрдік.

Әбілда бақсының бірнеше шәкірттері бол­ған. Солардың бірі – қармақшылық Камалбек Арыстанұлы. Мағира Қожахметованың 1997 жылы Алматыдағы «Ана тілі» баспасынан жа­рық көрген «Адам қиял» атты кітабының 55-бетінде Камалбек ұстазы Әбілда бақсы туралы былай деген: «Мен бертін келе жиі ауыратын болдым. Жүріп келе жатып құлаймын. Дәрігерлер анық диагноз қоя алмайды. Қатты қысылған соң атақты бақсыларға баруды ұйғардым. Ақырында, Әбілда атамыздың қа­сында бір жылдан астам жүрдім. Әрі емдел­дім, әрі шәкірті болдым. Атақты бақсы мені жібермей, өз ісіне баулыды. Бұл кісіден үй­ренгенім көп еді. Малдың сүйегі мен адырас­панды жеті қазан суға қайнатып, талай сыр­қатты құлан таза айықтырғанның куәсі болдым. Ол адамның бет-әлпетіне қарап отырып та болжайтын сәуегейлігі күшті еді. Ұстазым Әбілда бақсы алғаш рет іздеп барғанымда маған елеусіздеу ғана қарап отырып, жолда нендей қиындық көргенімді және қай жерімнің ауыратынан тайға таңба басқандай етіп айтып берген-ді».

Қазақта осындай сәуегейлер болғаны шын­дық. Әбілда бақсы көзі тірісінде жинаған қар­жысына немере інісі Бекжанұлы Сұлтанға құрылысқа қажетті қыш, цемент секілді заттарды алдырған. Ал Темірхан інісі «Ақсу» ша­руашылығында басшылықта жүргенде кав­каздық шешен құрылысшылар бригадасын шақыртып, «Қайқының талы» маңында өзіне күмбезді бейіт соқтырған. Әбілда бақсы тіршілігінде ешкімге ұқсамайтын, өзінің дара жолымен емшілігімен қоса көріп­келдік қасиетімен жұртшылыққа септігін тигіз­ген. Оның есімі әлі күнге дейін ел жадында сақ­таулы.


Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
05 ақпан 2022 ж. 601 0