Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2018: Сырдария ауданының құрылғанына – 90 жыл

2018: Сырдария ауданының құрылғанына – 90 жыл

Егемендіктің 27-ші жылы мерей­лі­ бе­­лестермен тұспа-тұс кел­ді. Бұл­ жы­лы біз Астана қаласының 20 жыл­дығын, Қызылорда қала­сы­ның 200 жыл­­дығын, Сырдария­­ ау­даны­ның 90 жылдық мерей­то­йын кең көлемде атап өт­тік. Сонымен қатар, 2018 жыл «Кәсіпкер­лікті қолдау жылы» деп белгі­леніп, қолдан келетін кә­сібін ашатын­дарға зор қол­даулар мен мүмкіндіктер жасалды.

Жыл басында Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаев «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуін жолдады. Онда әрбір қазақстандықтың әл-ау­қатын арттыруға арналған бастамалар айтылып, нақты тапсырмалар берілген. Оның ішінде, халықты баспанамен қамту, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жұмыстары қамтылған.

Осы жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Жолдаудың мақсат-міндеттерін талқылап, түсін­дірме жұмыстарын жүргізу үшін ауданға сол кездегі «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Шаған ауы­лында халықпен кездесті. Кездесу барысында басты құжаттағы негізгі бағыт-бағдарлар аталып, олардың орындалуына бір кісідей жұмылу қажеттілігі айтылды. Жолдауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін осы жылы ауданға Сенат және Мәжіліс депутаттары да іссапармен келіп, сыр­дариялықтармен кездесулер өткізді.

2018 жыл – Сырдария ауданы халқы үшін ерекше ұмытылмайтын жылдардың бірі. Өйткені, бұл жылы сырдариялықтар ауданның 90 жылдық мерейтойын дүбірлетіп өткізді. Осы мерейлі жылды кең көлемде атап өту үшін жыл бойына түрлі деңгейдегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылды. Оны атап өтуге қатысты сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қазантаев «Мерейтойды мерейімізді өсі­ре­тін, абыройымызды асыратын шараға айналдырамыз» тақырыбында аудандық газетке сұхбат беріп, іс-шаралардың өткізілу барысымен хабардар етті. Соған орай, 90 жылдық мерейтойдың ауқымды іс-шарасы 10 тамызда бастау алды. Бұл күні аудан орта­лығында «Парасат» алаңы ашылды. Мұнда ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуы­­на қажыр­лы жұмыс жасап, еңбектің тайқазанын тасыт­қан майталмандарға, парасат пайымы жо­ғары тұлғаларға, батырларға арналған ескерт­кіш-бюсттер қойылды. Бұдан соң құрметті меймандар «Құрметті азаматтар» аллеясы мен «Ең­бек даңқы» музейінің жұмысымен танысты. Аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең, тарихы кемел Сырдария» атты ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, оның барысында ауданның 90 жылдығына арналған «Сырдария ІІ» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Қаламы қарымды тұлғалар» атты Қ.Мұхамеджанов пен Ә.Жәмішовтың 90 жылдығына арналған әдеби кеш өтіп, артынша Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Алғашқы күн Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды. Ал келер күні рес­публикалық ақындар айтысы өткізіліп, аудан­ның намысын қорғаған Нұрмат Мансұр бас жүл­дені жеңіп алды. Сол күні мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан жастары танымал тұл­ғалармен кездесті. Ауданның мерейтойы­на қатысты жергілікті басылымда арнайы мере­келік сандар ұйымдастырылып, ауданнан шыққан тұл­ғалардың, құрметті меймандардың құттықтау ле­біздері мен осы уақыт аралығында ауданның жет­кен жетістіктері қамтылды.

Жалпы, 2018 жылы ауданның даму көрсет­кіштері еселене түсті. Бюджет кірістері жыл қорытындысымен артығымен орындалса, 16,4 мың шар­шы метрден астам тұрғын үй пайдалану­ға берілді. Сол жылы Қалжан ахун ауылын­дағы тұтынушы тұрғын үйлердің шекарасына дейін су құбыры жеткізіліп, елді мекен тұрғындары тәулік бойына сапалы ауыз суды тұтына бастады. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Тереңөзек кентіндегі И.Тоқтыбаев, Же­ңіс­­тің 50 жылдығы көшелері орташа жөндеу­ден өтті. Ақжарма ауылында спорттық кешен мен дәрігерлік амбулатория жаңадан салы­нып, ел игілігіне берілді. Ал Бесарық ауы­­лына кіреберістегі автожол көпірі қайта жаңғыр­тылып, тұрғындар қуанышқа бөленді. Осы жылы Тереңөзек кентінде де көпір салынды. Атап айт­қанда, Қазақ көшесінің «Қаракөл» каналына асар әдісімен көпір түссе, «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолындағы екі көпір талапқа сай жаңартылды.
Ауданның агроөнеркәсіп кешенінде де зор табысқа қол жеткізілді. Аудан бойынша 2018 жы­лы 20874 гектарға күріш дақылы егіліп, одан 53 центнерден өнім алынды. Егін шаруашы­лы­ғын субсидиялау бағдарламасы бойынша 761 млн теңге игерілсе, шаруашылық құрылымдары 1 млрд 252 млн теңгеге 32 ауыл шаруашылығы тех­­­никаларын сатып алды.

Ел Тәуелсіздігінің 27-ші жылы сырдария­лықтар үшін осындай айтулы оқиға және зор жетіс­тік­терімен есте қалды.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
16 қазан 2021 ж. 505 0