Өлке тарихындағы аңыздар
Тарих – асыл қазына, халықтың мың жылдан бергі өмірі, жинаған тәжірибесі. Өз тарихын құрметтеу, ұрпаққа жеткізу – өркениетке жасалған қадам.
Тарихи деректер бойынша Сыр өңірін ежелден сақ-массагет тайпалары мекендеген. Сақ тайпасы қоныс тепкен жерде екі өзен Яксарт (Сырдария) және Оксус (Әмудария) болған. Ұзындығы 3900 шақырымға созыла аққан Сыр өзенінің қос алқабында ата-бабаларымыз тұрақтаған. Шығыста Қытай, оңтүстікте Парсы, батыста Византия елдерімен Ұлы Жібек жолы арқылы сауда-саттық орнаған. Өзен жағалауындағы халық өз заманында бекіністер, қорғандар, кенттер, сағаналар салған. Сол дәуірдің куәсі ретінде құм астында қалған жәдігерлер – қала, кесене, там, сағаналар қирандысын айтуға болады.
Ғасырлар бойы сақ, ғұн, оғыз, қыпшақ тайпалары мекендеген Сыр елі шежіресінде біздің дәуірімізден екі мың жыл бұрынғы адамзат тарихы мен мәдениетінің ізі қалған.
Көне ескерткіштердің қатарында Күміс Асар қалашығы, Кіші Асар, Қос Асар, Күлке Асар қалашығы, Үлкен Асар, Жетім Асар қалашығы қасиетті орынға айналған. Археологиялық ескерткіштер қатарындағы Көксеңгір қалашығы Іңкәрдария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Қалашық б.з.д ҮІІ-Ү ғасырда салынған деген болжам бар.
Көне қалалар қатарындағы ескерткіштер туралы ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Белгілі ғалым Т.Қоңыратбаевтың «Ертедегі ескерткіштер» деген кітабында бірқатар аңыз-әңгімелер айтылған. Сол аңыздың бірінде бұл аймақты ертеде жеті түрлі тайпалар мекендеген екен. Олардың ең алғашқысы бұл жерге келгенде мұндағы қалалар дәл осы қираған күйінде жатқан. Ал кейбіреулер бұл асарлар Ақсақ Темір шапқыншылығына дейін осындағы халық салған, олар кезінде мықты қамалдар болған деседі. Бұл аңыз бойынша Жетіасар қамалын Ақсақ Темір қиратқан болып шығады.
Үшінші бір аңызда бұл қалалардың тағдыры Ескендір Зұлқарнайын есімімен байланыстырады. Ал мына бір аңызда «Өте ерте замандарда Жеті асар гүлденген, өте бай ел екен. Бүгінде құлап жатқан асарлар сол кезде бекініс қалалар болыпты. Оны ержүрек батырлығымен танылған тайпалар мекендеп, жан-жағындағы көршілес тайпаларды шабуылдап, тыныштық бермейді екен. Олар өзара күндестікте болыпты. Күндердің күні олардың ішінде ең даңқтысы Жеті асар билеушісі болыпты. Ол өзіне өзге қалалардың ержүрек тайпаларын да бағындырыпты. Онымен Алтын асар билеушісі ғана иық тірестіре алады екен. Өзі өте бай болыпты. Байлық оған тек қана әскер емес, жалдамалылардың қызметін пайдалануға да жағдай туғызған. Бұл екі даңқты билеушілер арасында араздық ұзақ жылдарға созылған. Ашық соғыста әркез батыр да ержүрек жетіасарлықтар жеңіп, олардың мал-мүлкін талан-таражға салады екен.
Бір жолы арада аз ғана келісім орнаған кезде Алтын асар билеушісі жұртты өзінің аңшылық шеберлігімен таңырқатып, Жеті асар билеушісінің қызғанышын туғызыпты. Алтын асар әкімі киік, қаз-үйрек аулап, қолға баулыған бүркіт, қырғиларды пайдаланған. Ал Жеті асар билеушісі болса, құлан аулап, талай рет қамыс арасында жүретін аңдар патшасы жолбарыспен жекпе-жекке шығады екен. Қолындағы қаруы жалғыз қанжар болған.
Бірде қаз-үйрек атып жүріп, Алтын асар әкімі қалың қамыстың арасына тереңдеп енеді. Екі жағын қалың да биік қамыс басқан жалғыз аяқ жолмен келе жатқанда жолбарыс атылып, атты да, үстіндегі адамын да құлатыпты. Аңшы мейірімісіз жолбарыстың тырнағында өлудің сәл-ақ алдында тұрғанда, оның бақытына қарай жолбарысты көптен торып жүрген өзінің қарсыласы Жеті асар сұлтаны келіп қалады. Ол азулы аңға атылып, қолындағы қанжармен жолбарыстың жүрегін жарады. Өлімнен аман қалған Алтын асар билеушісі үлкен ризашылық білдіріп, өзінің құтқарушысының алдында бас иеді. Оған өле-өлгенше дос болуға уәде береді. Осы достықты нығайта түсу үшін оған өзінің жалғыз қызын береді. Екі ел билеушілері араздасып келсе де, жастар бірін-бірі көптен ұнатушы еді. Сол себепті Жеті асар әкімі кәрі сұлтанның ұсынысын қабыл алып, ұзамай үлкен той өтеді.
Қазақ даласы ондай тойды бұрын-соңды көрмеген еді. Тойға келген қонақтарға арнап үш мыңдай қой сойылса, бәйге кезінде озып шыққандарға үйірімен жылқылар берілген. Бірақ олардың бақытты кезеңі ұзаққа созылмайды.
Сұлтанның жақын адамдарының бірі оның сұлу әйеліне ғашық болып, сөз салады. Еріне адал әйел оның ғашықтық сезімін елемей, айтқанына көнбейді. Бұл ісінен ешнәрсе өнбейтінін білген әлгі адамның жүрегінде алғашқы сүйіспеншілік сезім орнына қара ниет орнап, енді ол қалайда кек алуды ойлайды.
Той аяқталған соң араға шамалы уақыт салып, Жеті асар билеушісі құс салып, аң аулап қайтпақ болады. Сөйтіп жанына аз ғана нөкерлерін ертіп, дала кеңістігіне шығады. Олардың ішінде баяғы адам бар еді. Түс ауа қаладан шыққан қосын кешкілік бір өзеннің жиегіне түнемек болып тұрақтайды. Сол кезде ойына қалып кеткен садағы мен сауыты түсіп, сұлтан қамалға кісі жұмсайды. Бұл іске оның әйеліне ғашық болатын нөкері сұранып, рұқсат алады. Сұлтан оған аталған заттарды бірер сағаттан соң алып келуді бұйырады. Бірақ ол келесі күні ғана оралады. Сұлтан ашуланып, мұның себебін сұрағанда, ол ханымның бұйрығы бойынша сонда түнеуге міндетті болғанын айтады. Ашуланып, қаһарына мінген патша қатты намыстанады. Қызғаныш сезімі оның ақыл-есін билеп әкеткен еді. Атына қонған сұлтан үйіне жеткен бойда қызметшілерінің арасында шаруашылықпен айналысып отырған әйелін тауып, сөзге келместен басын шауып тастайды. Өлген әйелдің әкесі бұл оқиғаны естіген соң Сырдың арғы жағын мекендейтін көшпелі сақ тайпаларын көмекке шақырып, өзінің күйеу баласына аттанады. Оны өлтіріп, қол астындағы халқын тонап, қаласын қиратып, жанындағы сенімді адамдарымен сахабаларға қосылып жоқ болыпты.
Сол кезден бері бұрын гүлденген қаланың орны бос қалып, ондағы тіршілік туралы биік қабырғалары ғана хабар беретін болған» деседі.
Тоқсан ауыз сөздің түйіні, зерттеулер көрсеткендей, қазіргі Сырдария ауданы аумағында б.з.б. І мыңжылдықтың ортасында-ақ мықты бекіністі қамалдар пайда болған.
Дайындаған Б.ЖАНӘЛІ