Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр – елдің сәулеті

Батыр – елдің сәулеті

Тарихшы К.Катаев: «Азия тарихында үш жолбарыс болды. Ол – Шыңғысхан, Әмір Темір, Жалаңтөс» деген. Сол Жалаңтөс баһадүр сексен жасағанша тұстастарынан тірі пенденің оған қолы жет­кен жоқ. Ол тек пайғамбар әулетінің алдында кішік-ті. Себебі Құдайға, құранға имандай ұйыды.

Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлы 1576 жылы Сырдария өзенінің бойында Нұрата аймағында дүниеге келіп, 80 жасында дүниеден қайтты. Ол заманында мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, би және Әйтеке бидің үлкен атасы болды. Жалаңтөс Баһадүр бес жасқа келгенде әкесі Сейтқұл хан оны Нұратадағы мешітке оқуға жібереді. Алғыр да зерек Жалаңтөс Баһадүр батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шыңдап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды. Баласының бейімділігін байқаған әкесі оны 1590 жылы Бұхар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектебіне оқуға жібереді. Бұл мектепте Шыңғыс ханның қолбасшылық өнерінен дәріс беретін Бақимұхаммедтің баласы Имамқұл Жалаңтөс Баһадүрдің ерекше қабілетін байқап, оны өзімен бірге хан ордасында өтетін түрлі кеңестерге, шетелден келген елшілерді қабылдайтын салтанатты рәсімдерге қатыстырып отырды.

Хан ұрпағы Имамқұл мен Жалаңтөс бидің достығы осы кезден басталады. Бұхараның әскери мектебінде үш жыл оқып, түменбасылық лауазым алып қайтқан Жалаңтөс Баһадүр 1593 жылы Бұланғар, Лайыш, Қаттықорған жерлеріндегі Әлімұлы тайпасының бір бөліміне би болып сайланды. 1595 жылы Имамқұлдың шақыруымен Бұхарға келді де, хан кеңесінің ұйғаруымен Бағдад ханына оқуға жіберіледі. Онда білімнің әр саласынан дәріс тыңдап, 1598 жылы еліне оралады. Кейін елдегі саяси оқиғаларға байланысты Жалаңтөс Баһадүр «Ширдар», «Тіллә Қари» медреселерін салдырған. Батыр әрі би болған Жалаңтөс Баһадүр салдырған кешенді құрылыстар Самарқандағы Регистан алаңын қалыптастырып, кейін қаланың салтанатты орталығына айналған.

1598 жылы Тәуекел Бұқара шабуылы кезінде жау оғынан қаза тапқан соң қазақ хандығының алтын тағына оның інісі Салқам Жәңгір отырған. Есім ханның кезінде Жалаңтөс батыр қазақ үшін қандасып Ташкент қаласын басып алуға қатысты, сол қаланың әмірлігін атқарды. Ал, Мұхтар Мағауиннің 1623 жылғы қазақ хандығына қарсы Жалаңтөс Баһадүрдің соғысқаны жөніндегі дерегі бір діңнен шыққан ағаш бұтағының өзіне қарсы өсетіні секілді, қазақ-өзбек ұғымының еншісі бөлініп болмаған кез еді.

1645 жылдан бастап астрахандық хан­дардың шахзадаларына Жалаңтөс Баһадүр тәлімгерлік қызмет жасады. Әйтеуір, астра­хандық Жошы әулетінің Баһадүрге деген көзқарасы ерекше. Қорытындысында Жалаңтөс Бұқараның сарайында ықпалы жүретін, дос-дұшпан түгел санасатын дә­режеге жетті. Аса талантты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің ізінде қазақ және қазақ хандығы деген ел тұрады.

Атақты қолбасшы, ерлігі аңызға айналған батыр, жалпақ ел құрметтеген әмірші, қара қылды қақ жарған би, кезінде Орта Азияда жүз жылда ілуде біреуге ғана берілетін «Аталық» лауазымға ие болған Жалаңтөс Баһадүрдің есімін сөз еткенде, оның ата-бабасының ше­жіресін қысқаша болса да баян етпей өту мүмкін емес. Ол үшін тым әріге бармай-ақ, үшінші атасы Ораздан бастап баяндасақ, батыр бейнесі оқырманға біршама түсінікті болмақ.

Төртқара руының атына айналған, Қарамашақтың төрт баласының ішіндегі жалпы қазақ жұртына аты жайылған Әмір Темірдің бас кеңесшісі – осы Ораз. Әмір Темірге бата беріп, оған Әмір Темір деген атына «Көреген» деген қосымша ат беретін де – осы Ораз. Өзі танымаса да, әділ билік айтқан Ораздың есімін есіне сақтап қалған Әмір Темір 1370 жылы таққа отырғанда, Оразды шақыртып, өзінің бас кеңесшісі етеді. Сол Ораздың кеңесімен Самарқанды бүкіл Тұран мемлекетінің астанасы еткен. Ораздың Тоқпан деген баласы да – өмірінің соңына дейін Әмір Темірдің жанында болған батыр. Одан Тоғамыс, Шобан, Сейтқұл би туған. Сейтқұлдың бәйбішесінен Сейтімбет, Матай, Телес, Ақша би, Түрікпен, Дүйсеней, Кенже және кіші әйелінен Жалаңтөс Баһадүр жалғыз туған.

Сейтқұл Меккеге екі рет барған қажы, өте бай адам болған. Кезінде Сейтқұлды қазақтар «Байқажы», ал өзбектер «Байхожи» деп атаған. Бұхар ханы Иманқұл Жалаңтөстің соғыста жеңілмейтін таңғажайып ерлігіне сүйсініп: «Тәңірдің ерекше сүйген құлы – Абдулкерим», – депті деседі. Осының салдарынан бүгінде Самарқаннан он екі шақырым жердегі Дағбит қыстағындағы «Махтум ағзам» қорымындағы Жалаңтөстің басында оның шын аты-жөні емес, «Байхожи би ұгли-улкерим» деп жазылған. Сонымен, Сейтқұлдың кіші әйелінен туған жалғыз ұл Жалаңтөс 1576 жылы Сырдың Аралға құяр сағасында, жазғы жайлауда дүниеге келген екен. Шын аты – Жалаң.

Жалаңтөс би Самарқанды қайта құру жос­парын орталық алаң – Регистаннан бастады. Әмір Темірдің атақты немересі Ұлықбектің өнер мен ғылым тарихында алатын орны ерекше екені мәлім. Жалаңтөс сәулет өнеріндегі осы Ұлықбек үлгісін өнеге тұтты. Жалаңтөстің тікелей басшылық етуімен салынған Шери-Дар («Арыстан қақпа») медресесі 1620 жылы басталып, 1636 жылы бітті. Ұлықбек идеясына еліктеу осы Шери-Дар медресесінен анық байқалып отырады. Медресенің қас беті заңғар иықты, мұнаралары түзу биік, күмбезі дөңгелек барабанға орнатылған. Ұлықбек медресесінің негізгі архитектуралық бөліктері ұтымды қолданылып, қарама-қарсы құйылған медресенің ұқсастығы үйлесім тапқан. Бұл орайда Жалаңтөс өз ұстазынан тағылым алғанын мүлде жасырмаған. Сөйте тұра Жалаңтөс кезеңі Орта Азиялық сәулет өнері­­не біршама жаңалықтар енгізіп те үлгереді. Бұл жаңалықтар көбіне медресе қабырғаларын безендіру үлгісі мен қолданылған материалдарынан көрінеді. Мәселен, Шери-Дар медресесінің кіре беріс қақпасының маңдайшасы хайуанаттар бейнесімен әше­кейленді. Жалаңтөстің бұйрығы бойынша қақ­­пасына жолбарыстың, еліктің және адам тәріздес күн бейнесі салынған. Жолбарыс пен елік – рулық тотемдер, ал дөңгеленіп шашаққа оранған тәріздес күн бейнесі – бүкіл көшпенділерге ортақ Тәңірінің белгісі.

Жалаңтөс дәуірінен сәл кейін жазылған «Тарихи қыпшақ» кітабының авторы Бал­қыдан шыққан Қыпшақ хан қазақ батырының қызылбастарға жасаған жеңім­паз жорықтарын баяндайды. Кіші жүз руларының, әсіресе, алшындардың күшеюі осы дәуірмен байланысты. Кіші жүз ұлысы Ақсақ Темір әулетінің ықпалынан босап, олардың бұрынғы астанасы Самарқанды алып, феодалдық қақтығыстарды арқа тұтып, Қабыл, Мешхет, тіпті Темір әулетінің кейінгі астанасы Гератты да жаулап алу мақсатымен алыс сапарларға аттанып жүреді. Алшындардың бұл жорықтарын бас­­­қарған Сейітқұлұлы Жалаңтөс батыр еді. Жиі-жиі өткен жеңіс салтанатының құр­метіне Жалаңтөс иелік еткен Самарқан қа­ласына жан-жақтан, Үндістаннан, Ираннан, Ауғанстаннан, Қашғариядан, Хорезмнен, Қырғызстаннан, Жоңғариядан, Тибеттен аса қымбат тартулар келіп түсіп жататын.

Бірақ бұл соғыстар баянды болмады. Өйткені дәл осы кезде, 1635 жылы Қазақстанның оңтүстік-шығыс шекарасында қазақтарға қаны қарсы жаңа феодалдық мемлекет – Жоңғар хандығы орнады да, ол өзінің сыртқы саясатын Сырдария бойындағы қазақ қалаларын иемденуге бағышталған қантөгіс соғыстардан бастады.

Жеке халық болып қабырғасы қатая қоймаса да тарих сахнасынан жаңа бой көрсете бастаған қазақ әлеуметі ұзаққа созылған ауыр жағдайға ұшырады. Жоң­ғарлардың қазақ қолдарымен шайқасы жиі­лей түсті. Зеңбірекпен қаруланған жоңғар әскері қазақ жасақшыларының қатарын жиі-жиі ойсыратып отырды. Соғыстардың алғашқы кезеңі қазақтар үшін ауыр тиді. Әр түрлі ұлыстарға, жүздікке, хандықтарға бөлінген бөлек-бөлек қазақ ұлысының басын қосып, оны жауға ұйымдасқан тұтас күш ретінде қарсы қою сол кездің түбегейлі саяси мәселесі еді. Бір жарым ғасырға созылған қазақтың ұлт-азаттық күресін өмір тәжірибесі мол, әлеуметтік зердесі жетік, ұрыс-қағыстарда шыныққан, ел сынынан өткен Салқам Жәңгір, Әбілқайыр, Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қаз дауыс­ты Қазыбек, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қу дауысты Құттыбай, Райымбек, Шыңғожа секілді қалың бұқарадан шыққан халық ұлдары басқарғаны мәлім. Сайдың тасындай осындай азаматтарына бір ғасыр бұрын өмір сүрген Жалаңтөстей батырдың ерлік ісі үлгі-өнеге болды. 1640 жылдың Жоңғар мемлекетінің негізін қалаушы Батурмен ай­қаста Жалаңтөс бастаған қазақ пен Азия халықтарынан біріккен қалың қол тұңғыш жеңіске жетті. Жоңғар хандығының кезіне дәл келген осы соғыстардың өзінде-ақ Жалаңтөс жауының жағасын осылайша қисайтып о­тыр­­­­­­­ды. «Жалаңтөс» атауы азаттық ұраны­­на айналды. Жалаңтөс Баһадүрдің тері тамған жерге қазақ батырларының келер ұрпағының қаны тамды. Жалаңтөстің аты шыққан жерде жау басын көтере алмаған деседі. Бұл – Жалаңтөс батырдың саяси соғыс қайраткері ретінде байқалған, тарихи дерек байыздатқан бір ғана қыры.

Жалаңтөс бидің аса бір қадір тұтқан ісі – сәулет өнері еді. Ол иелік еткен Самарқан қаласының Бұхарадан дербестігін ғана сақтап қоймай, өзінен 150 жыл бұрын өткен Ақсақ Темірдің көк күмбезді, алтын қақпалы астанасын зәулім де көз тұнарлық ғимараттармен молайта түсті. Шартараптан ағылған мол байлықты Самарқанды қайта салуға, жаңа медреселер мен мешіттер, моншалар мен керуен сарайлар, жолдар мен арықтар салуға жұмсады.

Жалаңтөс тарихы таяу жылдар ішінде кемеліне келе кететін оңай шаруа емес. Баһадүр образын толықтыру, зерттеу үшін де бүгінгі ұрпаққа рух алдында тазалық керек. Қалғаны білім, ыждағат, ізденіс және батыр тұлғасын ел есінде қалдыратындай шаралар. Жалаңтөс Баһадүр – мың жылда бір туатын тарихи тұлға. Оны танымай, білмей жатып ұлттық ділдің іргетасын бекіте алмаймыз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 тамыз 2021 ж. 617 0