Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құнанбай қажының Сыр бойындағы жиен жұрағаттары

Құнанбай қажының Сыр бойындағы жиен жұрағаттары

Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Маханбет ағамыз редакцияға соғып, шығармашылық топ мүшелерімен тарих, ұлттық құндылық, өлкетану туралы әңгімелескен еді. Сонда мәдениет саласының майталманы аудандық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер болып еңбек еткен жылдары Құнанбай қажының жиен жұрағаттары туралы зерттеу мақала жазғанын айтып, сол мақала аудандық басылым бетінде жарияланса деген ұсынысын білдірген болатын. Аталған ұсынысты орындамақ ниетте бүгін оқырман қауым назарына «Құнанбай қажының жиен жұрағаттары» атты мақаланы ұсынып отырмыз.

Адам бойына асыл қасиет атаның қанымен, ананың сүтімен даритын болса, негізі Құнанбай әулетінен шыққан әкесі кім екенін анықтай алмаған Тұрғанбикеден өрбі­ген ұрпақтары бүгінде Қазақ елінің түкпір түкпірінде елге белгілі тұлға ретінде ғұмыр кешуде. Арқа елінен Сыр еліне келін болып келген Тұрғанбикенің заманымыздың заңғар ақыны Абай Құнанбайұлының тұтынған кітап жиһазын елге әкелгені, оны ұрпақтарының бүгінгі күнге дейін жақсы жағдайда жеткізуі үлкен игі іс деп бағалайтын болсақ, ендігі кезек сол асыл ана Тұрғанбике мен Дәрібайдан өрбі­ген ұрпақтары жайлы болмақ.

Біршама уақыттан бері Сыр еліне ұлы Абайдың тұтынған кітап шкафының келуі жайлы зерттеу барысында «Дәрібай мен Тұрған­бикеден тараған ұрпақтарымыз» деген көптеген кісілердің көмегі арқылы сол шкафты таныта білдік. Әрі жіберген қателіктерімізді түзете алдық. Осы кісілердің кейбір ұрпақтары заманындағы зұлмат дәуірден қуғын-сүргін көріп, туған елінен безіп, кейбірінің сүйектері жат елде қалды.

Ал енді сол Дәрібай мен Тұрғанбике отау құрғаннан кейін 2-3 жылға дейін ұрпақты болмапты. Алладан перзент сұрап, «Құлболды ишан» мешітіне түнегенде «3 ұлды, 4 қызды боласың» деп аян берсе керек. Айтқанындай Тұрғанбике өмірге Құлжан, Тасжан, Қосжан, Патыма, Зейнеп, Зере, Гүлсім есімді ұрпақ әкеледі. Осылардан тараған ұрпақтарын жіктесек, үлкен ұлы Құлжаннан Шағыр, Шағырдан Тереңөзек кентінде тұрған аудан, облыс көлеміне танымал ақын марқұм Балаш­бек Шағыров өрбиді. Оның ұрпақтары Тереңөзек кентінде өмір сүріп жатса, Тасжаны ұзақ ғұмыр кеше алмаса керек. Тасжан қайтыс болғасын әйелі Сәлима Тасжаннан қалған Қызкенже атты қызымен қалып, туған қайнысы Қосжанға әмеңгерлік жолмен қосылып, Қосжаннан Жәмила, Есбатыр, Сейітбатырды дүниеге әкеледі. Сәлиманың Тасжаннан туған қызы Қызкенже атақты сауыншы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, одан бүгінде көзі тірі Шіркейлі елді-мекенінде тұратын Пірішев Сейділда (Сартай) туған. Бұл кісі 80 жастан асқан өзінің Дәрібайдың жиені екенін, біздің айтып жүрген Абай шкафын «Абай шкафы» деп білетінін айтты. Бұл жөнінде бізге қолын қойып, қолхат та берді. Патыма атты қызынан Маутай, одан Жеңіскүл, Зейнеп, Маржан, Сайлаукүл, Балабай тарайды. Зейнеп қызынан Палкүл туса, бұл кісі бұрынғы «Ильич», бүгінгі Ақжарма ауылында тұрған.

Ал енді қызы Зере (Зөре) өзінен тараған ұрпақтарымен бірге кешегі Кеңестік жүйенің озбырлығына шыдай алмай 1930 жылдары зайыбы Рахымбабаның (Бабай ишан) дін жолында болуына байланысты елден, ұрпақтарының туған жерінен көшуге мәжбүр болады. Абай тұтынған кітап шкафы осы Зеренің дүниесі есебінде Асқар ауылына келеді-мыс.

Рахымбаба (Бабай ишан) тегі былай таратылады. Мақсұм сейіт, Мұхаммедәлі, Үмбетәлі, Мәуленберді, Зікірия, Жүніс, Бабай болып келсе, Зікіриядан – Мәніқожа, Әлиакбар, одан Әбілпатта, одан белгілі қоғам қайраткері Оспан туады. Білім саласының білгірі Оспан Әбілпаттаев Сырдария ауданындағы алғашқы ұстаздардың бірі болған, қазіргі күнде Тереңөзек кенті орталығында №210 орта мектеп осы кісінің атымен аталады. Оспаннан – Нұғман (Нәмән).

Жүністен – Рахымбаба (Бабай), Пазыл, Бөкетай, Әбіш, Әбдіраман, Әбдірейім тарайды. Әбіштен Аюп одан Бұрхан марқұм шаруашылықта еңбек етіп, ұрпақтары осы Асқар ауылында тұрады. Оның немересі Қуаныш – қари. Халықаралық Құран оқушылар жарысына қатысып, республикалық жарыстарда жеңіске жетті. Қазір Алматы қаласындағы орталық мешітте қызмет етеді.

Жүнісқожаның ағасынан туған Әмір Темір ұрпағы Хусейін Әмір-Темір – Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері. Қазіргі күнде ол Нартай Бекежанов драма театрының бас режиссері қызметінде. Рахымбаба (Бабай) Зеремен бүгінгі Асқар ауылының арқа тұсындағы 1-2 шақырым жерде Бабай мешіті жанында өмір сүрген. Бүгінгі күнде мешіт қабыр­ғаларынан бір бұрышы сақталған және Бабай ишан өзі еккен қара ағаш әлі өсіп тұр. Мешіт басына Әсия қызының ұрпақтары бас болып ескерткіш тақта орнатқан. Рахымбаба мен Зере осы жерде 4 ұл, 6 қызды болған. Алты қыздың бірі – Сәпия Рахымбабаның інісі Пазылдың қызы, оны өз қызындай бауырына басқан. Ол бойжеткен шағында Шіркейлі ауылында Алтын қожамен бас қосып, дүниеге Биқожа келеді. Биқожа ұрпақтары облыс көлемінде тіршілік етуде. Сәрсенкүл Биқожа қала­лық газеттің басшысы болса, марқұм Хәкімжан Бихожаев аудандық әкімдікте жоғарғы қызметте болды.

Рахымбаба мен Зереден тараған ұрпақтары ұлдары Иман, Қалымбет, Әбдіәли, Абдулла (Дәш), қыздары Қалжан, Балжан (Балшекей), Әсия, Бибіхадиша (Биша), кенжесі Үмбігүлсім (Үмбіш). Ишан отбасы 1930 жылдың басында қуғын сүргінге ұшырап, Өзбекстан арқылы Ауғанстан аспақшы болады. Тұрмыс құрмаған қыздарын жеделдете тұрмысқа бере бастайды. Балжанды немере інісі Оспан Әбілпаттаев қосады. Сейіт әулеті басқа қожаларға қара­ғанда жеті атаға қарамай емшектес болмауына ғана назар аударған. Кіші қызы Кеңес үкіметінің белсендісі мұғалім (ол кезде мұғалім үлкен тұлға). Әбілхайырға қосқанда «қызым, әйтеуір жыламассың, орыс молдасы демесең, заты қожа ғой, алдағыны Алла біледі, бұл заман қашанға дейін болатынын кім білсін» деп, өзі басқа бала-шағасымен Тәжік еліндегі Октябрь ауданы Қорғантөбе қаласынан үш шақырым жердегі «Сохтимони Вахш» колхозы Калача қыстағына жетіп, сонда тұрақтайды.

Бабай ишан 1937 жылы 80 жасында дүниеден өтеді. Зере анамыз да сол жерде о дүниелік болады. Кейін үлкен ұлы Иман әулетін басқарып, Ташкент облысы, төменгі Шыршық ауданындағы Буденный колхозы, Қызыл-Коммуна бөлімшесіндегі «Қожа» ауылына қоныс аударады. Ишанның Қалымбет, Әбдіәли атты 2 ұлын НКВД 1937 жылы «Халық жауы» деп ұстап әкеткеннен кейін үш күннің ішінде Қалымбетті атып тастап, Әбдіәлиді 8 жылға Сібірге жер аударады. Абдулласы Тәжікстанның Нүрек ауданында прокурорлық қызметте жүргенде соғысқа алынып, хабарсыз кетеді. Ишанның үлкен ұлы Иманға Ташкент түбіндегі Қожа ауылында топырақ бұйырады. Кезінде Исатай Әбдікәрімов сол ауылға барған сайын Иман бейітіне барып, дұға оқиды екен. Исатай Әбдікәрімовтың бұлай құрмет көрсетуі Иманның қызы Сараның жұбайы Әсетпен туыс­тығы болған. Әбдіәлиден Тұрсынкүл атты қыз көп уақыт Тәжікстанның Каттақорған деген жерінде тұрған. Қазір елімізге көшіп келіп, оңтүстік өңірлерде тұрып жатыр. Абдулланың (Дәш) Балайым қызынан туған Шолпан бүгінде Бабайдың Әсия атты қызының үлкен ұлы Ахметбектің келіні.

Ал ишан қыздарына келсек, қызы Қалжан­ның зайыбы Ыдырыс шайхы тәжік елінде өткен. Оның ұрпақтары елге оралды. Әсияның зайыбы Уәйіс шайхы ұрпақтары бүгінде Асқар ауылында. Ишанның Бибіхадиша (Биша) зайыбы Сәдуақас екеуінен Сақыпжамал (Сақан), Алтынкүл атты екі қыз тарайды. Сақыпжамалдан Рабиға (Рәш) ардагер-ұстаз Шымкент қаласында, екінші қызы Сәпия Астана қаласында. Алтынкүлден Лала атты қызы, Рүстем атты ұлы Шымкент қаласында тұрады.

Үмбігүлсім (Үмбіш) зайыбы Әбілхайыр, оның балалары Орынбай Құлымбетов (ұстаз), Шырынкүл, Қуаныш, Дариха, Құралай – Қызылорда, Тереңөзек, Шіркейлі елді-мекенінде тұрады. Құралай Тереңөзек кентін­де тұрады, ол қаржы саласының ардагері. Шырынкүлдің қызы Ләззат Палым­бетова Тереңөзек кентіндегі №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп директоры қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықса, Асылбек Палымбетов «Халық банкі» АҚ-ның Сырдария ауданындағы филиалының басшысы.

Осы Бабай ұрпақтары жөнінде материалдарды жинақтауға көмек берген Орынбай ақсақал әулеті жайындағы естелігінде былай дейді: «Сырдың ақиық ақыны, Асқар Тоқмағамбетовтің алғашқы ұстазы осы Рахымбаба екен, оны білгенім, біздің үйге 1950 жылдары Асқар ақын түскен еді. Менің анам Үмбігүлсім Асқар Тоқмағамбетовпен еркін сөйлесетін. Үйде Асқармен бірге бірнеше кісілер бар, астында көк арғымағы бар колхоз төрағасы Әріп Қуатов та үйге түсті. Асқар ақын Әріп аттан түсіп жатқанда жұртқа естірте былай деп аяқ астынан өлеңдете:

Әрекең мінген көк бесті,
Сенен арық өтпесті.
Әреке-ау, биелерден ұят болды,
Бермесең болмас өтпускі (отпуск)», – дегенде отырған жұрт гу ете күлгені бар еді. Колхоздың жылқы тұқымын асылдандыру үшін алдырған, кейін «Қақайкөк» атанған «Ақалтеке» тұқымды айғырды негізгі жұмысына емес, төраға мініс көлігі ретінде пайдаланып жүргенін ақын жұрттан естіп білді ме, әлде ақындық сезімімен айтты ма, ол жағы маған беймәлім еді. Осы отырыстағы әңгіме желісінде ақын Асқар алғашқы білімді менің анамның әкесі Рахымбабадан алғанын білдім. Мен дүниеге келгенде азан шақырып, Сыр сүлейі Қуаныш Баймағанбетов есімімді Сәкен Сейфуллинге ұқсатып, Сәкен қойған екен. Сәкеннің репрессияға ұшырауына байланыс­ты, ата-анам қорыққанынан Орынбай болсын деп өзгертсе керек», – деген еді ардагер-ұстаз.

Бұған қосарымыз ақынның:
«Бабай мешіті тұсынан өтетін едік,
Алла, Алла, Алла деп,...» деген өлең жолдары бар.
Ишан ата кіндігінен тараған ұлдары кешегі қилы заманда қуғын мен соғыста апат болған Бабайдың атын сақтау мақсатында Балжан атты қызы да, Әбілпатта ұлы Оспаннан туған ұлы Нұғманды (Нәмән) Бабайдың атына жаздырады. Бұл Бабаевтар әулеті бүгінде Шымкент қаласында тұрады, 90 жастан асса керек, бұрын әскери қызметте болған. Және де қызы Сарадан туған Нағметті Бабаев деп жаздырған. Имановтар әулеті Ташкент облысының Қожа ауылында. Бабайдың Нұғманынан Марат, Еркін, Асқар, Жеңіс, Мәрен, Баян, Ділбар, Серік болып келе береді. Бұлар Шымкент және Жамбыл қалаларында тұрады. Ал Бабайқызы Әсия ұрпақтары Сырдария ауданы А.Тоқмағамбетов ауылында өсіп-өнуде. Ұрпақтары шаруашылық, ағарту салаларында қызмет жасайды. Әсияның Мұхамедияр атты ұлының қызы Айгүл Уайсова журналистика саласында еңбек етуде.

Құрметті оқырман қауым, «Алып анадан туады» дегендей Тұрғанбикедей анадан осыншама белгілі ұрпақ өмірге келіп, оның кейбірінің өмірі зұлмат жылдарға тап келіп, дұрыс ұрпақ өрбіте алмай кеткені қаншама. Азды көпті Дәрібай мен Тұрғанбикеден тараған ұрпақтары – бұл менің білетінім, қалыс қалса ренжімес деп ойлаймын. Ұрпақтарынан қолға түскен мына суреттерді де басылым бетіне ұсынып отырмын.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет саласының үздігі,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»

05 қаңтар 2021 ж. 829 0