Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайсар» қарсыласын қапыда қалдырды

«Қайсар» қарсыласын қапыда қалдырды

Қызылордалық «Қайсар» өткен сенбіде өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады. Төрт тур бойы жеңіс кілтін таба алмаған жерлестеріміз бұл жолы жанкүйер көңілінен шығатын ойын өткізді. Тәжірибелі қарсыласын қапы қалдырып, биылғы біріншіліктегі алғашқы үш ұпайына қол жеткізді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Қызылордалық футболшылар алғашқы үш турда бірде-бір ұпай ала алған жоқ. Оның екеуінде өз алаңында қарсыластар ығына жығылды. Бұл жергілікті жанкүйерлер тарапынан реніш туғызғаны жасырын емес. Оған команда басшылығы «Әзірге футболшылар арасында түсінбеушілік бар. Олардың көбісі клубқа биыл қосылды. Алдағы ойындарда ұпай олжалауға күш саламыз» деген уәдесін бергенін білеміз. Турнир кестесінде он үшінші орында тұрған «Қайсар» үшін жеңіс ауадай қажет екені анық еді.

Доп додасының дүбірі естілген сәтте «Қайрат» басшылығы чемпион атағын жеңіп алуға күш салатынын жеткізді. Әрине, оған барлық мүмкіндік бар. Өз шәкірттері мен тәжірибелі легионерлер команда құрамына енгізілді. Десе де алты турдан кейін жағдайы мәз емес. Небәрі сегіз ұпаймен турнир кестесінің бел ортасында тұр.

«Қайсардың» бас бапкері Виктор Кумыков алғашқы минуттан жергілікті түлектерден Думан Нәрзілдаев, Елжас Алтынбеков, Өркен Махан сынды футболшыларға сенім артты. Сондай-ақ олардың қатарына бұдан бұрын негізгі құрамда алаңға шықпай жүрген Горан Милойко қосылды. Қалғаны «Қайсар» сапында тұрақты түрде ойындарға қатысып жүрген футболшылар еді. Ал қарсылас ұжымда Жоао Паоло, Элдер Сантана, Виктор Васин секілді шетелдік шеберлер және «Қайраттың» академиясында тәрбиеленіп шыққан жас таланттар жасыл алаңға шықты.

Алғашқы минуттан қос команда ашық шабуылға көшті. Екеуінің де есеп ашатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірінші кезеңде «Қайсар» сапынан Өркен Махан қақпашымен бетпе-бет шығып, өз мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Ал алматылық клубтың өткір шабуылына қызылордалық шабуылшылар тойтарыс берді.

Екінші кезеңде де ойын барысы дәл осылай өрбіді. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Төреші қосқан қосымша бес минут түгесілер тұста «Қайсар» шабуылшысы Айбар Жақсылықов алматылық қақпашы Данил Устименконың өрескел қателігін пайдаланып, жаңа командасы сапындағы алғашқы голын соқты.

Осылайша қызылордалық команда биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісін тойлап, турнир кестесінде он бірінші орынға көтерілді. Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 5 мамырда сырт алаңда Қарағандының «Шахтер» командасына қарсы өткізеді.
02 мамыр 2024 ж. 161 0