Бір алтын, бір күміс, бір қола
Қазалылық арулар Астана қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында осындай медаль жиынтықтарын ұтып алды.
Мамыр айының 12-17 мамыр күндері «Дәулет» спорт кешенінде өткен бокс бәсекесіне қатысқан №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бапкері Бақытбек Құлбаевтың шәкірттері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 69 келі салмақта бақ сынаған Ақерке Бақытжан қарсыластарының барлығын айқын басымдылықпен ұтып, алтын медальға қол жеткізді. Ал, 75 келідегі Айда Оңдаш күміс, 57 келіде жұдырықтасқан Дәметкен Келімбет тиісінше қола медальға ие болды.
Айта кетейік, халық арасында бұқаралық спортты дамыту және елдің ең үздік спортшыларын анықтау мақстанда өткен ел біріншілігін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, елорданың мәдениет және спорт басқармасы, «Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» Коммуналдық-қазыналық кәсіпорны ұйымдастырды. Чемпионат AIBA талаптарына сай 10 салмақ санаты бойынша өтті. Ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы дипломдармен және медальдармен марапаттады.
Ж.СОВЕТҰЛЫ