Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәбина – Азия чемпионы

Сәбина – Азия чемпионы

Бұрнағы күні спорт саласының ардагері, ба­­­сы­лымның тұрақты оқырманы Мектепхан Елеу­сінов бізге қоңырау шалып, ақжолтай жаңа­лықпен бөліс­кен еді. Қай кезде де зияткерлік ойын­дар­дың облыс көлемінде дамуына зор үлес қосып келе жатқан ел ағасы шіркейлілік өрен Сәбина Абылайдың Қыр­ғызстан елінде өткізілген Азия чемпионатында же­ңім­паз атануын ерекше қуа­нышпен қабыл алған­дығын жет­кізді. Расында, жер­лесіміз Қырғыз­стан елін­де жалауын көтерген шахматтан Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

Негізінен, Қазақстан құрама­сының 8 жасқа дейінгі қыздар ко­мандасының ойыншысы Сәбина Абылай жекелей сында рапид бағ­дарламасы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алды. Жалпы, Қа­зақстан құрамасы командалық ойында да, рапидтен де алдыңғы орыннан көрінген. Біздің жерлесі­міз тағы бір мәрте классика бағ­дар­ламасы бойынша ІІІ орынды қанжығасына байлады. Жетістігін еселей түскен Сәбина Абылай жекелей және командалық есепте 3 алтын, 1 қолаға қол жеткізді. Өз кезегінде №12 Сырдария аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебінің шахмат бөлімшесінің жат­тықтырушысы Үсен Маханбетов шә­­кіртінің жетістігі туралы пі­кір біл­дірді.

– Менің шәкіртім Сәбина Абылай – №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің 3 сынып оқу­шысы. Дарынды оқушым шахмат үйір­месіне 5 жасынан бастап қаты­са бастады. Алғырлығымен көзге түскен спортшымыз Қазақстан құ­ра­масына қабылданып, сақадай сақ ойыншылардың қатарынан та­­былды. Қырғызстан елінде бір­неше қарсыластан басым түсіп, ме­рейімізді үстем етті. Алғаш рет Азия чемпионатында сырда­риялық спортшы жеңіске жетіп, ауыл­дастарының абыройын асқақтата білді. Қызылорда қаласындағы те­міржол вокзалынан Сырдария ауданына қарасты спорт саласының жауапты мамандары жеңімпазды салтанатты түрде күтіп алды. Барша құрмет көрсете білген жандарға алғысымыз шексіз! Алдағы уақытта шәкіртіміз орасан жетістіктерге қол жеткізеді деп сенеміз. Сәбинаның алар асуы алда. Уақыты келгенде әлем біріншілігінде шәкіртіміз топ жарса деген тілегіміз де жоқ емес, – деді Үсен Маханбетов.

Жалпы, құрлықтық бәсекеге 11 мемлекеттен 280 шахматшы қа­тыс­қан екен.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 шілде 2023 ж. 176 0