Қазақтар енді ғана қазақ екенін сезініп жатыр - Диас Ахметов
Қазақстанда садақ атуға қызығатын мерген жастардың қатары көбейген. Бүгінде дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары екі мыңнан асады. Ұлттық құндылықты жаңғырту жолында өңірлерде арнайы орталықтар да ашылып жатыр. Мұндай орталықтардың саны 15-ке жетті.
Былтыр «Дәстүрлі садақ ату» өнері Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен спорт түрі ретінде ресми танылды. Содан бері елімізде республикалық және қалалық деңгейдегі жарыстар жиі ұйымдастырылып келеді. Жеңіске жеткен спортшылар спорт шебері, спорт шеберіне үміткер және халықаралық жарыстан орын алған жағдайда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады. Айта кетсек, жуырда ғана Астана қаласының чемпионаты өтті. Оған 80-ге жуық сұрмерген қатысты. Жарыста 18-24 және 24 жастан жоғары азаматтар бақ сынасты.
Осы тұста мақала авторы «Дәстүрлі садақ ату» академиясының негізін қалаушы Диас Ахметовпен жүздесіп, чемпионат жайлы пікір алмасты.
«Чемпионат төрт түрлі нысана бойынша өтті. Олар былай жіктеледі: түріктің пута нысанасы 70 метр (ерлер арасында), 60 метр (әйелдер арасында) (9 оқтан 7 мүмкіндік), Орта Азия нысанасы 35/40 метр (5 оқтан 6 мүмкіндік), қалқан нысанасы 60 метр ерлер, 50 метр әйелдер (7 оқтан 7 мүмкіндік) және Жамбы нысанасы 30 метр (ерлер мен әйелдер) (5 оқтан 3 мүмкіндік). Барлық спортшыларға бірдей төрт нысанада бақ сынау мүмкіндігі берілді. Әр нысана бойынша анықталған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен бірге 23-27 маусым аралығында Алматы облысының Қарасай ауданында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл сайыстың ерекшелігі – қазақтың дәстүрін сақтайтын ұлттық нақыштағы киіміміз. Сайыста тек спорт дамымайды, онымен қоса қазақтың рухы жаңғырып, ұлттық спортқа деген сүйіспеншілік артады. Соңғы үш жылдың ішінде дәстүрлі садақ атуға деген қызығушылық артты. 32 жылдың ішінде қазақтар енді ғана қазақ екенін сезініп жатыр.
Сонымен қатар 7 жастан 70-ке дейінгі ақсақалдар да бұл спорт түріне қызығушылық танытып жүр. Жарыста республикалық «Дәстүрлі садақ ату» федерациясының спорт менеджері әрі мерген Бақберген Сәлімов аса қырағылығымен жебесін нысанаға дөп тигізіп, бірінші орынды қанжығасына байлады.
Бес қарудың бірі саналатын садақ ату өнерін дамыту алғаш 2019 жылы шілде айында «Sadaq atý» республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы» қоғамдық бірлестігінің ашылуымен бастау алған. Мақала авторының жазуынша, алғашқыда мергендер сапында 50-ге жуық спортшы болған. Тіпті Алматы мен Астана қаласында садақ атуды екі мектеп қана үйреткен. Енді міне, араға төрт жыл салып, қажырлы еңбек пен төккен тердің арқасында әр өңірде федерация мен садақ ату мектептері ашылған. Кәсіби спортшылардың саны да мыңнан асқанын айта кету керек.
Еске сала кетсек, дәстүрлі садақ атудан ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында еліміз 1 күміс медальға ие болған. Сондай-ақ былтыр мамыр айында Түркия елінің Ыстанбұл қаласында жыл сайын өткізілетін «Fetih Kupası» халықаралық турниріне Қазақстанға 14 квота бұйрыпты. Бұл турнирге садақшылардан ерлер және әйелдер санаттары бойынша қатысқан.
«2022 жылғы 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 13 садақшымыз бақтарын сынап көрді. «Түрік нысанасы» бойынша садақшы Қасымхан Қанат 105 спортшының арасынан шешуші сынға шығып, 2-орынға ие болды. Биыл еліміздің ұлттық құрамасына дәстүрлі садақ атудан 36 спортшы енгізілді», деді «Дәстүрлі садақ ату» академиясының аға бапкері Диас Ахметов.
Айта кетсек, келер жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өткізіледі. Дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшелері осы дүбірлі додаға қатысып, бақ сынасуға сақадай сай отыр.