Қазақ шабандозы Францияда өткен бәйгеде бірінші келді
Қазақ шабандозы Бауыржан Мұрзабаев беделді «Катар При» ат жарысына қатысып, екі рет бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды Хабар 24.
Сайыс Францияның солтүстігіндегі Шантийи қаласында өтті.
Бауыржанды Францияға атақты жаттықтырушы Андре Фабре шақырған. Отандасымыздың шеберлігі Еуропаға кеңінен танымал болғанымен, Францияның ат сүйер қауымы арасында аса танымал емес. Бірақ соған қарамастан Фабре Бауыржанды өзінің басты шабандозы етіп тағайындаған. Қандасымыз бапкердің артқан үмітін ақтады. Шабандоз Шантийиде 6 бәйгеге қатысып, оның сәйгүлігі екі рет мәреге бірінші болып келді. Енді бірнеше аптадан кейін отандасымыз «Париж Гран приінде» бағын сынайтын болады.
Бауыржан Мұрзабаев, шабандоз: - Франция ат спорты саласында Еуропадағы ең үздік ел саналады. Менің мансабым Чехияда басталған. Содан кейін Германияда болдым. Енді мне Францияға келіп еңбек етіп жатырмын. Бұған дейін жұмыс істеген елдерімде чемпион болдым. Францияда да 2-3 жыл ішінде осы биік белеске жетуді мақсат етіп отырмын.