Елена Рыбакина тарихи жетістікке жетті
Тарихи жетістік. Қазақстандық Елена Рыбакина алғаш рет WTA 1000 санатындағы жарыста топ жарып, әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Рейтингілік турнир АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтті және қазақстандық теннисші финалға дейін жетіп, соңғы сында белорус өкілі Арина Соболенкомен жолықты. Матч 2 сағатқа созылды. Нәтижесінде Елена 7:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Еске сала кетейік, қос мықты бірер ай бұрын Австралия ашық чемпионатының финалында да жолығып, ол кезде белорус қызы басым түскен болатын. Осы жеңістің арқасында Рыбакина әлемдік рейтингтің 7-ші сатысына көтерілді. Айта кету керек, қазақстандық теннисшілер арасынан ол бірінші боп осындай деңгейге жетіп отыр. Сонымен қатар Индиан-Уэллс қаласындағы жеңісі үшін 1 млн доллардан аса сыйақы алды. Ұлттық валютаға шаққанда шамамен 570 млн теңгені құрайды.
Елена Рыбакина, жарыс жеңімпазы:
- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Менің қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтамын. 2 апта бойы аянбай тер төгіп, осы биікке ұмтылдым. Алдағы жылы да осы жарысқа қатысып, жетістігімді қайталауға тырысам. Өйткені бұндағы атмосфера ұнайды. Нағыз теннис мерекесі.