Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елена Рыбакина Дубайда әлемнің 3-ракеткасын ұтты

Елена Рыбакина Дубайда әлемнің 3-ракеткасын ұтты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакинаның бұл жолғы қарсыласы өте мықты, әлемнің үшінші, осы доданың 2-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкова еді.
Бірінші партияда есеп 2:3 болған мезетте доп берген қазақстандық теннисші қателікке бой алдырып, қарсыласының брейк жасап кетті. Дегенмен іле-шала қайыра брейкке қол жеткізіп, таразы басын теңестірді – 4:4. Ал тай-брейкте 20 жастағы Рыбакина 1992 жылғы тәжірибелі қарсыласына бір ғана ұпай берді – 7:6 (7:1).
Екінші сетті бастаған Елена Плишкованың брейк жасауына жол бермей, өзі сондай мүмкіндікті мүлт жібермеді – 2:0. Ақыры есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.
Тартысты бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.
Осылайша қазақстандық теннисші бір турнирдің өзінде рейтингте үздік ондыққа кіретін екі спортшыны ұтып отыр. Бұдан бұрын ол алғашқы айналымда әлемнің 7-ракеткасы, биылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық София Кенинді тізе бүктірген болатын.
Е.Рыбакина премьер деңгейіндегі Дубай жарысының (жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуық) финалына шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартич немесе рейтингте 24-орындағы эстониялық Анетт Контавейттің біреуімен таласады.

20 ақпан 2020 ж. 579 0