Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Болаттай берік Бейбітжан

Болаттай берік Бейбітжан

Әлеуметтік желі - бүкіл тірліктің жарнамасындай кез келген жанның әр қадамын бағып, көрсетіп тұратын барометр секілді емес пе.

Осыдан бір айдай бұрын желіде Бейбітжанмен пікірлесіп едім, алда ережесіз жекпе-жектен чемпиондық белдігін қорғайтындығын жеткізген болатын.

Уақыт жақындаған сайын дайындығының жоғары дәрежеде жүріп жатқандығын, сол шақты асыға күтіп жүргенін, енді бірде дайындықтың толық та сәтті аяқталғанын желі арқылы жанкүйерлеріне және ескертіп тұрды.

Сөйтіп жүргенде сол күн - чемпиондық белдікті сарапқа салатын күн де кеп қалыпты.

Ауылдан кеше кешке қаншама С.Сейфуллиндік жанкүйер бауырлары Қызылордадағы Еуразия кешеніне асықтық.

Халықаралық статусқа ие ережесіз жекпе-жек сайыстары болатыны жарнамасынан белгілі. Жан алысып, жан берісетін жекпе-жектерді бұрын теледидардан көргенімізбен дәл жанынан көзбен көрмеген біз үшін бәрі таңсық. Ерекше әсер. Бөлек дүние.

Ең негізгі сайыс - Бейбітжанның чемпиондық белдігі үшін айқас.

Әлемдік дәрежеде мойындалған қайсар ұланымыздың бойындағы күш-жігер қайдан келгенін білу үшін енді бір сәт Бейбітжанның ата-тегіне қарай тереңдеп көрейін.

Бейбітжанның арғы атасы Құдайберген Өміров Ұлы Отан соғысында қатысып, ауылға "Қызыл жұлдыз" орденін бірден-бір иеленіп келген батыр еді.

Ондай жоғары дәрежелі орденді қалай иеленіп келді десеңіз, өзі шағын ғана Құдайберген ақсақал, қан майданда арнайы тапсырмамен немістің тылына өтіп кетіп, еңгезердей фашистің жоғары шенді офицерін "тіл" қылып алдына салып алып келген екен. Не деген көзсіз ерлік шынында!

Осы тектес батырлықтары үшін берілген "Қызыл жұлдыз" ғой.

Руы Ажым Табын Құдайберген ақсақал Керейт руының аруы Патыма әжемізбен бақытты ғұмыр сүрді. Ауыл шаруашылық саласымен айналысып, совхоздың малын бақты. Патыма әжеміз кәдімгі үй шаруасында болды.

Ол кездегі ауылдағы атаулы іс-шараларға, құдайы-тойларға қаққан қазықтай отырып бәйге атымен баратын. 
Қияқ мұртты, жанары отты, кездескен жанға тура қарайтын ақсақал бетпе-бет келгенде кім-кімді де жасқандыратын айбатты еді. Уақыты келіп, 1993 жылы 71 жасында Алланың құзырына оралды.

Бейбітжанның атасы Қобыланды ағамыз да қарулы, тақымы мықты көкпаршы болды.

"Қобыландының көк аты" деген көкпар атымен талай топтың алдында жарқырап жүргенін ауыл халқы әлі аңыз ғып айтады. Шаруашылықта күріш екті. Техника айдады.

Қобыланды ағаның жары - Гүлжан анамыз да ауыл шаруашылығында қызмет етіп, 5 ұл дүниеге әкеліп, оларға жақсы тәрбие берді.

Гүлжан анамыздың ауылдағы Сабантойлар мен Наурыз тойларында күрескенін, өзінен екі-үш есе үлкен әйелдерді алып ұрғанын да көргенбіз. Өзі шап-шағын болса да, ірі әйелдерді қалай алып та, шалып та құлататынына таң қалатын, ағайындар!

Бейбітжанның әкесі 1976 жылғы Әмірханға сабақ бердім. Оқушы кезінде жақсы күресті. Жүректі де мәрт жігіт. Қорқу дегенді білмейтін.

Міне Бейбітжанның бірбеткей мінезі мен мықтылығы қанымен келген тектіліктен шығып тұрғаны рас боп тұр ғой. Ол С.Сейфуллин ауылындағы N137 орта мектептің 5-сынып оқитын шамасында болу керек жұмыстың бабымен, тіршілік қамымен бүкіл Өміровтер әулеті қалаға көшті.

Содан он шақты жыл өткенде ауылымызға ережесіз жекпе-жектен 57 кг салмақта әлем чемпионы болып оралуының өзі ауылдастары үлкен мақтаныш.

...Қайтадан кешегі жекпе-жектерге оралайын.

Қырғызстанның Тәжікстанның, Өзбекстанның, Алматы қаласының "Айбын", Қызылорда қаласының "Орда", Сырдария ауданының жекпе-жек клубтарының кіл мықтылары өздерін дәлелдеген сайыс болды.

14 кардта болған сайыстың екеуіне ғана тоқталайын.

Өйткені екі жекпе-жек осы әулетке қатысты.

Кештің орта тұсынан аса бере Бейбітжанның туған інісі Мағжан шықты шаршы алаңға.

Мағжан - "Орда" жекпе-жек клубынан. Қарсыласы - "Айбын" жекпе-жек клубынан.

"Ә" дегенмен қоян-қолтық басталған жекпе-жек Мағжан үшін оңай болмағаны рас болса да, яғни қылғындыру әдісіне түсіп қала жаздап, әбжілдігі арқасында одан құтылып, сайыстың орта тұсында Мағжан қарсыласының үстіне шығып қалың соққыларға иек артып, қарсыласын берілуге мәжбүр етті. Айқын басымдықпен жеңді. Залдағы бүкіл көрермен бір сілкініп басылдық. Мағжан да мықты екен. Бұрын оның жекпе-жекке қатысатынын, ережесіз жекпе-жектен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері екенін білмейді екенбіз. Бұла күші бойына сыймай тұрған Мағжанның әлі талай байрақты додаларда қарсыластарын қапы қалдыратынына сендік.

Сонымен бүкіл көрермен күткен жекпе-жектің кезегі де келді.

"Сегіздік" ішінде біздің Бейбітжан мен Сардарбек атты Өзбекстан чемпионы.

"Табын" деген лақап атымен танылған Бейбітжан еш саспастан әртүрлі соққыларымен танылмақ болған, амал-айла әдістерін оңтайлы қолданғысы келген ала тақиялы қарсыласын бір минут шамасында "бұрап" тастады. Таза жеңіс!!!

Еуразия спорт кешені біраз уақытқа дейін көрермендердің дауысынан жаңғырып тұрды.

Сәл саябыр тартқан кезде чемпионға сөз берілді.

Іспен бірге сөзге де шебер Бейбітжан нақышына келтіріп тебірене сөйлеп, ата-анасына, бапкерлеріне, демеушілеріне һәм жанкүйерлеріне рахмет айтты. Тіпті өлеңдетіп жіберді.

Әке жүрегі баласы үшін әркез алаң ғой. Әмірханның толқынысты сәттерін де көрдік. Баласы чемпиондық белдігін мойнына тағып жатса, қай әке де тебіренеді емес пе?! Сыртынан қарап тұрып біз де толқыдық. Және шынайы ырза болдық. Жеңіс кезіндегі адамдағы көңіл-күй шіркін бөлек қой. Баһадүр бауырымызбен бәріміз мақтандық.

Сәкен ауылынан зейнет жасына жақындаған Әлиев Темірхан ағамыз, ауыл әкімі Қыдырбаев Бекзат бастап жанкүйер боп барған елуге тарта жігіт қайта-қайта чемпионмен суретке түстік.

Бұл да бір дәурен екен.

Бұл да бір бақытты сәт екен.

Жарайсың болаттай берік Бейбітжан!!!

Бүкіл Сыр елі, бүкіл Сырдария ауданы, өзің туған С.Сейфуллин ауылы өзіңдей намысы наркескендей нарқоспақ батыр ұлмен мақтанады.

Бағдат ЕСНАЗАР,
аудандық мәслихат депутаты
28 қараша 2022 ж. 302 0