Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Немістерді жеңе аламыз ба?

Немістерді жеңе аламыз ба?

14-16 сәуір аралығында Нұр-Сұлтандағы Ұлттық теннис орталығында Билли Джин Кингтің кубо­гы жо­лын­дағы жарыстың ірік­теу кезеңінде Қазақстан мен Германия құрамалары өзара шеберлік сынасады. Қазірдің өзінде аталған бә­се­кеде қос команданың қан­­дай құрамда өнер көр­се­тетіні белгілі.

Кезінде әйелдер арасындағы бұл жарыс Федерация кубогы деп аталатын. 2020 жылы оған АҚШ-тың әйгілі теннисшісі, белгілі қоғам қайраткері Билли Джин Кингтің есімі берілді. Ол 1960-1983 жылдар аралығында өнер көрсетіп, бірер жыл бойы әлемнің бірінші ракеткасы деген мәртебелі атаққа ие болды. Алты рет Уимблдонды ұтып, US open турнирінде бес мәрте топ жарды. Аустралияның ашық біріншілігінде алдына жан салмай, Ролан Гарроста да дара шықты. Жекелеген, жұптық және аралас жұптар сайыстарын қоса алғанда Кинг «Үлкен дулыға» санатындағы жарыс­тарда 39 рет жеңімпаз атанды.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, аталған турнирде ең көп олжаға кенелген АҚШ құрамасы екенін аңғарамыз. Америкалықтар 18 мәрте бас жүлдені олжалады. Чехия теннисшілері 11 рет теңдессіз деп танылса, жеті жарыста Аустралия арулары алдына жан салмады. Сондай-ақ Испания мен Ресей – бес, Италия – төрт, Франция – үш, Германия – екі, Бельгия, Словакия және ОАР  бір-бір реттен теңдессіз деп танылды.

Біздің іріктеу турниріндегі қарсыласымыз – Германия құрамасы жарты ғасырдан аса уақыт осы жарыста өнер көрсетуде. Олар 1987 және 1992 жылдары Билли Джин Кинг кубогын иеленді. Сол даңқты команданың сапында Штеффи Граф, Клаудиа Коде-Кильш, Анке Хубер, Барбара Риттнер сынды аттары аңызға айналған теннисшілердің ойнағанын көзі қарақты көрермендер жақсы біледі. Тағы бес турнирде не­міс­тер финалға шыққанымен, шешуші тұста қарсыластарына есе жіберді. Соңғы рет олар 2014 жылы Прагада өткен жарыстың ақтық сынында Чехиядан 1:3 есебімен ұтылды.

Сәуір айының бел ортасында Нұр-Сұлтанда өтетін бәсекеде Германияның намысын Анжелика Кербер, Андреа Петкович, Юле Нимайер, Анна-Лена Фридзам және Лаура Зигемунд сынды ойыншылар қорғайды. Бұлардың барлығының де есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Мәселен, 34 жастағы Кербер кезінде әлемнің бірінші ракеткасы атанса, бұл күндері WTA тізімінде 15-орынды иеленуде. 2016 жылы ол Аус­т­ра­лия мен АҚШ-тың ашық біріншіліктерінде топ жар­ды. Рио Олимпиадасында күміс медальды олжалады. 2018 жылы Уимблдонда дара шықты. Ан­же­лика 2014 жылы Германия құрамасы сапында дәл осы жа­рыс­тың күміс жүлдегері атанды. Әлемдік рейтингте 62-орында тұрған Петковичтің де жасы 34-те. Тасы өрге домалап тұрған кезінде ол Ролан Гарростың жартылай финалына дейін жетіп, WTA жарыс­тарында жеті мәрте жеңімпаз атанды. 22 жастағы Нимайер үздіктер тізімінде 111-орынды еншілеуде. Ол болашағынан зор үміт күттіріп отырған аса дарынды теннисшілердің бірі. Фридзам мен Зигемунд та түрлі халықаралық додаларда бақ сынап, үлкен тәжірибе мектебінен өткен мықты ойыншылар.

Германияға қарсы кездесуде Қазақстан құрамасы сапында Елена Рыбакина (жекелеген рейтингте 20-орында), Анна Данилина (жұптық рейтингте 22-орын), Юлия Путинцева (жекелеген рейтингте 47-орында), Зарина Диас (жекелеген рейтингте 110-орында) және Жібек Құламбаева (жұптық рейтингте 297-орында) кортқа шығады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
25 наурыз 2022 ж. 253 0