ХХІҮ Қысқы Олимпиадаға санаулы күндер қалды
2022 жылы спортсүйер қауымды бірқатар қызық күтіп тұр. Солардың бірі – Қысқы Олимпиада ойындары. Биылғы Олимпиада алауы Қытай астанасы Пекин қаласында жағылады. ХХІҮ Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпанда басталып, 20 ақпанға дейін созылады.
Әлем бойынша қысқы Олимпиада ойындары 1924 жылдан бері өткізіліп келеді. 1994 жылдан бастап қысқы ойынның өту мерзімі жазғымен салыстырғанда екі жылға алға жылжыды. Қысқы спорттық ойындар тарихына көз жүгіртсек, қазақстандықтар үшін табысты бола қоймағанын байқаймыз. Жалпы, қысқы сайыс кезінде Қазақстан сегіз медаль алса, оның төртеуін 1994 және 1998 жылдары Владимир Смирнов қоржынға салған.
Ресми деректерге сүйенсек, Қытай қысқы олимпиада ойындарына қызу дайындық үстінде. Биылғы байрақты бәсеке «Together for a Shared Future», яғни «Ортақ болашақ үшін бірге» ұранымен өтетін болады. Сайыста спорттың 7 түрінен, 15 спорттық пән бойынша барлығы 109 медаль сарапқа салынады. Дүбірлі додаға кәсіпқой және әуесқой мамандар қатысып, бақтарын сынайды.
Бейжіңде өтетін бәсекеге қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен 82 лицензия жеңіп алған. Спортшыларымыз шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, шаңғы скандинавикалық аралас, фристайл (могул, акробатика), тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жүгіру сияқты спорт түрлерінен сайысқа түседі. Бүгінгі таңда олимпиадалық команда құрамына барлығы 32 спортшы енді.
Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін Паролимпиада өтеді. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесіп, ел намысын қорғайтын байрақты бәсекеде спортшыларға сәттілік тіледі. Президент аталған спорттық сайыстардың маңыздылығына тоқтала отырып, Қазақстаннан қысқы олимпиадаға ең таңдаулы спортшылар аттанып жатқанын атап өтті.
Бейжің Олимпиадасында Қазақстан командасының Туын ұстаушылар да таңдалды. Бұндай маңызды жауапкершілік шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегер Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдоваға тапсырылды.
Сондай-ақ Ұлттық Олимпиадалық комитет 2022 жылғы дүбірлі додаға арналған Қазақстан командасының формасын көпшілік назарына ұсынды. Олимпиадалық құрамның формасы алғаш рет «QAZAQSTAN» деген атаумен шығады.
Жарыс үш негізгі орталық – Яньцин, Чжанцзякоу және Бейжіңде өтеді. Қазақстандық құрама 27 қаңтарда «Air Astana» әуе компаниясының чартерлік рейсімен Hұp-Сұлтан қаласынан шығып, Алматы қаласына аялдап, Қытайға жол тартады. Айта кетейік, коронавирус індетіне байланысты қауіпсіздік шаралары сақталып, спортшылардың денсаулығы қатаң бақылауда болады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ