Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2020 жылдан бастап медициналық көмекті қалай алуға болады?

2020 жылдан бастап медициналық көмекті қалай алуға болады?

Ағымдағы жылдың 18 маусымында ҚР Үкіметі 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесін бекітті.
2018 жылдан бастап МСҚ ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.
2019 жылдың 20 маусымындағы мәліметтер бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 23,9 млрд. теңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 56,5 %. 2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 42,4 млрд. теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 8,5 % артық. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.
Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 74 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 44 жеке меншік клиника да бар.
Мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық көмек көрсетуге дайын жеке медициналық ұйымдардың саны бойынша Қызылорда облысы көшбасшылар қатарында.
2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңге деп белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67 процент көп. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.
Қаражат ең алдымен қандай салаларға жұмсалады және неліктен?
Қосымша қаражат мынадай салаларға жұмсалады:
Профилактикалық шараларды күшейтуге:
– бастапқы медициналық-санитарлық көмекке (қаржы­ландыру көлемі 40 проценттен 50% дейін артады):
– емханалық-амбулаторлық көмек саласындағы жан басына шаққандағы норматив пен жедел жәрдемге. Жан басына шаққандағы норматив дегеніміз не? Бұл – емханаға тіркелген әр адамға бөлінетін қаржы. Қаражат ол азамат емханаға қаралса да, қаралмаса да, оның ем-домына жұмсалған шығын мөлшеріне қарамастан бөлінеді. Емханада қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар шамамен 30%, жедел жәрдем шақыруға кететін шығын – 24% артады.
– консультативтік-диагностикалық қызметтерге бөлінетін қаржы 5 есе артады;
Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын күшейтуге:
– стационарлық және стационарды алмастыратын кө­мек­ті, соның ішінде жоғары технологиялы қызметтерді қаржыландыру деңгейі 25% өседі
– сақтандырылған азаматтарды оңалту мен қалпына кел­тіруге бағытталған ем-дом шараларына бөлінетін қаражат 2,5 артады;
– медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіру мақса­тында тарифтерді көтеру жоспарланып отыр.
Тариф қалай және ненің есебінен өзгереді?
Медициналық сақтандыру қоры былтырдан бері та­рифтерді жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, Қор тарифтерді көтеріп, аймақтар арасындағы тариф алшақығын жоюды ұсынған болатын.
Жалпы алғанда, тарифтерді есептеу әдістемесі де түбегейлі өзгермек. 2021 жылдан бастап тариф қалыптастыру барысында амортизациялық шығындар ескерілетін болады. Тариф мәселесіндегі негізгі өзгерістің бірі осы.
Медициналық қызметтердің нарықтағы бағасы мен мемлекеттік тарификаторды салыстырсақ тариф қалыптастыру тәсілдерінің арасындағы алшақтықты байқауға болады. Мысалы, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бүйрекке жасалатын УДЗ үшін 804 теңге төленеді. Ал, мемлекеттік медицина ұйымдарында УДЗ ақылы түрде жасату үшін орта есеппен 2 230 теңге төлеу қажет.
Шешуді қажет ететін мәселенің бірі – профилактикалық қызметтерді дамыту саласы. Бұл қызметтер емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда көрсетіледі. Ең алдымен осы блоктағы тарифтерді көтереміз. Себебі профилактиканың мәні зор.
Оған қоса, Қор еліміздің барлық аймақтарында қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында тарифтерді теңестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұрын мамандандырылған көмек жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын. Салдарынан, 2018 жылы аймақтар бойынша онкология саласындағы айырма 3,1 есеге жеткен. Мысалы, Ақтөбе облысында қатерлі ісікке шалдыққан 1 сырқатты емдеу құны айына 4,1 мың теңге болса, елордада 12,5 мың теңгені құрады. 2019 жылы осы айырма 2,6 есе қысқартылды. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.
Жыл басынан бері Денсаулық сақтау министрлігі тарифтерді екі рет көтерді. Бірінші кезеңде – медицина саласындағы жалақысы төмен мамандардың айлығы көтерілді, екінші кезеңде – медицина ұйымдарындағы барлық қызметкерлердің жалақысы өсті.
Тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті
Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ.
Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті.
Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылғанына қарамай пайдалана алады.
Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар: емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады; әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандарға ғана пайдалана алады.
Зәру азаматтарға тегістей паллиативтік көмек көрсетіледі.Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді.
ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады
Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады.
МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар? Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында.
Қандай қызметтер бұрынғыша тегін болып қала­ды?
Жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Бір қызмет тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетіле беруі мүмкін. Ол пациенттің жағдайына байланысты реттеледі. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, ал, жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн.
Тегін көмек кімдерге көрсетіледі?
Тегін медициналық көмек ең алдымен, Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Ал, Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер кепілдендірілген тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды.
МӘМС пакетіне қандай қызметтер енеді?
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек – жедел және шұғыл көмек көрсетуге, сондай-ақ, қоғам үшін макңызы бар ауруларды бақылауда ұстауға бағытталған. Ал, МӘМС пакеті – азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының негізін қалауға ықпал ететін қызметтерден тұрады.
Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.
Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрлері, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.

Руслан Бектібаев,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Кызылорда облысы бойынша филиалының директоры
13 шілде 2019 ж. 946 0