Бірлескен жоба аясында бірқатар мәселелер қаралды

Аймақ басшысы аталған жоба өңірдің экологиялық мәселелерін шешудегі маңызды қадам екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Корея – жылдар бойы ашық және сенімді қарым-қатынас орнатқан стратегиялық серіктестер. Компанияларымыз адал еңбегімен аймақтың мәдени-рухани, аграрлық және әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосуда.
Өздеріңізге белгілі, 2024 жылы 12 маусымда Астана қаласында өткен «Қазақстан-Корея» бизнес форумы аясында «Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жарататын, сұрыптайтын және қайта өңдейтін зауыт салу» жобасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында алдағы екі жылда құны 81 млн. АҚШ доллар болатын 9 жобаны жүзеге асыру көзделген. Аталған жобалар іске қосылғанда өңірдің барлық ауданы мен Қызылорда қаласы өңдеу зауыттарымен толық қамтылады.
Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – Қызылорда облысында тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдеуге бағытталған бірлескен жобаны жүзеге асыруды пысықтау. Әкімдік қолданыстағы заңнама аясында жобаны жан-жақты қолдады. Қызылорда қаласы маңынан 4 гектар жер учаскесі табысталды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақта тұрмыстық қатты қалдықты өңдеп, жинап, сұрыптайтын 15 компания жұмыс істеуде. Өткен жылы жиналған 303 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 91,2 мың тоннасы, яғни 30,1 пайызы өңделді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі