Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үкіметке үлкен міндет жүктелді

Үкіметке үлкен міндет жүктелді

Апта саяси жаңалық­тармен басталды. Президент дүйсенбі күні Үкіметтің орнынан түсу туралы өтінішін қабылдап, Үкіметті таратты. Ел-жұрт «Жаңа Үкіметтің тізгіні кімге тиер екен?!» деп елеңдеп, Ақордадан ресми ақпарат күтті. Сол-ақ екен «АМАNАТ» партиясы Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновті ұсынды. Заңдылыққа сәйкес Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізді.

Жаңа Үкіметке жүктелер жауапкершілік жоғары

Президент Парламент Мәжілісіндегі сая­си партиялар фракцияларының жетекші­лерімен кездесуінде Конститу­цияның 44-бабы­на сәйкес Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидату­расы жөнінде фракция басшыларымен кеңесуге тиіс екенін айтты.

Талқылауға «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетек­шісі Магеррам Магеррамов, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демок­ратиялық партиясы фракциясының жетек­шісі Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетек­шісі Айдарбек Ходжаназаров қатысты.

Бұл туралы «AMANAT» партиясы фрак­циясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев өз пікірін әлеуметтік желіде жариялады.

– Елімізде үлкен кадрлық өзгерістер болды. Ел Президентінің шешімімен Үкімет таратылып, жаңа Үкімет жасақталды. Бұл ретте, былтырғы сайлауда көпшіліктің басым даусына ие болған партия ретінде «AMANAT» тағы да Премьер-министр лауа­зымына кандидатура ұсынды. Бұл жолғы таңдау тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары, көптеген жауапты лауазымдарда шыңдалған Олжас Абайұлы Бектеновке түсті. Мұндай тәжірибе Парламенттің рөлін күшейтіп, партияның да халық алдындағы жауапкершілігін арттырды. Осыған орай Үкіметтің жұмысын Фракция және барша Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта да әдеттегідей жіті бақылап, нақты талап етіп отыратын болады. Елімізде бүгіннің өзінде ондаған жылдар бойы қордаланған бірқатар өзекті мәселелер бар. Оның ішінде, еліміздегі азық-түлік бағасының өсуі, халықтың несиеге белшеден батуы, баспанаға кезекте тұрған азаматтар санының 640 мыңнан асуы, өңірлердегі су тапшылығы, ТЭЦ-тердің әбден тозуы, медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермеуі, мемлекеттік сатып алу жүйесінің олқылығы және т.б. проблемалар. Жасақталатын жаңа Үкімет осы секілді кезек күттірмейтін мәселелерді шұғыл шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойын­ша жұмысты тез арада ширатуы қажет деп есептейміз, – деді Елнұр Сабыржанұлы.

Парламент Мәжілісіндегі саяси партия­лар фракцияларының жетекшілері жаңа Үкіметтің алдында елден заңсыз шығарыл­ған миллиардтаған қаржыны қайтарып, ел игілігіне пайдалану міндеті тұрғанын да баса айтты. Бұл ретте, Олжас Бектеновтің осы салада атқарған қызметі мен мол тәжірибесі өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.

69 депутат қолдап, 7 депутат қалыс қалды

Алтыншы ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты. Мемлекет бас­шысы өз сөзінде Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін айтып, бұл жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті.

– Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз «Әділетті Қазақстан» құру қағи­датына сай болуға тиіс. Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни, экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңаша сипатқа ие болғанына назар аударып, мұның бәрі Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс екенін жеткізді.

– Бұл жерде, әрине, ең алдымен, Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқын­мен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет эконо­миканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетек­шілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

– Олжас Бектенов – тәжірибелі мем­лекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», ЖСДП, «Ақ жол», ҚХП, «Respublica», «Ауыл» партиялары фрак­цияларының жетекшілері сөз сөйледі. Содан кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды. Нәтижесінде 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды. Мемлекет басшысы Премьер-Министр лауазымына ұсыныл­ған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткізілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқын­далатынын атап өтті. Таратылған Үкіметтің де нәтижелі жұмысына да тоқталды.

– Жалпы өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсет­кіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке тоқталды. Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажеттігін баса айтты.

– Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жос­парын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін айтты. Ол негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тарту­ға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетел­дегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деген Президент Үкіметке, әкімдерге бірқатар маңызды тапсырма берді.

«Мәселелердің сәнінен мәніне көшеміз»

Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін маңызды мәселелер егжей-тегжейлі қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.

– Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Осы ретте жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов мәселелердің сәнінен мәніне көшетін кезең келгенін айтты.

– Президент берген ауқымды тапсырмалар мүлтіксіз орындалатын болады. Жаңартылған Үкіметтің құрамы оған дайын. Мәселелердің сәнінен гөрі мәніне көп назар аударамыз. Нақты іспен айналысамыз. Нәтиже болады деп уәде беремін, – деді Олжас Бектенов.

Осылайша Президент тағайындаған, жұртшылық үміт артқан Үкімет қызу жұмысқа кірісті. Премьер-Министр салалық министрлерді таныстырып, міндеттер жүктеді.

– Ұлттық экономика министрлігін реформалар мен экономикалық серпіліске қол жеткізу бойынша алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудағы негізгі күш деп айтуға болады. Бұған қажет барлық ресурстар бар деп ойлаймын. Ең бастысы, министрлікті формализмсыз, бюрократиясыз, қажетсіз жиындарсыз белсенді жұмыс істеуге бағыттағым келеді. Аз сөйлеп, көп іс тындыру керек, – деді Үкімет басшысы.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ


10 ақпан 2024 ж. 223 0