ТМД елдерінің өкілдері сайлау барысын бақылайды
ТМД Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Ильхом Нематов ТМД бақылаушыларының миссиясы сайлау науқанына мониторинг жүргізуге кіріскенін айтты. Биыл ТМД елдерінің өкілдері Қазақстанда өтетін кезектен тыс президент сайлауын бақылайтын болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін ТМД бақылаушыларының миссиясы сайлау науқанына мониторинг жүргізуге кірісті. Сондай-ақ бүгін ұйымдастырушылық мәселелерді шешумен айналысатын миссия штабы құрылады. Штаб өңірлер бойынша қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді бақылаушыларды бөліп, Қазақстанның сайлау заңнамасын бағалау мәселелерімен айналысады. Миссияны ТМД Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев басқарады. Маған миссиямыздың ашылуына қатысу тапсырылды. Миссия құрамына барлық ТМД елдерінің өкілдері, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының, одақтас Ресей-Беларусь мемлекетінің Парламенттік Ассамблеясының өкілдері, Астанада аккредиттелген дипломаттар және ТМД Атқару комитетінің қызметкерлері кіреді», деді ОСК брифингінде ТМД Атқару Комитеті басшысының орынбасары Ильхом Нематов.
Спикердің айтуынша, елдегі сайлауға жүзден астам адам келеді. 10 адам ұзақ мерзімді бақылаушылар және 100-ден астам қысқа мерзімді бақылаушылар. Ұзақ мерзімді бақылаушылар елге келіп, аккредитациядан өтті. Қысқа мерзімді бақылаушылар Қазақстанға сайлау басталардан екі-үш күн бұрын келеді.
Ильхом Нематов миссия барлық аймақтар мен сайлау учаскелерін қамтуға тырысады деп мәлімдеді. Бақылаушылар учаскелерге, аумақтық сайлау комиссияларына барып, сайлау науқанына дайындық барысын талқылайды.
«Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен кездесу өтті. Ол сайлау науқанына дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сайлаушылардың еркін дауыс беруіне барлық қолайлы жағдай жасалып жатыр», деп толықтырды И. Нематов.