Бір мүдде, бір мақсат, бір ұсыныс
Қараша айына жоспарланған кезектен тыс Президент сайлауы жақындаған сайын қоғамдық ұйымдардың белсенділігі артқаны байқалады. Саяси науқанға қатысты іргелі ұйымдар алқалы басқосулар өткізіп, ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдіруде. Мәселен, осы аптада «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІV съезі өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен 700 делегат қатысты.
«AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV съезі барысында партияның жаңа саяси тұғырнамасы бекітілді. Негізгі идеологиялық құжат дамудың негізгі бағыттары мен саяси бірлестіктің принциптерін айқындайды. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов саяси тұғырнама ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті.
«Бұл съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады» деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, партия Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Серғалиев, белгілі саясаттанушы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов пікір білдіріп, жаңа саяси тұғырнама туралы өз ойларын ортаға салды.
Съезд барысында партия Төрағасы Ерлан Қошанов форум өтетінін хабарлады және партия атынан Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылатынын мәлімдеді.
– Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді Тұлға керек. Біз өткенге кері қайтпауымыз керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын! – деді Е.Қошанов.
Партия Төрағасының ұсынысын Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Олимпиада ойындарының күміс, қола жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, ақын Бекарыс Шойбек, қоғам белсендісі, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің директоры, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Аят Сүгірбай және «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев қуаттап, съезд делегаттары ұсынысты бір ауыздан қолдады.
Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумы ұйымдастырылды. Онда еліміздің прогрессивті қоғамдық-саяси күштері Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі коалицияға бірігетіні белгілі болды. Осы ретте Президент өзін қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумына қатысқанын айта кетейік. Мемлекет басшысы түбегейлі өзгерістің бәрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатқанын атап өтті.
«Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдары маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде Президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі, онда барлық әлеуметтік топтар қамтылған. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені, біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Әрдайым бірге болайық! Қасиетті Отанымыз – Қазақстанымыз жасай берсін!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан Азаматтық альянсы, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығы, Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі, Генералдар кеңесі, «Қазақстан спортшылары одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясы, «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігі, «Ұлттық волонтерлер желісі» ұсынған.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ