Сүмбіле жұлдыз

Дәл осы мезгілде өміріме өзгеріс енгеніне біраз уақытқа дейін сенбей жүрдім. Күні-түні жұмыстың ауанымен жүрген менің үлкен өмірге қадам басуыма орайлы сәт келгенін сездім. Секундтар минутқа ұласқан уақыт шіркін бір орнында тұрмасына көз жеткізген мен өмірлік жарыммен 2 жыл дегенде кездескенім бар. Оған дейін Ақтөбенің қызымен телефон арқылы тілдесіп, өмірімізді байланыстыруға уағдаласып жүрдік. Арада өткен қаншама уақыттың өтеуі – біздің баянды бақытымыз іспетті. Біз кездесуге бекінген әрбір талпыныста ойға алған істің ешбір келмей қойғанын айтсай... Сондағы біз күткен кездесу соншама уақыттан кейін орын алуы керек пе еді?! Бұл да өмірдің заңдылығы шығар...
Тәңірдің қалауынан еш уақытта қашып құтыла алмасымыз анық. Жаздың кешқұрым уақытында телефоныма «смс» келді. Әрине, әлгі қыздан:
Мені көргіңіз келсе...
– Қайда? Қашан?
– Қыз баласы қашан бірінші қадам жасап еді.
– Сонымен қалай дейсіз? Солай болады.
– Онда аптаның ішіндегі бір күні кездесетін жерімізді айтатын боламын.
Арада екі-үш күн өткен алыстағы арманым Қызылорда қаласына ағасының үйіне келген. Біздің алғаш кездесуіміз жастардың жиі бас қосатын ордасы – орталық алаңда өрбіді. Ақтөбеден 2 жыл күткен қызым келеді деп кім ойлаған?!
Алыстан сүмбіле жұлдыздай жарқыраған сұлудың бейнесі нақ мен үшін жаратылғандай көрінді. Нұрлы жүзінен шуақ төгіліп, жіп-жіңішке қастары сұлулығын айшықтай түседі. Сан мәрте жолын тосып, кездесуді асыға күткен қиялымдағы арудың жан сезімін жазбай тануға бекіндім. Айналасына үзіле қараған оның көз жанарын өзімдікіне ұқсаттым. Құдды егіз болып, бір анадан туғандаймыз. Жүрегімдегі сыр сезімнің ғаламатын ұзақ күткен сүйгенім жаныма жақындай бастағанда аңғардым. Бір шоқ гүл ұстаған қолдарым дірілдейді. Жүректегі толқыныс басылар емес. Әрине, көздеріміздің бір нүктеде түйісуі – өмірде мәңгі бірге болу керектігінің белгісі шығар.
Иә, сол бір күн мен үшін ұмытылмақ емес. Айналдырған бір сағат ішінде өмірлік жарымның бойындағы ерекше нәзіктігіне, қыз баласына тән ибалылығына, кейде томсырайып қалатын тосын мінезіне қанықтым. Сөйте отырып, іштей өзімді сөктім. Неге дейсіз бе? Осыған дейін осы күнді күтпей, ұзақ жолдағы Ақтөбесіне барып, жанымдағы қызды ерте бастан мендік қылуым керек еді.
– Ұзақ жолдан шаршаған боларсың. Сені кешкі асқа шақырғым келеді. Мүмкін дастарқан басында әңгімемізді жалғастырармыз.
– Менде артық уақыт жоқ. Бүгін сіңілімнің туған күні. Соны атап өтпекшіміз. Сосын екеуміздің жүргенімізді ағам көріп қойғанын қаламаймын.
Келесі кездесуде тамақтанармыз.
– Сонда келесі кездесу қашан?
– Оны өзім де білмеймін, – деген сұлуым қиылған қастарын төбеге қарай бір қағып қойды.
Ауылға қайтып бара жатып жол үстінде дидарласқан сәтімізді әлсін-әлсін есіме аламын. Айтпақшы, алғашқы кездесуден-ақ ақтөбелік аруға қыз бен жігіт ретінде жүруді емес, отау құруды ұсындым. Әрине, жасым отызға таяғанда жүз ойналанып, мың толғанатын шақтан қол үзгенбіз.
Біздің екінші кездесуіміз де орталық алаңда өрбуде. Мұнда бір-бірімізден ұялып, тартыншақтап отырған жоқпыз. Тойдың қамына кірісіп кеткенбіз. Бар ойымыз – екі жақтың үлкендерін таныстыру.
Еліктей болған егізімді төртінші кездесуімізде үйіме келін қылып түсірдім. Қазір бір көруге арман болған сүйген жарым – үйімнің шамшырағы.
Қытымыр қыстың қаһары қатты біліне бастаған тұста келіншегімнің өмірінде тосын оқиғаға тап болдық. Отбасында қайғылы жағдай орын алып, бір күнде ата-әжесі, әкесі өмірден өтті. Сонда байқағаным, өмірдің ауыртпалығына келіншегім қапаланса да, әлісіздігін танытпады. Тәңірдің сынағына сынбады. Кейде таңға дейін балалық шағын ойға оралтып, әкесін еске алғанда мамықтай жұмсақ жүрегі езіліп кетердей болады. Көз жанары жасқа толғанда табанасты не деп жұбатарымды білмей қаламын.
Күн сайын алдағы күндерімізге үмітпен қарайтын келіншегім махаббатымыздың беріктігіне сенімді. Арасында томсырая қалғанда томаға тұйықталып, жан баласына жуыспайтыны бар. Бір жыл ішінде отбасы болудың қыр-сырына қанығып, өмірде жан-жақты көзқараспен қарай білдік. Бір-біріміздің орнын толықтыру арқылы біз аңсаған арманға жетеріміз рас.
Жазушы Әзілханның аяулы жары Халима нағыз адалдықты жанына серік етіп, ер азаматын қашанда өзгеден жоғары бағалаған. Өле-өлгенше екеуінің махаббаты ешқашан басылмаған. Сүмбіле жұлдызды түнде жолықтарған менің махаббатым Халимадай боларына бек сенемін.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден