Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕРПІЛІСКЕ ТОЛЫ КҮН

СЕРПІЛІСКЕ ТОЛЫ КҮН

Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы “Ай-Қанат” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен аптада “Жалын” лагері базасында аудан белсенділерінің басын қосып, жастар лагерін өткізді.“Сырдария – жастар мекені” деген тақырыппен бастау алған шараға ауданға қарасты аймақтардан 50-ге тарта жұмыссыз, белсенді және қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсетіп көзге түскен қыз-жігіт қатысты. Демалыстың алғашқы күнінде Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақов және “Жас Отан” жастар қанатының төрағасы Т.Тілес жастармен кездесті. Еркін форматтағы кездесу барысында мемлекеттік жастар саясатының атқарылу барысы, кәсіпкерлікке тарту және дамыту, NEET және маргинал жастарды қоғамға бейімдеу және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану туралы ойларымен бөлісті. Қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып, өз ойларын ортаға салды.
–Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030 “ атты еңбегінің «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «…біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», — деп үлкен үміт артты. Болашақ жастардың қолында деген ұрандарды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану – әрбір жастың құзырындағы жұмыс. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені өмір, ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім. Қашан да болашағын алыстан бағамдайтын қазақ «қыстың қамын жаз ойла» демеуші ме еді? Ендеше Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тындыруға міндетті екенімізді естен шығармайық, – деді өз сөзінде облыстағы жастардың көшін бастап жүрген Қ.Жанұзақов.
Сонымен қатар, екі күндік лагерь барысында семинар-тренингтер, “Театр – өмірдің шындығы” тақырыбында топтар арасындағы үздік қойылымдар сайысы, командалық спорттық сайыстар өткізілді. Жастар лагерінің қорытынды кезеңінде барлық қатысушыларға сертификат пен белсенді топтарға алғыс хат және арнайы сыйлық табысталды.

Майя ҚОЖАБАЙ
24 тамыз 2019 ж. 600 0