Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – АЗАМАТТЫҚ

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – АЗАМАТТЫҚ

Адам деген ардақты ат. Әрбір саналы адам өзінің туа бітті қадір қасиетін жоғалтпай, биік ұстаса мерейі үстем болары анық. Осыған қарап отырып, адам болып өмір сүрудің көтерер жүгі де жеңіл еместігін сезінеміз. Айналаң мен ортаң үшін сенің атқаратын істерің, айналысатын тірлігің, сөйлеу мәнерің де үлкен сын. Қысылғанда өзгелерге қол ұшын созуың, парызыңды өтеуің мен қарызыңды қайтару да сенің адами бет-бейнеңді айқындай түсері анық. Осыған қарап өзгелер сізді құрметтейді, бағалайды, қадір тұтады.
Адамда нағыз адам болудан басқа мақсат бар ма, сірә? Дана Абайдың «атымды адам қойған соң, қайтып надан боламын» деген сөзі осы ойды айшықтай түскендей. Менің түйгенім, қандай болса да, қайда жүрсе де пенде Адамдық қасиетті сақтауымен абыройға ие болады екен. «Жақсы ісімен көрікті». Бұл салиқалы байлам, ізгілікті пейіл, адалдық көңіл, мейірімді сезімі мен жандарға берілген баға.
«Ер жігітке жарасар халқына тиген пайдасы» демекші, мейірімді де жомарт жандар жасаған жақсылық шапағатының астарында қаншама үлгі тұтарлық іс-әрекет пен адамгершілік сезімі сабақтасып жатыр. Осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғала қалса «қолыңнан келсе адамға жақсылық жасағанға не жетсін» деген сөздерді жиі ауызға аламыз.
Жалпы асыл қасиеттер – қарапайымдылық, жақсылық дейтін ұғымдардың мәні неде? Ұлттық болмысымыздағы жомарттықтың қайнап шығар бұлағының көзі, мәні мен мағынасына тоқталып, зер салайықшы. Дана халқымыз былай дейді: «Қолы ашықтың жолы ашық, қайырлы іс адамнан қайтпаса, Құдайдан қайтады» Осы өмір сабағынан алынған ойлы сөздің мән-мағынасын төмендегі ұлағатты әңгіме аша түскендей.
Сонау бір келмеске кеткен Кеңес заманында Бауыржан Момышұлы кеңірек пәтер сұрап жауап­ты орынға өтініш білдіріпті. Көп ұзамай батыр Бауыржанның өтініші шешімін тауып, қаланың ортасынан бес бөлмелі пәтер берілетін болады. Баукең өзінің алатын пәтерін көрмекші болып жаңа үйге келеді. Есік алдында орамалының ұшымен көзінің жасын сүртіп тұрған қарт анаға ұшырасады.
Бауыржан әйелге қарап:
– Сіз неге қапаланып тұрсыз, шешей? – дейді.
– Маған құзырлы орындар екі бөлмелі пәтер бермек болып уәде берген еді. Әйтсе де сол алатын пәтерімнің жанындағы үш бөлмелі пәтермен біріктіріп, бір жоғарғы шенді әскери адамға беріліпті. Амал қанша, менің балам да соғыста қаза тапты. Бірақ ол солдат болатын, – деді ана көз жасын көлдей қылып.
Бауыржан біраз уақыт түнеріп, үнсіз тұрып, қарт анаға қарап:
– Ешқандай мұңаймаңыз, шеше қазір ордер беретін жерге барыңыз, пәтеріңіз өзіңізге берілетін болады, – дейді де, көрейін деп келген пәтеріне кірместен, тез бұрылып кетіп қалады.
Батыр Баукең қалалық атқару комитетіне келіп:
– Мен саған біреуге берілген пәтерді бер деген жоқпын. Мына ордерді тиісті бұрынғы адамға беріңіз, – дейді қалалық атқару комитетіндегі шенеунікке бұйыра сөйлеп.
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан өзіне берілген бес бөлмелі пәтерден өз еркімен бас тартады. Ал екі бөлмелі жаңа пәтер алған қарт ананың қуанышында шек болмаған екен.
Осы жерде Бауыржан Момышұлы таңдай қағарлық бір ерлік жасаған жоқ тәрізді. Әйтсе де шындыққа сүйенсек, шағын пәтерден біреу үйсіз қалды екен деп, өз еркімен бас тарту кез келген адамның қолынан келе бермейтіндігі және анық құбылыс. Бұл тек Бауыржан секілді үлкен жүректі асқақ азаматтың қарапайым адамға жасаған шынайы жақсылығының көрінісі.
Міне, жақсылық жасауға құштарлық, қолдың ашықтығы, қайырымдылық –жомарттық тән болатын қасиет. Жомарттық пен мәрттік жүректен бастау алар шынайы құбылыс, ол қолдан шықпас бұрын жүректен бастау алады. Егер осыған ақ ниет қосылса, алушыға да, берушіге де берекет пен жақсылық дариды. Қазақтың: Бір қолыңның бергенін екінші қолың жасырсын» деген сөздің мағынасы тереңде.
Халқымызға тән асыл қасиеттің бірі – жомарттық десем артық айтқандық болмас. Себебі қазақтың көңілі көл-көсір, жүрегі дархан, құшағы кең, қонағын құдайындай сыйлайды, төрден орын ұсынады.
Дастарханына барын қоятын кеңпейіл. Жасы кіші немесе өзге ұлт деген көзқарасы жоқ. Реті келгенде астындағы атын да, үстіндегі шапанын сыйлап кететін қасиетіне талайлардың таңдай қағып таңырқай қарағанын білеміз.
Бойымызда қайырымдылықтың үлгісі де жетерлік емес пе? Әрине қайырымдылық – қазақ халқына тән, бойындағы ежелден келе жатқан асыл қасиет саналады.
Қамқорлықты жаны сүйетін, жанашырлық шуағы мол жұрт жетім мен жесірін жылатқан емес. Кедей мен кембағалы да көмектен кенже қалған жоқ. Бұл жайында Исламда: «Садақа мал-мүлікті кемітпейді, дүние-байлыққа береке дарытады, одан түрлі зиянды әрекеттен аулақтатып, оның өсуіне септігін тигізеді және басқаларға бұйырмайтын ризық-несібе алуына мүмкіндік алады» дейді. Қайырымдылық, жомарттық туралы ауызға алғанда ұлы ағартушы Ыбырайдың тағылымы мол «Атымтай жомарт» әңгімесі еске түседі. Сөз тіркесі айтып тұрғандай, ол барымен бөлісіп, осындай атаққа ие болды. Ел арасында есімі аңызға айналды. Атымтай Жомарт ішер асын айналасындағылармен бөлісті, жеке басының емес, халықтың қамын ойлауы – үлгі-өенеге, тарих тағылымы.
Қазір заман өзгерді. Ел дәулеті еселенді. Шүкір, тірлігі оңға басқан «қалталы» азаматтардың қатары көбейді. Адамдар ізгі қасиеті жойылып бара жатыр дегенмен арамызда мейірім шуағы мол жандар баршылық. Адамгершілік өрелі ісін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Алысқа бармай-ақ ауылда мектепте өткізілетін әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық, мәдени шаралар мен акцияларға демеушілік жасайтын жандар болуы қуантады. Барлық істерді жіпке тізе бермей-ақ, бүгінде ауылда салып жатқан имандылық үйі – мешітке мектептің әр жылдарда бітірген түлектердің жұмыла үн қосып, қаражаттан көмек қолын созуы үлгі-өнеге емес пе? Бұл жақсылық – адамгершіліктің ізгі қасиеті жүрегіне ұялаған түлектердің жомарттығы. Иманжүзді адам екендігінің айқын белгісі.
Жалпы бір ұққаным, адамдарға жақсылықты неғұрлым көп жасасаң алғысты көп аласың, соғұрлым жолың болып, жаныңа бір жайдары тыныштық келетіні анық. Мұқтаж адамдарға жасаған жақсылығың, олардың алғысы Алла тағаланың батасымен тең деген сөз бар. Оған өмірде болған мына әңгіме дәлел.
Кәсіпкерлікпен айналысатын бір жігіт тірлігін енді бастаған күндерде алдына баласы қатты ауырып жатқан жесір ана жылап келіп, көмек сұраған екен. Тіршіліктің алғашқы сатысына аяғын басқалы тұрған өршіл жігіт жаны ашып, қалтасындағы қаражатын беріпті. Қым-қиғаш қарбалас күндері ол істі ұмытып та кеткен.
– Не деген күш, сол күннен бастап қолға алған шаруасы алға жылжып, оң нәтижесін беріп кетті. Жаны қысылып көмекке зәру болған әйелдің ыстық ықыласының, ілтипат көңілінің шарапаты маған тиген секілді. Міне, сол сәттен бастап қиналған жандарға қолұшын беруді, әсіресе елдегі әртүрлі мазмұндағы қайырымдылық шараларына демеушілік жасау менің үйренген дағдыма айналған. Әйтеуір қайыр-садақа бергім келіп тұрады, – дейді әлгі жігіт ағынан жарылып.
Ендеше жақсылық – азаматтық парасаттың туы. Игілігі мол іс үшін қалтқысыз қызмет қылатын Атымтай жомарт азаматтарымыз көп болғай. Мысқалдай болса да мейірімділік, жомарттық жасап, адамгершілік парызды өтедім деген шынайы сезіммен атар таңды қарсы алар болсақ, өміріміз мәнді де, мағыналы болары анық.

Нағман ӘЙТЕНОВ,
Шаған ауылы
16 шілде 2019 ж. 1 358 0