Шаш күтімі: Қызыл бұрыш тұнбасы
Шаш бұрыннан сұлулықтың бір белгісі болып саналады. Сондықтан әр әйел шашының қалың әрі жылтыр болғанын қалайды. Қазір шаштың саулығына арналған түрлі салондық процедуралар бар. Бірақ халықтық медицина да өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Шашты қатайтуға және өсіруге көмектесетін халықтық құралдың бірі – қызыл бұрыш. Қызыл бұрышты құрамы және адам ағзасына белсенді әсері үшін емдік мақсатта ресми түрде де, халықтық медицинада да кеңінен қолданады. Қызыл бұрыш қоректік заттарға бай: оның құрамында қажетті дәрумендер мен минералдар, ақуыздар, көмірсулар, қаныққан майлы қышқылдар, алкалоидтар (соның ішінде, қатерлі ісікке қарсы әсері бар капсаицин), эфир майлары және т.б бар. С дәрумені қызыл бұрышта лимонға қарағанда 3,5 есе көп. Күйдіргіш қызыл бұрыштың емдік қасиеті оның құрамындағы капсаицинмен түсіндіріледі: ол жүйке ұштарынан миға белгі беретін заттарға әсер етеді. Қызыл бұрышпен маска дайындайды, массаж жасайды, целлюлитті емдейді және шаш түсуден қорғайды. Қызыл бұрыш кептірілген күйінде де өз қасиеттерін сақтайтындығымен ерекшеленеді. Сондықтан балғын және құрғақ қызыл бұрышты қолдана беруге болады. Бұрыш тұнбасын дайындау 2 балғын немесе 3 құрғақ бұрышты өте ұсақтап турайды. Оған 200 мл спирт құяды. Тұнбаны құрғақ әрі қараңғы жерде 1 апта ұстайды. Қызыл бұрыштан (тұнбадан) жасалатын маскалар Рецептінің құрамына қарамастан мұндай маскаларды аптасына 2 реттен артық жасауға болмайды. Бұрыш тұнбасын жоғарыда жазылған рецепт бойынша өзіңіз дайындауға немесе дәріханадан сатып алуға болады. Ендеше, қызыл бұрыштан және оның тұнбасынан дайындалатын бірнеше масканы ұсынамыз. Шаш өсіруге арналған маска. 25 мл бұрыш тұнбасын 1 ас қасық ошаған майымен араластырады. Осы қоспаны бас терісіне жағып, басты жылы сүлгімен орап тастау керек. Жақсы нәтиже болу үшін сүлгінің сыртынан фенмен сәл қыздырған жөн. Масканы 30 минуттан 2 сағатқа дейін ұстауға болады. Содан соң сусабынмен жуып тастайсыз. Шаш түсуге қарсы маска. 1 шай қасық ұнтақталған құрғақ қызыл бұрышты шашыңызға қажетті мөлшердегі балмен араластырады. Қоспаны бас терісіне уқалай жағады. Басыңызды жылы сүлгімен орап, қосымша фенмен қыздырыңыз. Шашыңызды 30 минуттан соң жуыңыз. Шашты қатайтатын маска. 2 ас қасық бұрыш тұнбасына 2 ас қасық майлы айран қосады. Қоспаны аздап қыздырып, құрғақ бас терісіне жағады. Басты сүлгімен орап, 2-3 сағат ұстайды. Содан соң шашыңызды сусабынмен жуып тастаңыз. Бұл маскаға 1 шай қасық құрғақ қыша да қосуға болады.