Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Алданыш

Сәби көңілі құлазып, сағына елегізиді. Біреуді күтеді, әлдекім келетін сияқты. Кенет көк қақпадан күжірейіп таныс бейне аулаға енгендей болды. Кішкентай жүрегі дүрсілдеп барады, «папа емес пе?». Күнде «қашан келеді» деп жүрегі жарылып, анасына дамыл бермеуші еді. Ал қазіргі көңілі әлем-тапырық, қуанып жүгірмейді де. Ол несі? Есік қоңырауы ұзақ шылдырлады. Осы сәт қуыршағын диван үстіне қойды да, асықпай есікке беттеді.
– Ғалияш, амансың ба қызым? Мен ғой әкеңмін, – деп қызын құшақтап, маңдайынан искеді. Мамаң, Есенжан қайда?
– Папа, папа, неге келмей кеттің? Ол монтиып әкесіне қарағанда ботадай жанарынан ыстық тамшылар ыршып түсті. – Біз сені сағындық, мен сабағымды жақсы оқып жүрмін. Кірсеңші үйге, су болып қалдың ғой, – деп жеңінен тартқылады.
Бұрын қуанышқа бөленген үй дәл қазір мұз қарығандай ызғарлы. Туған қызы да біртүрлі салқын, есейіп кеткендей. Өз ойымен қаршадай баланы ұмытқандай. Көңілі жабырқау тартты.
– Папа, бәтіңкеңнің аузы ашылып кетіпті, – деді бүлдіршін қыз таңдана.
– А-а? Ғалияш, мына көйлек сенің туған күніңе, Есенге магнитафон. Басқа да ораулы заттарды үстел үстіне қойды. – Ал мен кетейін мамаңа сәлем айтқын, – деп қызының бетінен сүйді.
– Папа, сен бізден мүлдем кеттің бе? Енді бірге тұрмайсың ба?
Ол жауап бере алмай кібіртіктеді.
– Келіп тұрамын. Сендердің кішкене іні­лерің бар, – деп жәй айтты да, көзіне келіп қалған жасты қызына көрсетпес үшін бұрылып шығып кетті.
Ғалияш мұңайған күйі ойланып қалды...
Тату-тәтті сүттей ұйыған шаңырақ бұлай лездің арасында шайқалады деп кім ойлаған?! Өмірі ұрысып-керісіп те көрмеп еді-ау екеуі. Асылдың сынығындай қос сәбидің тәй-тәйіне, әрбір сөйлеген сөзіне, мектепке барғанына қуанып, берекелі тіршілік кешіп жатқан еді. Бір күні кешкілік шәй үстінде балалар теледидар көруге кеткен кезде ол осы әңгімені бастаған.
– Ханым, сен мені түсін. Мен біржола кетемін, жағдай осылай болды. Сөзімді бөлме. Балаларды саған қалдырамын. Сен оларды жақсы етіп тәрбиелейсің. Менің саған өкпем жоқ, бәріне де өзім кінәлімін. Сен мені түсініп, кешірім ет, – деді Қуантқан.Бұл аң-таң. Не дерін білмейді. Қолындағы кесесі сасқанынан жерге түсті. Күлерін де, жыларын да білмей:
– Сен не деп отырсың? Ең болмаса бала­ларды аямайсың ба? Мен саған ешқандай қиянат жасаған жоқ ем ғой, – деп әйелі жылап жіберді. Күйеуі үнсіз, бар болғаны басын ұстай береді. Келіншек булығып жылап отыр. Балаларына не демек?
Ол киініп шығып кетті сол күні. Сол кеткеннен мол кетті, арагідік телефон шалумен жүр.
...Екеуі де студент еді. Бірі адам емдейтін, бірі мал дәрігерлік институтында оқитын.Думанды қызығы мол дәуренді күндердің бірінде танысқан. Қуантқан осы бір орта бойлы, аққұба, әдеміше келген қызды «ә» дегеннен-ақ ұнатып қалған. Болашақ дәрігерлер институтына күніне бір рет бармаса көңілі көншімейді, сол қызды көргісі келеді де тұрады. Ал қыз болса мұны алғашында жақтырмаған. Оның үстіне оңтүстіктің жігі­ті. Ал естуінше ол жақтың заңы да, салты да қатал. Содан ба жігіттің жүрек жарды сөзін үнемі әзілге айналдырып, тоңтеріс мінез танытты. Бірақ ішкі жан дүниесі өзі келбетті келген үнді әртістеріндей сыпайы жігіттің келгенін қалап тұратын. Кейінен тіл табысып, достасып кетті. Бір-біріне деген сүйіспеншілігі артып, бақыттан басы айналған күндері, астананың көшелерін қол ұстаса жүріп талай жаяу аралаған-ды.
Бесінші курстың аяғында екеуі үйленді. Ханым өзі салты қатал деп естіген, күн сүйген өлкеге келін болып түсті. Шаруаға бейім, қолы ұсынақты, өзі пысық келінін енесі де іштей жақсы көрді. Өмірге қос сәби келіп, олардың тілдері былдырлап шыға бастаған шақта астанадан үй алып, көшіп келді.
Ғылым жұмысына байланысты Қуант­қанның жолсапарлары жиілеп-ақ кеткен. Сондай бір сапарда Талды жақтағы бір танысы жаз шыға бұған өз бұйымтайын айта бастаған. «Жиен қарындасым астанаға оқу­ға барамын деп жүр, сен соған көмектес, ақыңды жемеймін» деп мазасын алып қоймасы бар ма? Амал жоқ келіскен. Талдырмаш қыздың аты – Марал. Өзі де атына сай көздің жауын алғандай әдемі екен.
– Балалармен ауылға демалысқа ке­те­міз, үйде қыздармен тұра берсін, жатахана­да қайбір дайындалады дейсің, – деп Ханым қамқорлық білдірді.
Көп ұзамай дәрігер келіншек екі баланы алып, туған елге жүріп кетті. Қыздар өздерінің бағын сынап, сынақтан өтіп жатты. Алғашқы емтиханнан біреуі сүрініп, ауылға қайтты. Марал мен Рәзияның бағы жанып, Қуантқанның арқасында мединституттың сту­денті болып шыға келді.
Тамыздың басында Ханым үйге келсе, ешкім жоқ. Қуан «іссапардамын» деп қағаз жазыпты. Жұмыс басталды, онан балалардың сабағы, әйтеуір өмір деген ағысқа қайта ілігіп кете барды. Бірақ ол күйеуінің жан дүниесіндегі өзгерістен бейхабар еді...
Сонау бір әңгімені естігенде жаздағы абитуриент қыз-ау деп еш ойлаған жоқ. Не көп, қалада қылмаңдаған басы бос әйелдер көп. Ондайлар ғылыми институтта да жетерлік. Қызметкерлерінің бірімен «роман» құрған шығар. Екі баланы көзі қалай қиып тастап кетпек? Жәй уақытша қиналысы болар, үйге қайта оралар деп өзін жұбатумен жүрген. Күйеуі кеткелі екі айдай болды. Екі рет хабарласып, балаларды сұрады.
Қыс басталарда мұның жұмысына біреу қайта-қайта қоңырау соғып, мазалайтынды шығарды. Көтерсе сөйлемейді, үн жоқ. Түнгі кезекшілігінде де осылай. Жүйкесі жұқарып, шыдамсыз күйге түсті. Жұмысында да сыр бермейді, балаларды «әкең іссапарда» деп сендірген. Осы қалада үшеуі үш инс­титутта оқып, жатақханада тұратын бауырларына да ләм-мим деп тіс жарған емес. Түн болса жастығын жасқа бұлап, тынышталмайды. Ұйқы қашты. Кешкілік інісі үйге келген. Шәй үстінде апасына бағдарлай қараған. Өңі солғын, көзі ісіп кеткен, көп сөйлемейді.
– Ханеке, көңіл-күйіңіз жоқ қой. Жездемді әбден сағынғансың-ау өзі. Ұзаққа кетті ма, жоқ әлде...
– Жәй әншейін шаршап жүрмін, сендер де келмей кеттіңдер, – деп өкпесін айтып салды.
– Сессия болса жақын, одан қалса жұ­мы­сым бар, мен де шаршап жүрмін. Ер­тең Қарақызға барып айтамын, келіп кір-қоңыңды жуып береді, – деді Тайман. Іні­сімен екеуі ұзақ отырды, бірақ Ханым өзі жайлы жақ ашпады.
Әбден күйгелектенген ол бір күні әкесін сұрай берген балаларын шапалақпен тартып жіберді. Тамақтарын ішпей екеуі жылап кетті, өзі орынында сілейіп отырып қалды.
Ұл бала қанша дегенмен әкесін іздейді екен. Есен бір күні сабақтан келісімен порт­фелін лақтырып жіберді де, «мама, сен өтірікшісің, папам қалада жүр, ол бізден мүлдем кеткен» деп өксігін баса алсашы.
– Қой, балам, жылама! Сен үлкенсің, бәрін түсінуің керек. Ол кеткенмен мен сен­дерді тастамаймын, – деп ұлын да, қызын да бауырына басты.
...Ғалияш сыртқа қарап әлі отыр. Мультфильмді кім көріп жатқаны белгісіз, қосулы тұр.
– Қызым, Ғалияжан, үйдесің бе?
Жұ­мыс­тан келген Ханым сөйлей кірді. Қолында азық-түлік салынған сөмке, өзі малмандай су болған.
– Балам-ау, бетің қызарып кетіпті, ауы­рып тұрған жоқсың ба? – деп қызының маңдайын ұстады. Ыстығың жоқ, бірақ қабағың түсіп кетіпті, біреу ренжітті ме?
– Мама, ол келді. Міне, мынаны берді. Ораулы заттарды мамасына берді.
– Папаң неге отырмады?
– Ол асықты. Мені тыңдамады. Сендердің інілерің бар деді. Оны бізге неге әкелмейді?
– Қызым, өскен соң бәрін түсінесің. Ал қазір кешкі асқа дайындалайық, Есентай да келіп қалар. Бүгін сенің туған күнің ғой, күнім, қазір торт жасап беремін, – деп баласы үшін көңілденді. «Ханым, сен неткен ақымақ ең, ол енді келмейді, күдеріңді үз. Екі баланы қайтсін?! Тағы біреуін жас әйелі тауып берсе. Еркектің бәрі оңбаған, опасыз» деп ызаланып мың-сан қайталаған шығар. Шарасыздықтан не істерін білмейді. Жап-жас тірі әкесі жүргенде балаларын қалай жетім етпек?»
Арада біраз уақыт өткенде олар заңды ажырасып тынды. Үй мен балалар Ханымға берілді. «Ешбір жанға арамдық жасамап едім, неліктен мені мұндай күйге түсірдің? Ақкөңілділігімнен тапқан жақсылығым осы ма? Мектепті жаңа бітірген қыздың қулық-сұмдығы түбіме жетті-ау. Неге?» Сансыз көп жауапсыз сұрақтар...
– Ханым Қуатқызы, сізді телефонға ша­қырады.
– Алло, иә, тыңдап тұрмын.
– Ханым, амансың ба? Жағдай қалай, балалар шауып жүр ме? Өтінемін, менің сенімен кездесуім керек.
– Біз сөйлесетін ештеңе қалған жоқ. Қош бол!
Ауруханадан шыққан беті сол еді. Ауладан күйеуі ере шықты.
– Тоқташы, өтінемін.
– Саған не керек бізден? Сұлу әйелің, ұлың бар. Осы неге мазалай бересің?
– Ханым, балаларды көргім келеді.
– Оларды көргің келсе бізден кетпес едің ғой. Балалар тек менікі, олардың әкесі жоқ, өлген.
– Қатты кеттің ғой. Мен қайбір жетісіп жүр ем. Балаға қымбат дәрі керек болып тұр. Соған көмектес, – деді жалынышты үнмен. Осы сәт ол күйеуіне қараған. Сақал-мұрты өсіп, жүнжіп кетіпті. Шалбары үйден кеткелі үтік көрмегендей мыж-мыж. Аяғында баяғы өзі әперген тозығы жеткен «саламандра». Екі баламның көз жасы қойсын ба? Келіншек өз ойынан өзі шошынды, табаламаймын ғой, тек қарамайды ма екен. Тастап кеткен жолдасын аяп-ақ тұр.
– Не болды оған? – деді біраз үнсіздіктен кейін.
– Бала сөйлемейді, тілі әлі шыққан жоқ.
– Мен сөйлесіп көрейін дәрігермен, мүм­кін әлі үміттенуге болар. Қуан, сенің мына түріңді менен басқа ешкім көрмесін. Бұлай жүру жас әйелі бар адамға жараспас.
Екеуі екі айырылды. Мына күзгі жаңбырға оның көз жасы қосылды. Автобуста біл­діртпей орамалымен көзін сүртті. Аялдамадан түсті де, бағдаршамның жолында арғы бетке өткелі тұрған.
– Қызым, осы сенің жартың қайда, соңғы кезде жалғыз көрем, – деген сөзден тосылып қалды. Қараса, көшенің арғы бетіндегі көрші қазақ әкей екен.
– Амансыз ба? Менің жартым да, базарым да екі балам, әке. Солар менің алданышым, солар менің бақытым. Басқа жартының да, бүтіннің де керегі жоқ.
– Алдыңнан жарылқасын, қалқам. Өзің жүдеп, үнемі жалғыз жүрген соң сұрап едім, түсінікті болды, айып етпе, қарағым. Ол әлі өкініп алдыңа талай жылап келетін болады. Алдамшы өмір, қу пендешілік-ай... Дегенмен балалардың әкесіз өскені болмайды, райыңнан қайт, балам. Үлкен кісі жүзі жылы, ауыртпалықты ерлерше көтеріп жүрген ке­лін­шекке сүйсіне қарады.
Ханым көк дарбазаға еніп бара жатты. Ойынан әкейдің айтқан сөзі кетер емес...

Дәметкүл Құмақбай,
журналист
02 шілде 2019 ж. 917 0

Ұқсас жаңалықтар: