Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРАҚ КӨРПЕ

ҚҰРАҚ КӨРПЕ

Аудан орталығында ақын Оңталап Базаралиевпен кездесіп қалдым. Жақында ғана «Ақсұңқар» атты өлеңдер жинағы шыққан ақынмен біраз сұхбат құрдық. Өлеңдер жинағынан оқыған алғашқы жырдан ұлтжанды, мінезді ақын екені аңғарылды. жырлары рухани азыққа толы екен.
Кездесуде Оңталап аға Базаралиев өзінің «Құрақ көрпе» өлеңін оқып берді. Алдымен, оның шығу тарихын айтты.
– Бастапқыда «маталардан қалған қиынды далада қалмасын деп құрасты­ратын болар” деген ойда болатынмын. Сөйтсем, мұның астарында үлкен тәрбие, өнеге жатыр екен, – деді ақын. Оның мағынасын теледидарда сұхбат берген көпті көрген, ардақты әжеден біліпті. Сұхбат барысында тілші кейуанадан «Әже, құрақ көрпе тігудің қандай өнегесі, өсиеті бар?», – деп сұрапты. Сонда құрметті жан «Қарағым, біздің бала кезімізде қызға құда түсіп келгенде қыз әкесі келісім берсе, бәйбішесіне «Құрағыңды құрай бер» дейтін. Бұл екі жасқа деген ата-ананың ақ тілегі болатын. Яғни, «Көсегең көгерсін, көрпең ұлғайсын» деген аталы сөз. Жас жұбайлардың өмірі мәнді, ғұмырлы болсын деген тілек жатыр» депті. Құрақ көрпенің мән-маңызын түсінген ақын сол мезетте өлең шығарыпты.

Болатын біздің ауыл мұратты өлке,
Әр үйден қуанатын шырақ көрсе.
«Құралып, шаңырағы ұлғайсын» деп,
Құрайтын кеткен қызға құрақ көрпе.

Өзгерту неткен қиын қонысыңды,
Көнесің, Алла солай жол ұсынды.
Өмір даңғыл жол емес, иір-шиір,
Құрақтағы иненің жолы сынды.

Ойсызға құрақ елдің ермегіндей,
Бермей ме шын жарасым төрге гүлдей.
Өмір сүру бір өнер деп білемін,
Зергердің құрақтағы өрнегіндей.

Батасыз, салтсыз болса ел өспейді,
Тура жол тағдырыңа кеңес кейгі.
Шаңырағы шайқалса ақ отаудың,
Көзіме құрақ көрпе елестейді.

Ойланып қалдым... Құрақ көрпе – қыз жасауының негізгілерінің бірі. Ал қазір жас отбасылардың арасында тұз-дәмі жараспай жатқандар көп. Сонда құрағы дұрыс құралмаған ба? Оның үстіне, қазір базардан сатып ала салу сәнге айналған. Демек, ата-ананың тілегі астасып жататын құрақ көрпеге ерекше мән беру керек.
Бұдан бөлек, мұның тағы бір сыры бар. Қазақ халқы үшін құрақтың маңызы, қасиеті «Құдай құрастырсын» деген ырымға саяды. Оның себебі, бұрынырақта өмірге әкелген перзенті шетіней берген ерлі-зайыптылар ел ішінде мата қиындысын жинайды. Оларды бір-біріне жалғап, құралған матадан жас нәрестеге «құралсын, көбейсін» деген ырыммен көйлек тігеді. Көйлекті астарлап, етегін қайырмай, «сілекей» күйінде қалдырған. Киімнің етек-жеңін көктемеген күйде «сілекей» етіп қалдыруының сыры «нәрестенің соңынан тағы бала ерсін» деген тілекті білдірген. Өмірге жаңа келген нәрестеге кигізілетін «ит көйлектің» етегін қайырмаудың сыры да «соңынан ерсін, өмір жасы ұзақ болсынға» келіп саяды. Осы ырымның әсері болса керек, жас шаңырақ иелеріне сыйлаған дүниенің басым бөлігі құрақпен әсемделеді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

22 маусым 2019 ж. 3 799 0