Сақалымызды сатпайық…
… Ұлғайып қартаяды жастан адам,
Әуелі қартаяды бастан адам.
Жеткенін кәріліктің ескермейді,
Көңілі өсіп, мейманасы асқан адам.
Шал ақын Құлекеұлы
«Кәрілік келіп қалды қай жағымнан» деп Ақан сері «Әудем жерінде» әнге қосқандай, дені сауға да, ауру адамға да жасаған жасыңмен бірге кәріліктің келетініне дау жоқ. «Елу — ердің жасы, алпыс — пәленің басы». Мен бүгін сол алпыстан асып, зейнеткер жасына жеткендер, жетпіске желіп келгендер, сексеннің сеңгірінен көрінгендер жайлы көптен көкейде жүрген бір ойларыммен бөліспек болып қолыма қалам алдым.
Шіркін, заман-ай десеңші! Бәрі де өзгеретін көрінеді. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демей ме? Міне, оған көзіміз жетті. Тарихтың терең қойнауына бармай-ақ, соңғы елу-алпыс жыл маңында сөз қозғасақ, түйсігі бар адамға түсінікті болар.
Біздің бала кезімізде ауылда «бүгін омыртқаға «ақ сақалдарды» шақырамыз», ертең «қара сақалдарды» шақырамыз» деп жататын. Қазір «қара сақалдарға» кім, «ақ сақалдарға» кім жатады? Оны екінің бірі білмейді. Ешкім білмейді десең де, онша қателесе қоймассың.
Біз емеспіз ауылдың жаңғалағы,
Шал демеңіз, біреулер шамданады.
Жатқыза алмай біздерді ешбір топқа,
Әйелдердің өздері таң қалады, — деп, қазіргі «современный шалдар» жайлы дұрыс айтылған.
Осыған орай сақал мәселесіне қысқаша тоқтала кетейін. Қазақ халқында сақалға қатысты «ақсақал», «қара сақал», «қаба сақал», «шоқша сақал», «қырма сақал» деген сөздер бар. «Ата сақалы аузына түскенше», «Сөздің көркі — мақал, жүздің көркі — сақал» деген мақалдардың астарында да үлкен мән жатыр. Яғни пайғамбар жасына жеткен қарттардың салиқалылық белгісімен сақал өсіруі — қалыпты құбылыс.
«Пайғамбар сүннеті» деп сақал қойған адам ең алдымен өзін-өзі тәрбиелеуге, әдеп пен иманға шақыруды үйренуге тиіс. Жүрген жерінде «сақалым бар ғой, өзімді дұрыс ұстайын, әр сөзіме мән берейін» деп, өзін тәрбиелеумен болады. Қазақтың хандары мен би-шешендерін сақалсыз елестету мүмкін емес.
Мысыр еліндегі «Пәтуа шығару басқармасы» («Даруль ифта») 2013 жылдың 7 қаңтарында жасалған баяндамада: «Сақал қою парыз емес, ұнамды іс», — деген пәтуа берген. Мұны айтып отырғаным, оқырман мынау автор сақал қоюды насихаттап отыр деп, қате түсініп жүрмесін деген ескертпе. Ерік әркімнің өзінде. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса».
Осы айтылғандардан кейін біз өзімізде қай топқа жатқызамыз? Әрине, қиналамыз. Бәріміз шетімізден Алдар көсеге айналып кеткен сияқтымыз. Шынында да, тек түріміз емес, істеген істеріміз де Алдарға көбірек келеді. Тек Алдар көсе бай-манаптарды келемеждеп, қара халықтың қамын жесе, қазір біз — бүгінгі Алдар көселер өзімізді-өзіміз келемеждеп, ұрпаққа өнеге көрсете алмай жүрміз…
Өнеге көрсете алмай жүрміз дейтінім, бас қосқан жерде тереңнен тартып айтар аталы сөз айтылмайды, қол жайып бата сұраса, екі сөздің басын қосып айта алмаймыз, немесе мінбеде тұрғандай бос сөзбен көсілеміз. Қысқа да нұсқа сөйлеу жоқ. Тарихымызды, шежіремізді білмейміз. Білсек те, бастауыш мектеп оқушысының білімі деңгейінде. «Өсетін елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» деген даналардың сөзі бар. Әрине, қарттардың бәрі осындай десек, қиянат болар, арамызда жүрген асылдарды елемегеніміз болар. Осы жерде Бөлтірік Әлменұлынан (1771-1854) мына бір жолдарды келтірсек артық болмас:
Ағадан шыққан дана сөз,
Құлақ құрышын қандырар.
Атадан шыққан бата сөз.
Өлгеніңді тірілтіп,
Өшкеніңді жандырар.
Тамаша айтылған ешқашан ескірмейтін даналық сөз емес пе? «Есік алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, ауылыңда қарт болса, жазулы хатпен тең», «Ақылды қария — ағынды дария» деп тегін айтылмаған ғой. Адамның жеке басының даму кезеңдерінің ішінде кәрілік шақ — оның өмір тәжірибесінің барынша молайып, көзқарасының әбден қалыптасып, бойындағы бар қабілеті мен күш-жігерін еңбекте, ғылымда, өнерде т.б. сарқа пайдаланып, өзінің басынан кешірген, жүзеге асырған іс-әрекетіне көз жіберетін кезі.
Бабаларымыз адам өмірін кезең-кезеңге бөліп, әр кезеңдегі адам болмысын, өсу дәрежесін дәлме-дәл теңеулермен атаған ғой. Сонда халқымыз 1 жастан 100-ге дейін атаулар берген екен. Мен сөзімнің басында алпыстан асқандар жайлы ой бөліспекпін деп едім, ендеше, тек сол жас мөлшеріне тоқталайын.
Қазақ 60 пен 70 жас аралығы — қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже;
70 пен 80 жас аралығы — ақсақал, ақбұрым;
80 мен 90 жас аралығы — ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария;
90 мен 100 жас аралығы — селкілдек шал, селкілдек кемпір;
100 жастан жоғары — баба, кейуана деген екен. («Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналы, 4/2015 жыл).
Жалпы, жасы жетіп зейнеткерлікке шыққан адамға алдымен тыныштық керек. Өмірдің қамшының сабындай қысқа екені баршамызға аян.
— Бәленшекең ақсақал, бұрынғы офицер, полковник, зейнетақысы өзгелердікіндей емес, көтеріңкі. Бұл кісінің бақытты кәрілігіне тең-тұстастары қызығатын шығар-ау, — депті бір жігіт алқа-қотан үлкен дастарқан басында. Сонда төр басындағылардың бірі болып отырған Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбай:
— Бақытты кәрілік, шадыман кәрілік онша келісті бола қоймас. Нағыз дұрыс кәрілік — тыныш кәрілік. Ұлдарым қызметтен, немерелерім сабағынан уағында кешікпей оралса, сол күні өзім тыныш ұйықтаймын, ештеңеге алаңдамаймын. Басты фактор — елімнің тыныштығы, халқымның тоқтығы, — деген екен.
Ұлы ғұламалардан қалған мынандай сөз бар: «Адам бақытты өмір сүруі үшін 3 нәрсе: иман, денсаулық, тыныштық керек».
Ендеше, еліміз тыныш болсын, халқым тоқ, уайым жоқ болсын! Қарттарым өз міндеттеріңді де ұмытпаңдар, ұрпағымызға қандай ұлағаты мол із қалдыратынымызды тағы бір рет ақыл безбеніне салып, Алланың берген абыройынан айырылмайық. «Сақалын сатқан кәріден…» деген сөз бар ғой. Ауыр сөз, өзі де жоқ сақалымызды сатпай-ақ қояйық!
Қартая да білу абзал пендеге,
Ақымақтан ауыл іші кенде ме?
Еңкейгенде қадіріңді қашырсаң,
Сақал түгіл, басың өтпес теңгеге.
Мен алдарыңызға ойымда жүргендерді бүкпесіз жайып салған сияқтымын. Қосып-алам дегендеріңіз болса, сөз сіздерде.
Совет Хамитұлы
https://elana.kz/