Құралайдың киесі
Күні бойы жер бетіндегі тіршілік атаулының апшысын қуырып, жаланған күн де шаршау тартып, «төсегіне» жығыла кетуге асыққан сыңайлы тұсау бойы қалыпты. Қырдың ерекшелігі – түні салқын болып келеді.
Біздер шопан келіншегінің түйе сүтін қатып құйған қою шайының терін үгіп, әңгіме жібін тарқата бастадық. Кенет... үй іргесінде асыр салған қозы-лақтың маңырауына ұқсамайтын дауысқа елең ете қалыстық.
– Құралайлар ғой, сүт ішетін уақыт болды, – шопан келіншегі самаурынын ала далаға ұмтылды...
Үш киік лағы үй иесі – келіншектің аяғына оралып жолын кесті. Көп сөзі жоқ дала перзенті киік лағының әр қимылын жіті түсінетіндей, шелектегі сүттен бөтелкеге құйып, лақтардың аузына тосты. Ал, олар сырт көзге нәзік көрінгенімен, тегеурінді, етсіз, сидам сирақтарымен жер тарпып, тыпырши қолды-аяққа тұрар емес. Қуғын-сүргінмен өмір кешкен киік қанына сіңген жылдам да, шалт қимыл. Емізікті шақ келтірер емес. Түпсіз, терең жәудіреген көздерінде үрейдің ізі білінбейді. Ас берген адамзат атаулыны жатырқау жоқ. Сүтке тойған үш құралай айналсоқтап шығар емес. Жар қабаққа жүгіріп шығып, ойнауға кірісті. Кім көрінген қуып, берекесін алмасын дегені болар, үш лаққа да қызыл жібек матадан бойтұмар тағыпты.
...Киік лақтары өзен жақ беттегі құм төбелі жыңғыл өскен тоғайға ерте кірген қараңғылықтан қорықты ма, жазық жонға қарай жайылып бара жатты.
– Ауыл үстінен аңшылар өткен, тәйірі қақпан салып, күн ұзақ жар қабақты аңдып, киік ататындар емес «ГАЗдар» мен «ЗиЛдерге» мінген тажалдар. Бауырын көтермеген мына үш жетім сол қырғыннан қалғандар. Келініңіз сүт берді, бақты, қақты, қатарға қосты.
– Енді далада біреу-міреу жазым етпес пе екен? – деп қауіп айттым. Киіктерінің келешегіне өзі де күмәнді болса керек. Жауаптан жалтарған ол:
– Қазір жұрт байғұстарды еті үшін ғана емес, басқа да пайдасын ойлап, мезгіл жоқ, мекен жоқ қырып салуда. Осыған бір тоқтау болар ма екен? Қалай ойлайсыз?
Сананы сан саққа жүгірткен сауалдарына жауап таппаған шопан жігіт үйіне бастады.
– Аға, машинаңызды жіберіп, көрші шопанды алдыра қояйын? Жас малдың еті пісіп те қалыпты, – деді ол. Өзі айтып, өзі шешті. Машинаны жіберіп үлгерді.
– Әй, Атымтай-жомарт, – деп басын шайқап, есіне әлдебір күлкілі оқиға түсті білем, мырс-мырс күліп әңгімесін бастады.
– Көршіні, Күбіліні айтам, мәрт жігіт. Бірде құрдасының әйелі толғатып, облыс орталығынан жедел жәрдем ұшағы шақырылды. Алып жүруге болмады білем, осы арада босануға тура келді. Жас ана аман-есен қол-аяғын бауырына алған соң, дайын ас желініп, арқа-жарқа болып бір жырғап қалдық. Риза болған ұшқыш пен дәрігерге:
– «Малым – жанымның садақасы». Досымның баласы менің де балам. Сыбағаларың бар, қашан алам десең де, мал дайын, – дейді құдық басындағы малды иегімен нұсқап.
Айтылған сөз атылған оқ. Жедел-жәрдем ұшағына екі марқа тиеліп, жерден көтеріліп кете барды.
– Ой, мыналарың ұшаққа мал салмайды ғой деп айта салып едім. Сөйтсем, бәрі бір ме қалай? Әттеген-ай, – деп бір күлкіге батырғаны бар.
Шопан жігіттің үйінде ашық-жарқын әңгімелесіп отырғанда да мойынында алқызыл бойтұмары бар құралай киіктер көз алдымнан кетпей қойды.
Тозығы жетіп, бояуы кеткен түкті кілемдей шөбі қырқылып, тұяқ кесті болған жаз жайлауының күзге салым базары тарқап, оты қашқан соң шопандар Сырға құлайды. Күзгі қара суық пен қар аралас жаңбырдан ыққан киіктер Сырдың қалыңынан пана іздейді. Қарашаның алғашқы қары жауып, жерге тоң байлана аң қуған браконьерлер даланы шарлап, безіп кетеді.
Маң даланы бетке алып, зулап келе жатқан «ЗиЛ» машинасында үшеу. Бірі – браконьерліктен аты шыға қоймаған, әскерден күзде ғана келген Мақсат та, қалған екеуі – ағайынды Болат, Марат атты нағыз жырындылар.
Түс қайта құм төбелі тақырды артқа тастап жазық жонға шыға, күткендей-ақ топ-тобымен киіктер де кездесе бастады. Жері жазық, баялыш пен жусанды дала «ЗиЛ» сияқты ауыр машина үшін іздесе де таптырмас. Сынаптай сырғыған машина жазыққа қақпайлай айдап шығарған қырық-елу киікті шашау шығармай, тықсыра қуа жөнелді. Топтан бөлінген жеке дара қашқандары болса, ажал оғынан қашып құтыла алмай, мойынын бауырына алып, домалап түсіп жатыр. Топқа бірнеше дүркін оқ атылды. Аузынан ажал сепкен бесатардың көмекейіне тағы да оқ толтырылады, жаңағы әдіспен атыс басталады.
Үрен-сүрен қуғын үш, кейде төрт топты атып алған соң барып қана тоқтайды. Содан соң киік ізімен кейін қарай жүріп, олжаларын жинап, терең сайға әкеліп, басын кесіп, ішек-қарынын алып тастап, қанын сорықтырып, машинаға салып алады.
...бұл үшеудің ойы – түн ауа киіктерді тиеп, қалаға жол тартпақ. Отыз-қырық сомнан сатқанның өзінде осы жолы төрт мың сом қалтаға түседі. Ал мүйізі ше? Ол өз алдына бөлек қазына.
Мынау дүние Мақсат үшін қызыл бояумен боянғандай, ағайынды екі серігінің бет-жүзі, тіпті көзіне дейін қан қызыл. Қар жамылған даланы қызылға бояған күн батуға таяған. Болат пен Марат терісі сыпырылған киік етін сірке суына бұқтырып, отқа қақтап жеп отыр. Бейне бір аш қасқыр дерсің. Адамның аңға айналуына онша уақыт керек емес екендігін сонда ғана сезді. Мақсаттың аш құрсағынан ақ көбік ақты. Ағайынды екеудің ортасында тұрған арақты бөтелкесімен төбесіне көтерді. Өзегін өртеген ащы арақ бойына тарап бей-жай күй кешті. Өзінің де мыналар сияқты айуанға айналарын сезгенде арқасына құмырсқа ұя салып жатқандай денесі түршігіп, қайта лоқсыды.
– Макс, а, Макс, кел. Дала серілерінің қонақасына келе қал! ,– Ағайынды екеу қыза бастаған секілді. Шай да дайын болыпты. Бірер кесе шай ішіп бойын жылытпақ болып, от басына келіп отыра бергені сол, өздеріне он қадамдай келіп қалған киікті көріп айқайлап жіберді. Киік селт етіп тұра қалды. Қашу ойында жоқ. Танауын көтеріп, мөлдір көзі от басындағыларды барлай қарайды.
Болат дереу оқшантайға қол салып, мылтықты оқтап та үлгерді.
– О, бала киік! Әрқашанда дайынбыз! – Мақсат енді байқады, киіктің мойнында қызыл матадан бойтұмар бар екен.
– Болат, Марат! Атпа! Бұл үй киігі ғой... Атпашы! «Атпашы» сөзімен қатар ажал оғы тарс ете қалды. Мақсат секірген күйі барып мылтықты теуіп үлгірді. Екінші рет атылғанда орнынан тұра берген Мараттың бетін оқ бұршақтары бүркеп кеп алды.
Есеңгіреген екеу естері кетіп, «Киелі киік, киелі киік!» дегеннен басқа ешқандай әрекет жасауға шамасы келмей, отырған орындарында қатты да қалды...
Қолын киікке қарай шалқалай құлаған Марат пен алға қарай ұмсына беріп құлаған киікті ызғарлы түн құшағына алып жұтып жіберді. Бірі – табиғат Анадан бермесін «алам» деп өткен қорқау да, енді бірі – оны пана көріп келіп, оққа ұшқан бейкүнә жануар. Әуремен өткен алдамшы өмірдің соңғы нүктесіндей өшуге айналған оттың шоғы ғана әлсіз өлімсірейді...
Жұмабай Байзақұлы