КӨШПЕЛІ ЕЛДІ ОТЫР ДЕМЕ, АҚБӨКЕНДІ ЖАТЫР ДЕМЕ!
Соңғы жылдары елімізде сирек болса да «браконьерлік» заңсыз аң-құс ату фактілері көрініс беруде. Соның ішінде, киелі киік жануары. Ол құнарлы шөпті жейді. Киіктің қасиеттілігі соншалық, тұяғымен жердің шаң-тозаңын шығарып, топырақтың құнарлығын арттырып отырады. Өсімдіктердің қайта қаулап шығуына зор ықпал етеді. Сайын даланың еркесі, желден жүйрік жануар, күніне 200 шақырым жер жүріп, жайылым ауыстырып отырады. Қазақта «Көшпелі елді отыр деме, ақбөкенді жатыр деме»-деген сөз осыдан қалса керек. Міне, осындай қызыл кітапқа енген киелі жануарды атып, оны бас пайдасына жаратып, тіпті бизнеске айналдырып жүргендер бар. Бүгінгі киіктің етімен қатар, мүйізіне де сұраныс артуда. Осындай қыруар пайданы көксеген браконьерлер дәрі-дәрмек жасау үшін киік мүйіздерін көрші Қытай еліне асыруда. Ал Қытай елінде мүйізі одан да жоғары сұранысқа ие. Дерек көзіне жүгінсек, өткен ғасырда Қазақстанда 1,5 млн. киік болса, қазір елімізде 220 мыңдай киік бар екен. Міне осыған қарап-ақ, киіктердің нендей күйге түскенін аңғару қиын емес. Жығылғанға жұдырық демекші, оның үстіне, өткен жылдары Пастерелез ауруынан жүздеген мың киік опат болды. Табиғат-жаратқанның сыйы, оны орынды-орынсыз бүлдіруге болмайды.
Сонымен қатар, қазір елімізде жекелеген адамдар қызыл мияға қырғидай тиюде. Оның себебі де жоқ емес. Сырдың бойында өсетін өсімдіктердің ішінде дәрілік қасиеті мол өсімдіктердің бірі-қызыл мия. Оның тамырынан дәрі жасайды. Қызыл мияда қызыл кітапқа еніп, мемлекет қорғауына алынды. Қазір бұл қызыл мия өсімдігін қорғауда Әкімшілік тарапынан, Ішкі істер органдарынан, табиғат қорғау салаларына басқа да мүдделі органдар мен мекемелердің тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар көп. Дегенмен, бұл аз. Себебі, халық болып қорғасақ, құба-құп болар еді.
Осындай сыр жерінің байлығының бірі-сексеуіл ағашы. Сексеуіл ағашын отын ретінде қолдана бастады. Көмір тапшы, бар болса да шығыны көп. Соның салдарынан тросстар байлап, трактормен сексеуілді түп-тамырымен қоса жұлып, қоршаған ортаға айтарлықтай зиянын тигізді. Дегенмен, қазір жағдай басқаша, көмір бар, бағасы да қолжетімді, тамызыққа жыңғылға рұқсат етілген. Бұрын-соңды отандық ағашты рұқсатсыз алған тұлғалар әкімшілік айыппұлмен шектелетін болса, қазіргі заң бойынша ол қылмыстық жауапкершілікте болады. Осыдан шығатын нәтиже, туған табиғатымыздың байлықтарын қалай болса солай пайдаланбай, оны тек арнайы рұқсатпен ғана пайдаланып, қалған байлықты келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыру біздің басты парызымыз.
Таңатар Сатбаев,
Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау
жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-сінің
орманды күзету және қорғау жөніндегі,
орман патолог инженері