Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » НҰХ КЕМЕСІ ТОҚТАҒАН ТАУ – ҚАЗЫҒҰРТ

НҰХ КЕМЕСІ ТОҚТАҒАН ТАУ – ҚАЗЫҒҰРТ


Қазығұрттың басында кеме қалған… Осынау ұзыннан созылған дастан Қазығұрттың бар атағын асқақтатып тұрғандай-ақ! Аңыз бойынша дүниені топан су басып, тартылар тұста бір таудың басына қайырлайды. Нұх кемесі тоқтаған тау – Қазығұрт. Иә, армян халқы Арарат тауына қайырылған деп есептейді. Дегенмен, біздің де аңыз жәй айтылмаса керек. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамасы да жасырын емес. Басқа тауға емес, дәл осы Қазығұрттың басына қайырылуында да мән бар. Өйткені, Қазығұрт басқа тау сілемдерімен жалғаспай, өз алдына жеке орналасқан. Кеменің, Нұх пайғамбардың, оның сол кезде жанында болған адамдардың Қазығұртта тұрақтауы жайлы да дәйектемелер бар.
Қазығұрт тауы – Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі аласа келген жота. Ол – Оңтүстік Қазақстан облы­сының орталығы Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 шақырымдай қашық­тықта орналасқан. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 55 шақырымға созылған. Ортаңғы биіктеу бөлігінің ұзындығы 22 шақырым, енді жері 10 шақырым. Ең биік жері жотаның шығыс бөлігінде орналасқан (1768 м.). Қазығұрт тауының басында, күн батыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер «кеме қалған» деп аталады, «Нұх пайғамбары­ның кемесінің ізі», топан су тасқыны қайтқаннан кейін «Нұх пайғам­бардың және оның жанындағы адамдар мекен­деген үңгірі», «Пайғамбардың намаз оқыған жері», үңгірдегі «бес саусағының ізі», «су ішкен бұлағы» деп аталатын топонимдер бар. Қазақ мифінде «Құдай баста жерді көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған» дейді. «Нұх кемесі» қайырлағанға дейін де Қазығұртқа әулие­лер аяқ басқан, сондықтан «киелі тау» деп түсіндіріледі. Жырдың «Ол әулие болмаса неге қалған?» деген жолдары Қазығұрттың әуелден қасиетті, Әулиелі тау екенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ, бақсылар сары­нында Қазығұрт ата әулиелер қатарында айтылған.
С.Сейфуллин келтірген деректе «Қазы­­ғұрттың басындағы үңгір – Қазығұрт атаның моласы. Оның белгісі – шаншулы ағаш көпке дейін тұрып келіпті. Жұрт Қазығұртқа шығып, сол молаға зиярат қылатын еді. Басқа жерлерді бұлт басса, Қазығұрт басын бұлт баспайды. Егер де Қазығұрттың басына бұлт шығып, басы көрінбей қалса, қариялар: «Қазығұрт қарасын киді» деп қатындар күпарасын киеді дейді екен. Қазығұрттың басындағы бұлт жаумай кетпейді деп малдарын жинап, шашылған дүниелері болса, үйлеріне кіргізетін еді», – дейді.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі Қазығұрт туралы аңыз өлеңде «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған, Жетім қозы басында жатып қалып, Шопан ата жануар сонан қалған» деп Шопан ата, Зеңгі баба, Жылқышы ата (Қамбар ата), Ойсылқара сияқты төрт түліктің киелі иелері аталады.

http://almaty-akshamy.kz/category/leumet/
15 мамыр 2019 ж. 2 419 0