Майдангер
Ауладағы жайқалған өріктің жанындағы орындыққа жайғаса бергенде алысқа көз тастап, не сұрайтынымызды топшылағандай болды. Азапты жылдардың көрінісі көз алдына келген болар, жанарына жас іркілді. Иә, қан майдандағы алапат соғыстың бел ортасында ел қорғауға аттанған сарбаздар қатарында болған Яхия Тасыров бүгінде баталы қарияға айналды. Сырдария ауданының жұртшылығына танымал ақсақалдың шаңырағына барып, аз-кем сұхбаттасып қайтқан едік.
Тоқсанның жетеуіне аяқ басқан Яхия Тасыровты үйінен ұстай алмайсыз. Аллаға шүкір, тың екен. Тереңөзек кентін айналып жүріп, ұлының үйінен таптық.– Осылай балаларды аралап, амандық білетінім бар, – деген ақсақал әңгімесін әрі қарай жалғады. – Майдан даласына 1941 жылы аттандым. Әдепкіде ішкі әскер құрамында болдық. Әбден дайындады. Алдымен Новосібірге, онан соң Мәскеуге апарды. Окоп дайындадық, ормандағы ағаштарды кесіп, танктердің өтуіне қолдан кедергі жасаймыз. Иә, біз бұл уақытта нағыз майданның бел ортасына бармаған едік....Радиода Левитанның дауысы. Бәріміз ұйып қалғанбыз. Фашистердің қай қаланы алғанынан, біздің солдаттардың қай қаланы босатқанынан осылай хабардар боламыз. Мәскеу көшесін әнмен әуелетіп, көңілді келе жатқан солдаттарды бір сәтте вагонға тиеді де ала жөнелді. Жұлқа жөнелген паровоздың бізді қайда апара жатқанынан бейхабар едік. Іште білетіндердің бірі «Курскіге барамыз» деді, рас екен. Бұл кезде фашистер Курскіні алыпты. Стансаға тоқтай бере «Спасайтесь!» деген дабыл көтерілді. Дереу әрбіріміз әр жаққа қаштық. Аспанда атысқан самолет. Жарқ-жұрқ. Біздікілер де қарап қалмады, жаудың ұшағын төмен құлдилатты. Сөйтсек, біздің алдымыздағы тұтастай бір эшелонды тып-типыл етіпті. «Стансаны қоршаңдар» деген пәрмен келді. Бізді ұстап беріп отырған тыңшы бар екен, осылайша соны қолға түсірдік.Қан майданда бораған оқ пен оттың ортасындағы жылдар осылай басталды да кетті.
Сырдария ауданының А.Тоқмағамбетов ауылында кіндік қаны тамған Яхия Тасыров осылайша Ресей жерінде жаумен шайқасты. Елді азат етуге атсалысты. Әдепкіде станокты пулеметті оқтаушы болып жүрді. Ен далада 70 келі салмақты арқалап, талай рет ұрыстың бел ортасына түсті. Бірақ, Құдай қарасқан шығар, ауыл баласы аман-есен қалды.
– Сталинград майданы еді. Окопта тұрып, қарға жуынған шақтар ғой. Жаумен арамыз бері дегенде 800 метр, әрі дегенде 1 шақырым. Бір сәтте тегіс дала қап-қара түтінге айналды. Ешнәрсе көре алмайсың. Қорғанбасаң, қаңғыған оқтың құрбанына айналасың. Төменде танк, үстімізде оқ себелеген ұшақ. Окопты паналап, тығылып қалсаң, үстіңнен танк келіп, езіп-жаншып өлтіріп кетеді. Біз соғысқан алқаптың шетінде үлкен сай бар. Бізге командирдің бұйрығы сол сайға тығылу болды. Өйткені, жау танкі ол жаққа бара алмайды. Жүгіріп келемін. Бір сәтте командир байқап қалып, «Бросай же!» деп айғайлады. Сол сәтте ғана маған тапсырылған затты лақтырып, бас сауғалауды ойға алыппын. Қолда мылтық та жоқ. Жалғыз қару, танкке арналған жарылғыш бөтелке. Бір танктің ішіне соны салдым да қаштым. Ал олар он бес метр қашықтықтан бері қарай көре алмайды. Сөйтіп, станокты пулеметпен жаудың талайын жайраттық та, сол Сталинград майданынан аман шықтық. Міне, осыдан соң барып, қолға қару берді, – деді майдангер.
Қанаттанған қырғауылдай сайды паналап жатқан әскер бірнеше тәулік тамақтанбаған еді. Қажыған, қалжыраған. Жаралылары да көп. Әлден уақытта «Тірілерің, сапқа тұрыңдар!» деген пәрменмен жан-жақтан сарбаздар селдіреп шыға бастады. 1945 жыл. 9 мамыр. Жеңіс күні. Бұл қуанышты Яхия Тасыров ауруханада жатып естіді. Бөлініп қалған аяқты емдеп жатқан дәрігер қуанғаннан «Ой, Тасыров, ты домой живым вернешься» дегенде жанарынан қуаныштың көз жасы сырғыды.Бүгінде өзінен өрбіген төрт перзенттен немере-шөбере де тарады. Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі ордендерімен, 17 түрлі төсбелгілермен марапатталған. Сырдария ауданының Құрметті азаматы. 2018 жылы ауданда «Жыл адамы» атағын иеленді.Ақсақалдың батасын алып, біз де қайттық. Қарт майдангердің тілегі елдің тыныштығы болды.
Дәулет Қырдан,
Сырдария ауданы.