Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттармен қалай сөйлесеміз?

Қарттармен қалай сөйлесеміз?

Аулада, дүкенде немесе қоғамдық көлікте әр нәрсеге наразы, агрессивті зейнеткерлерді кездестіріп жатамыз. Кейде ата-әжеңіздің де мінезін түсінбеуіңіз мүмкін. Сондай кезде "Мен осындай боп қартаймаймын" деп ойлайсыз, алайда оны уақыт көрсетеді...

Ер адам өзін іштей бозбала ретінде, ал әйел өзін бойжеткен ретінде сезінуі мүмкін. Бірақ алпысыншы туған күн артта қалғанда, ол ресми түрде егде жас, ал жетпіс жастан кейін кәрілік жас болып саналады. Неліктен жас кезінде қоғам сүйіктісі болған адам уақыт өте адам төзгісіз болып кетеді?

Есте сақтау мәселесі, әлсіздік, зейнетке шығу, өзінің дәрменсіздігі мен пайдасыздығын түсіну... Бұлардың барлығы жасы үлкен адамға жағымсыз өзгерістер болып келеді. Құрдас-достарының өлімі туралы хабарлар да жиілеп кетеді және өзінің өмірден кетуі жайлы қорқынышты ойлар да мазалай бастайды. Содан реніш, өкпешілдік, үрейлену, сенімсіздік, көңіл күй өзгерісі және ашуланшақтық пайда болады. Жасы ұлғайған шақта адам мінезіндегі негативті ерекшеліктер ұлғаяды. Мысалы: үнемді адам – қызғаншақ, жабырқаңқы күй басым болады. Қарт адамдар күйзеліспен, неврозбен, сонымен қатар Альцгеймер, Паркинсон ауруларымен жиі ауырады. Әрине, барлығы бірдей емес.

Қарттармен сөйлесуде ескеру керек 5 мәселе

1. Ата-анаңызбен өз реніштеріңізді талқылаңыздар. Өсе келе адам зейін жетіспеушілігі, жағымсыз сөздер, сын және әділетсіз жазалар үшін санасыз түрде өш ала бастайды. Мысалы, іште жүрген реніші үшін ата-анасына көп хабарласпай жүреді, оларға мейіріммен қарамайды. Бірақ, олар артынан өкінеді, ол кезде бәрі кеш болуы мүмкін. Ата-анаңыздың көзқарасын тыңдап, бір-біріңізден кешірім сұраған жөн. Сіз де, олар да жеңілдеп қалады. Қарттарға алғыс айтудан шаршамаңыз.

2. Қарт адамды өзгертемін деп үміттенбеңіз. Бұл жаста адамды өзгерту мүмкін емес. Оны сол қалпында қабылдаңыз.

3. Егер қарт ата-анаңызбен немесе ата-әжеңізбен бірге тұрмасаңыз, жиі барып тұруға тырысыңыз. Иә, ол сіздің керемет күніңіз болмауы мүмкін. Атаңыз бірдеңеге наразы болып сөйлеп жүруі мүмкін, әжеңіз арықтап кеткеніңізді айтып, "тамақ іш" деп ұрсып жүруі мүмкін. Әңгімелері бітпес шағым мен наразылыққа толы болуы мүмкін. Алайда, олар сізді тәрбиелеуде қаншама жүйкесін құртқанын ойлаңыз. Олар әр еркелігіңізді көтерді. Олар сізге қанша өкпелі болса да, не айтса да тек жақсы болсын деген оймен айтатынын ұмытпаңыз.

4. Егер қандай да бір ұрыс басталса, өзіңізді ұстаңыз. Агрессивті жауап қайтармаңыз. Оларды мазалап тұрған нәрсені анықтап, уайымдауға негіз жоқ екендігін айтыңыз. Баяу екпінмен сөйлессеңіз, олардың ашуы жылдам қайтады.


5. Әңгімелесушіге назар салыңыз. Ол анаңыз, әжеңіз немесе көршіңіз болуы мүмкін. Олардың денсаулығында қандай мәселе бар екендігіне мән беріңіз. Есте сақтау мәселесі болса, қайталаңыз, есіне түсіріңіз, шаршамаңыз! Дұрыс естімесе, қатты әрі анық сөйлеңіз. Көзі нашар көрсе, естуіне сүйеніңіз, құшақтаңыз.

Қарт адамдар бірдеңені ұмытуы, адасуы және шатасуы мүмкін. Кейде аңқау көрінеді. Адам кез келген жаста құрметке лайық: оның әр қателігіне күлмеңіз. Олардың кеңесінен бас тартпаңыз. Көпшілік "олар өмірден қалып барады, ештеңе түсінбейді" деп қарттардың пікірінен қашып жатады. Олардың ойы ұнамаса, онымен сөз таласудың не қажеті бар. Керісінше, алғыс білдіріп, оның ойын ескеретініңізді айтып, соңынан жағдайға қарай шешім қабылдайсыз.

Жасы ұлғайған кісілер бала секілді біздің зейінімізді, қамқорымызды қалайды. Ата-анаңызға, ата-әжеңізге оларды жақсы көретініңізді айтыңыз, жиі мақтаңыз. Мысалы: "Сіз өте әдемісіз", "Біз сізбен мақтанамыз", "Сіздің қолыңыз алтын", "Сіздің тамағыңызға ештеңе жетпейді", "Сіздің барыңызға қуанамыз", "Осы киім сізге жарасып тұр" және т.б. Мұндай сөздерді айту үйреншікті емес және қиын болса, оларды сүйіңіз, құшақтаңыз және арқасынан сипаңыз.

Қарттармен не туралы сөйлесеміз?
Ортақ тақырып жоқ деп ойласаңыз, қателесесіз. Жақындарыңызға сіздің және отбасы мүшелерінің табысы туралы естіген ұнайды. Жалақыңызды көтергені, балалардың жақсы бағасы, жаңа тағам пісіріп үйренгеніңіз, жақсы демалыс өткізгеніңіз секілді барлық жағымды жаңалықтар оларды қуантады. Ал проблемалар туралы айтпаған жөн. Олар оны өте ауыр қабылдайды. Олармен кездескен кезде бұрынғы кездегі күндер туралы сұраңыз. Жастық шақ туралы әңгімелер қарттардың көңіл күйін көтереді.
Біз де сол кезеңнен өтеміз. Соны ұмытпайық. Осы орайда біз – өз балаларымызға үлгіміз. Сізге балаларыңыздың сіз ата-анаңызды күткендей қадірлегенін қалар ма едіңіз?

Massaget.kz
26 қыркүйек 2018 ж. 680 0