Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыры кетсе де, сыны кетпеген

Сыры кетсе де, сыны кетпеген

Өткеніңді білмейінше болашағыңды болжай алмайсың” деген халқымызда дана сөз бар. Сондықтан бүгінгі күні тарихты танып, ескі дүниелермен сусындауда елімізде музейдің орны ерекше болмақ. Музейді ескі жәдігерлер мекені дегенімізбен ол жерде экспонаттар залынан бөлек қаншама байлықты қойнына сыйдырып отырған қордың бар екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Жуырда облыстық тарихи өлкетану музейінің қорындағы дүниелерді көрудің сәті түсті. 55 мыңнан аса экспонаттар жинақталған қорда тарихтың көне көмбесіне куә болдық. Ең алдымен айрықша көзге түскені түрлі салаларда қызмет атқарған еңбек ардагерлерінің латын тіліндегі құжаттары болды. Қызығушылығымды аңғарған болар бас қор сақтаушы Аманкүл Нұржанова сарғайған сары қағаздарды алдыма әкеліп, әрқайсысының тарихын зерделеп, қордың қызметін баяндап берді.
       – Мұндағы жәдігерлер 1968 жылдан бері сақталуда. Қордың негізгі міндеті келген заттарды түгендеп, тіркеп, зерделенген дүниені қабылдау. Бұл ретте біз мұндағы әрбір жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында жұмыс жасаймыз. Қайсысы болмасын барлығының өзіндік тарихы бар. Бірін кейбір адамдардың ұрпақтары өткізіп жатса, енді бірін музейдің ғылыми қызметкерлері жинақтап әкеледі. Мен үшін бұл жер ерекше. Себебі, тың тарихи оқиғалар мен көне қазынаның сырына қанығасың, – дейді бас қор сақтаушы. 
Байқағанымыздай, латын тіліндегі құжаттар негізінен білім саласы бойынша берілген. Бұлардың арасынан Қарақалпақ ауданындағы ағарту бөлімінен мұғалімдік қызмет атқарғаны үшін берілген Рахым Алшынбаевтың куәлігін, Жаңақорған аудандық ағарту бөлімінде мектеп инспекторы болған Әли Бимұхамбетовтің Оқу Халық Комиссариаты Қазақстан білім көтеру институтының 2 жылдық педучилищесін бітіргендігі туралы аттестаты, Ақмешіт уезінде ұйымдардың өкілетті елшілік атқарған Ержан Сүгіралиннің өмірбаяны және 1936 жылы берілген делегаттық билеті, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, екі мәрте Ленин орденінің иегері Низамитдин Илалитдиновтың Жаңақорған ауданының депутаттығына берілген билеті, сонымен бірге майданнан елге жазылған майдангер хаты мен газет материалдары бар. Мұның барлығы ХХ ғасыр еншісіндегі құнды қағаздар.

Құжаттарды парақтап отырып, Аманкүл апайдың ұстаз Низамитдин Илялитдиновтың өмір жолы жайлы айтқан оқиғасы да ерекше әсер етті. Татар республикасында дүниеге келген ол тағдыр  тауқыметімен ашаршылық жайлаған заманда қазақ еліне келеді екен. Бесарық разъезіне түскен оны ауыл қариясы үйіне әкеліп, өзінің інісі ретінде қабылдап, қазақ жеріндегі мұғалімдік жолы сол жерден басталады. Қазақ балаларына дәріс беріп, біліммен сусындатқан мұғалім, тынымсыз еңбегінің арқасында Сыр өңірінің мақтанышы, екі мәрте Ленин атындағы орденнің иесі атанып, абырой биігінен көрінеді. Қарияның жанашырлығы, қамқорлығы, берген ақылы мен көрсеткен жолы татар жігітінің елге сіңіп, осы жердің азаматы болып қалыптасуына үлкен септігін тигізген. Бүгінгі күні де “Илялитдиновтер әулеті” ерекше құрметке ие. Міне, сары қағаз осы бір тарихтан сыр шертті.
Қордағы тағы бір айрықша көзге түскен дүниелердің бірі самаурындар мен шоқ үтіктер жиынтығы. Мұнда 25 түрлі самаурын мен 27 үтіктің түрі сақталған. Әрқайсысының өзіне тән бедері мен белгісі бар.
 Тарихқа үңілсек,  Ресейге алғашқы самаурынды  Петр патша Голландиядан алдыртады. Кейіннен бұл жерде де самаурын жасау ісі жақсы дамып, фабрикалар салынады. Көп кешікпей бұл қазақ даласына да келеді. Мұражайдағы самаурындардың көбі Ресейдің Тула қаласында жасалынған екен.  Бір қызығы, Бұқарбай батырдың отбасы тұтынған самаурынды дәл осы жерден табасыз. Оны ардагер журналист Ахат Жанаев мұражайға табыс еткен.
Сыры кетсе де сыны кетпеген құнды жәдігерлер қатарын орыстардың “самовар-кухня” деп аталатын самаурыны да толықтырып тұр. Екі бөліктен тұратын бұл ыдыстың бір жағына ет асып, екінші бөлігіне шай қайнатуға болады. Көшпенді тұрмыс кешкен ата-бабаларымыздың өмір сүру ыңғайына арналып жасалса керек. Қорға жергілікті татар көпесінің ұрпағы әкеліп өткізген.
Ал, үтіктер туралы деректер 1636 жылғы орыс патшалығының шығыстар туралы кітабында көрсетілген. Яғни сатушының патшаға 5 алтынға темір үтік жасап бергендігі  жазылған. Десе де, XVIII ғасырда адамдар үтікті қалыпқа құю арқылы жасай бастайды. Осы уақыттарда арнайы үтік жасауға арналған құралдар мен зауыттар пайда болады. Ол кездерде темір үтіктердің бағасы қымбат болған. ХIX ғасырда француздар арнайы ыдысқа шоқ немесе ыстық көмір салу арқылы киім үтіктеген. Оның көмір салуға және түтін шығуға арналған арнайы тесігі болған. Уақыт өте келе үтіктердің сыртын түрлі бейнелермен сәндеу сәнге айналып, жануарлар мен гүлдердің сурттері бейнеленген түрлері шыға бастайды. Мұнан соң шеберлер үтіктерді күмістен жасап, оған жасалу күні мен шебердің есімін жазып шығарады. XIX ғасырдың соңына қарай газбен жұмыс жасайтын үтіктер сауда айналымына шығады. 1892 жылы электрлі түрі өмірге келді. Содан бері электрлі үтіктердің сан түрі жарыққа келе бастады. Біз көрген үтіктер коллекциясында шоқ салатын, плита бетіне қойып қыздыратындарын кездестіруге болады. Бір өкініштісі, мұндай бағалы бұйымдар бүгінде тек мұражай экспонатынан табылады. Қазірде мұның орнын суын құйып қоссаңыз болды өзі сөніп белгі беретін, өзіңізге ыңғайлы тоқ самаурын мен тоқ үтіктер басқан.
       – Негізінен самаурын жасау Ресей жерінде XVIII ғасырды жақсы дамыған. Тула қаласын самаурынның отаны десек болады. Себебі, ол жақта 1850 28 фабрика жұмыс жасаған екен. Мұражай коллекциясындағы жез, мыс, латуннан жасалған самаурындар біздің қазақ жеріне XIX ғасырда келе бастаған. Мұндағы үлгілер сирек кездесетіндігімен ерекшеленеді. Мәселен, жол самаурыны бір қарағанда құман секілді көрінеді. Кейбірінің өрнегі мен нақышы бөлек, – дейді қор сақтаушы Асылхан Асуатов.
Ерте уақытта қолданысқа енсе де кезең-кезеңімен жаңарып шығып отырған самаурын атаулы заманында дастарханның сәні болып қана қоймай иесінің қоғамдағы мәртебесінен де хабар берген. Ата-бабамыз молшылықтың белгісі санаған. Әттең – ай, дейтін тұсы, қазіргі таңда самаурын қолданатындар қатары азаюда. Техниканың қарыштап дамыған заманында ауылдағылардың өзі сирек пайдаланады. Онда да той-томалақтар мен көпшілік жиналған жиындардан көріп қаламыз. Қонаққа барсаң самаурын тұтатқан емес, газге шәйнек қоятындар қатары көп. Самаурыннан ішкен шайдың дәмі бөлек болатынын қазіргі жастар білер ме екен?
Біз көрсетіп отырған дүниелер мұражай қорындағы жәдігерлердің кішкене бір бөлігі. Одан бөлек қаншама заттар сақталған. Бұлардың барлығын музей залына қою мүмкін емес. Алайда, тарихты біліп, жастар санасында жаңғырту үшін бабалар мұрасын неге шағын бейне роликтер арқылы көрсетпеске деген ой келді. Әрине, мұның бәрі уақыт еншісінде...
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
27 шілде 2018 ж. 1 151 0