Ұрқия
Мауысым айының жазғытұрым жайнаған күні. Түс ауған кез. Ұрқия бүгін әдеттегідей екі қап көгеріп қатып қалған нанын кішкене кепешіктің алдында жайып отыр. Жас балалар аулаға құйындатып келіп, наннан ала қашады. Әппақ шашы дудырап, аяғындағы мыжырайған, жыртық бәтеңкесін қолпылдата Ұрқия оларды қуа жөнеледі. «Нанымды қайтар, тез қайтар, әйтпесе, аяғыңды сындырамын, дурной тип! Неужели, саған әке-шешең нан бирмәйді? Менің наным, ол сенікі емес, ведь», – деп әр баланың соңынан жүгіріп жүргені. Балаларға сол керек. «Жынды ғой, кеңкелес, өзінің жүгіргішін қара», - деп келемеждеп, әрқайсысы Ұрқияның алдын кес-кестеп тұрады да, ол ұмтыла бергенде, зымырап қаша жөнеледі. Шыр-пыр болып, жыларманға келіп, ұрсып жүрген Ұрқияның дауысын есітіп, бір кезде үйден Тәуіп әже шығады. Әр балаға ұмтылып, далақтаған Ұрқияны көріп, ол кісі балаларға жекіп береді: «Шешелеріңмен жасты адамды мазақтап, шырылдатып не көрінді, түге. Бұл, бейбақ, сендерге не істеп еді? Барыңдар әрмен, пірсіз немелер! – деп, ол Ұрқияның арқасынан сипап, үйге алып кетеді.
Көрші балалардан Ұрқия Сәулені жақсы көреді. Сәуле осы күзде он екіге толады. Бесінші класты үздік бітірген ол қазір жазғы демалыста. Олар Дархан атасы екеуі өздерінің кішкене қақырасында тұрады. Сәуле атасына қолқанат болуға жарап қалды. Атасы оған Қызылорданың базарынан ақ алюминийден жасалған екі шағын шелек пен гүл салынған қысқа иінағаш әкеліп берген, соны мойынына салып Сәуле қыздар мен Ұрқияны қасына ертіп, Майжарма каналына күнде кешке барады. Бұл канал аудан орталығынан екі шақырымдай жерде. Жол бойы Ұрқия бұларға көп әңгіме айтады. Орыс ақындары Пушкин, Лермонтов, Некрасовтан өлеңдер оқиды. Өзінің қай жерден келгенін ұмытып қалған. Әйтеуір, есінде теңіз қалған. Теңіз туралы айтқанда ол толғанып, толқып тұрып Лермонтовтың «Желкен» атты өлеңінің:
Играют волны - ветер свищет,
А мачта гнется и скрипит...
Увы, - он счастья не ищет,
И не от счастия бежит! – деген шумағын мәнерлеп таза орыс тілінде оқығанда, өзі де теңіз сияқты буырқанып, күнге күйіп, торлаған жүзіндегі дөңгелек көздері жарқ-жұрқ етіп, тура теңіздің ортасындағы қайықтың үстінде, дауылға кеудесін тосып, жанына дауа таба алмай тұрған тәкапбар да қайсар тұлға көз алдыңа келеді.
Өзінің айтуы бойынша, ол Ұлы Отан соғысы басталғанда Ресей жерінде, мектепте жоғарғы класта оқып жүрген екен. Туған мекенінің аты есінен шыққан. Мектепке бомба түседі. Көп бала көз алдында өліп кетіп, Құдай сақтап, бұл аман қалған. Әкесі майданда. Ұрқия үйіне барса, қирап тас-талқан болған кірпіштерді ғана көреді, шешесі мен бауырлары жоқ. Сол жерде шыр көбелек айналып жүрген жасөспірім қызды біреулер сапырылысқан әйел-бала-шағамен бірге темір жолдағы вагондардың біреуіне кіргізіп жібереді. Содан ол осы Тереңөзектен бір-ақ шығады. Мұнда келгелі ол бірнеше үйде жүріпті, ақырында Тәуіп әже оны серік, әрі қолқанат етіп қасына алған. Ұрқия ешкімнің үйінен тегін тамақ ішпейді де, киімді де тегін алмайды. Көршілердің суын тасып, ауласын сыпырып, отынын жарып жүріп, ақысына тек нан алады. Сосын ол нанды жинап, шетінен суға салып, езіп ішеді. Тәуіп әже алғашқы кезде ұрсып жүріп, Ұрқияны өзімен бірге отырғызып, тамақ ішкізетін, кейін ол бәрібір қашып барып, жалғыз өзі нанын жеп отыратын болғандықтан, оған тамақты басқа бөлмеге апарып қоятын болды. «Бейбағым-ау, ауру боп қалсаң, саған кім қарайды. Санаң мынау кіресілі-шығасылы. Мен қу маңдай жалғыздықтан қаусап алжып жүрмін. Екеумізді де есімізден адастырған атаңа нәлет қу соғыс қой. Ішсей мына жүрек жалғар ыстық көжеден, көгерген нанды қаужай бермей, өлесің ғой. Нанның қадірі өткен, байғұсым-ай. Ей, қасиетіңнен айналайын, Қара Нан! – деп, Тәуіп әже Ұрқияға тостағанға құйылған көже мен бидай нан әкеліп алдына қояды. Кейде іші шерге толып кетіп, Тәуіп әже уһілеп, Ұрқияны бауырына басып, көз жасына ерік беріп те алады. Оның шалы ертеректе қайтыс болған. Екі ұлы зіңгіттей жігіт болғанда, Ұлы Отан соғысы басталып кеткен. Біреуі жиырма төрт жасында, екіншісі он тоғызда әскерге алынған екен. Арасына бір жылдан салып, екеуінен де қара қағаз келіпті.
Осы ұзын бойлы, сұңғақ, ер мінезді ақ кемпірді жұрттың бәрі Тәуіп әже дейді. Балалар ауырса осы кісіге апарып түкіртеді, шөптен жасаған дәрісі талай дертке шипа. Ол өзі сабырлы, ұстамды, өткір қап-қара көздерінің уытына анау-мынау адамның төтеп беруі қиын, сұсты. Бірақ оның жүрегінің жұмсақ, мейірімді екенін бәрі біледі, сондықтан қиналса да, әбіржісе де Тәуіп әжеге барып ауылдастары тәнімен бірге жанын да емдететін.
Рыскүл әжесі қайтыс болғаннан кейін, бір күні Сәуленің тамағы ісіп кеткенде, Тәуіп әже қара қазанның күйесін ортаншы саусағымен алды да, «Ия, Алла! Шипаңды бере гөр. Менің қолым емес, Бибі Бәтима анамыздың қолы» деді де, мұның ауызын аштырып тұрып ішіндегі ісігін басып-басып жібергенде, жаны шыға жаздаған, осылай үш күн таңертең ашқарынға басқаннан кейін, ауруы жазылып кеткен еді. Кей дәрігерлер: «Ол кемпірге сенбеңдер, оныкі өтірік, қөзбояушылық» деп жұртты айнытуға тырысқанымен, Тәуіп әжеге барғандар ауруларынан айығып кететіні рас.
Ұрқия балалармен әртүрлі ойын ойнайды. «Арадан су аттап кел, бізден сізге кім керек»? – деп Ұрқия үстіндегі иығы жыртық бүрме көйлегінің етегі желпілдеп, екі қолымен жанындағыларды ұстап тұрып, қарсы топтағыларға қасқая қарап, сарнай жөнеледі, басқалар оған қосыла кетеді.
Неше түрлі ойындарды ойлап табатын да Ұрқия мен Сәуле екеуі. Әркім өзі білетін ертегісін айтады, «соқыртеке», «тығылмақ», «қуыспақ» ойнайды, әйтеуір, қас-қарайғанша ешкім қайтпайды. Үлкендер оларды арттарынан қуып келіп, әрең үйлеріне кіргізеді. Ал, күндіз, ыстық аптап басылысымен, Ұрқияның соңынан маңайдағы бүкіл бала-шаға ілесіп Майжармаға су әкелуге, әрі шомылуға барады. Жол бойы неше түрлі әңгімелер айтылады, бір-бірінің сөздерін қайталап ішек сілелері қатқанша күледі, сосын әдейі Ұрқияны сөйлету үшін, оның жынына тие бастайды, бұлқан-талқан болып өкпелеген оны өздері қайтадан жұбатып алады. Ұрқия бұрын оқыған кітаптарындағы оқиғаларды өзі көргендей етіп айтып бергіш. «Менің атам, – деп бастайды ол әңгімесінің бірін, – күнде теңізге барып жүріп, бір күні алтын балық ұстап алды. Иә, иә, настоящий Алтын балық! Сосын ол балық «не тілесең тілегіңді орындап тұрайын, тек мені қайтып теңізге жібер, деп атама өзін қалай шақыратын құпия сөздерді айтып, (ну, код такой у этой рыбки был, она же не простая, а золотая,) жалынып қоймаған соң, атам оны аяп қайтадан суға жібереді. Ал, әжем, хитрая такая, сол балықты хорошенько использовала, царица болғысы келген, представляете?» Балалар жамырасып: «Ұрқия, ол Пушкиннің ертегісі ғой», – деп шулап қоя береді. Ұрқия: «Да что вы говорите? Мен, ведь, өтірік айтпаймын. Ол менің дедушкам мен бабкаммен болған история», – деп, дес бермейді. Осылай бірімен бірі айтысып олар Майжармаға да жетеді. Күні бойы денелері ысып, пысынаған балалар апыл-ғұпыл шешіне салып, суға «күмп» береді. Ұрқияның шыт көйлегінің етегі суда жайылып, өзі шаңқылдап, рахаттанып, жүзе жөнеледі. Итше, ұлша, қызша жүзудің, сүңгудің неше түрлі әдістерін меңгерген оған ешкім де ілесе алмайды. Сондай бір жарыса жүзіп бара жатып, сүңгіп берген кезінде, оның көйлегінің етегі түріліп, бұтындағы дамбалының бауы шешіліп кетіпті, балалар кейін көпке дейін сонысын айтып, көздерінен жас аққанша күліп, кездескенде бір-біріне: «Ұрқияның құйрығының әппағын-о-о-ой!» – деп, сол сәтті бір жаңғыртып, рахаттана сықылықтап алады. Ұлы Отан соғысы кезінде Сыр бойындағы Тереңөзек жеріне Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жер аударылғандар көп болған. Солардың ішінде үш-төрт молдаван отбасы да бар еді. Олардың еркектері шетінен ұста, осы аудандағы бүкіл ағаштан жасалатын бұйымдардың бәрі солардың қолынан шығатын. Солардың бірі – Ставерлердің үлкен қызы Люба мен Сәуле бір сыныпта оқиды. Люба да өзінің іні-сіңлілерімен Ұрқияның «командасында». Ол ән салғанды жақсы көреді. Оған Ұрқия татар әндерін үйретіп әлек.
«Мин сәни яратам, яратам, яратам,
Мин сәни барибир озиме каратам», - деп Ұрқия шырқай бастағаннан, Люба қипалақтап, қашып кеткісі келіп тұрады, себебі, Любаның тілін бұрап әннің сөзін бұзып тұрғанын көргенде, Ұрқия бұлқан-талқан болып ашуланады. «Ты че, свой молдаванский знаешь, русский знаешь, а почему мой татарский не хочешь знать, а? Не надо «ля, ля». Давай, пой за мной», – деп жекіп жүріп, әйтеуір, өзі білетін әндерді үйретіп шығарды. Кейін аудандық, облыстық, республикалық байқауларда орыс,молдаван, қазақ, татар әндерін нақышына келтіріп шырқағанда алдына жан салмайтын Люба, талай рет жеңімпаз болған.
Аудан орталығынан әріректе оқшаулау тұрған бір аласа шағын үй бар, оның кесектері әр жерден опырыла бастаған. Мұндағыларды жұрт «бес ұрғашы» атап кеткен. Олардың үлкені Бағила, оның екі құлағы да естімейді, тас керең, жасы алпыстарға келген ол, күйеуге шықпаған, сіңлісі Сәлиманың үш қызына қарап, сол үйдің барлық тірлігін бір өзі атқарады. Ілмиіп, мойны ырғайдай болып, иінағашы иығынан түспей, ылғи су іздеумен жүретін Бағила ешқашан ашулануды білмейтін жан еді, қашан көрсең де ыржиып күліп, ерініңнің жыбырлағанына қарап тұрғаны. Сәлима болса, ақ сазандай, толық, бойшаң, сылаңдаған әдемі әйел. Оның да күйеуі соғыста қаза болып, үш қызымен жесір қалып, ауданның құрылыс басқармасында әріп теруші болып істейді. Сол Сәлиманы Ұрқия иттің етінен де жек көреді. Сыртынан оның жүрісін салып, талтаңдап, келемеждеп жүргені. Етшеңдеу біреуді көрсе болды: «Фу, какой откормленный, люди голодают, ал, мынау семіріп алған», – деп, бір тиіспей өтпейді. Оның сөзіне ешкім мән бермейді, жымияды да қояды .
Сәлима бала-шағасы бар бір еркекпен кездесіп тұрады екен. Бір күні Ұрқия аңдып жүріп, дүкеннің жанында, жұрттың бәрінің көзінше сол еркектің бетін аймандай ғып, оны жерден алып, жерге салмасы бар ма. «Сен еркек емессің. Настоящий азаматтар соғыста өліп кетті. Подъюбник несчастный. Өзіңнің жастайыңнан қосылған, тілеуіңді тілеп, неше жыл жылап-сықтап жолыңды тосып, саған ұл-қыз туып, тәрбиелеп берген жарыңнан, какая-то проститутка артық болды ма? Да она выеденного яйца не стоит! - деп Ұрқияның шыж-быж болып айқайлағанына іштерінен риза болған әйелдер үндемей тұра берген. Сөйтсе Ұрқия: «Вот, қазақтар, сендер сыртынан айтасыңдар, ал когда надо сказать, молчите, как-будто в рот воды набрали», – деп жиналғандарға да тиіскен. Сонда бір Қазына деген ұзын бойлы, толықша, жасы елулердегі қараторы әйел тұрып: «Мына Ұрқияның сөзінің жаны бар. Не, Сәлиманың бір жері артық па? Күйеуінен айырылған жалғыз сол ма екен? Жап-жас келіншектер де қолындағы бір-екі баласының бетіне ертең біреу-міреу таңба ғып: «мұның шешесі Құдайдан безген жүргіш еді» деп баспауы үшін, өз нәпсісін тиып, жеткіншектерінің болашағын ойлап, өмірдің не бір қиындықтарына төтеп беріп жүр ғой. Анау Гүлзира кімнен кем келіншек, көркіне ақылы сай, ол да жиырма бесінде ерін соғыс жұтып, бір ұл, бір қызымен қалып, балаларына сол әкесінің орынын жоқтатпай, күйеуінің әруағын ешкімге былғатпай, мұнтаздай болып отыр ғой. Әй, Қылышбай, жасың елуге келіп қалса да, әлі түк ақыл кірмепті ғой өзіңе. Далбасаламай жөніңе жүр, үйіңе қайт, әрі. Жұрттың еркегін бұзатын осындай қатындардың сазайын беру керек қой, тайраңдатпай», – деп Ұрқияны қостай кеткен. Артынша бірнеше әйел қосылып, бәрі Қылышбайға жабылып ұрысқан, ол қашып зорға құтылған көрінеді. Содан қайтып ол Сәлимаға жоламайтын болыпты. Кейін осы әңгімені естіген кейбіреулер: «Ұрқияны нақұрыс дейсіңдер, сөздері мірдің оғындай, сау адамнан бетер ғой мынауың», – деп айтып жүретін.
Ұрқия Сәулесіз ешқайда бармайды, мектептен келгенше оның жолын тосып жүргені. Біреуге өкпелесе де, қуанса да Сәулеге айтқанша асығады. Сәуле де оны аяйды. Ұрқияның әңгімелерін Сәуле Дархан атасына айтады. «Е, балам, бұл соғыс қанша адамды елінен, жұртынан, жақындарынан, үйінен айырды. Ұрқия да соның құрбанының бірі ғой. Сонау Ресей жерінен келген оған да Тереңөзектің тұз-дәмі бұйырған. Өзі оқыған, тәрбиелі отбасынан шыққаны көрініп тұр. Әттең, әке-шешесінің аты-жөнін, туған жерін есіне түсіре алмағаны қиын, әйтпесе, енді іздеу салып көруге болады ғой, кім біледі, мұны да жақындары таба алмай жүрген шығар. Мына соғысы құрғыр, маңдайы жарқыраған талай ұрпақтың өмірін ойсыратып кетті-ау. Енді қалғандарың аман болып, Құдай елді қайғы-қасіреттен сақтасын», – деп соғыста хабар-ошарсыз кеткен жалғыз ұлы Сатыбалдысы есіне түсіп, атасы терең күрсінеді .
Сәуле Тереңөзектен кеткелі бері де он жыл өте шығыпты. Туған жерге жүрегі лүпілдеп жеткен сайын Сәуле сол бала кездегі достарын жинап, Ханша апасының кішкене үш бөлмесінде өткен-кеткенді еске алып, дастархан басында әңгіме-дүкен құрып, мәз-мәйрам болып қалатын. Ондай жиындарға Ұрқияның аяғын аттап баспайтынын білетін Сәуле, баяғы Тәуіп әжесінің үйіне оны іздеп баратын. Студент Сәуленің әкелген азғантай базарлығына балаша қуанып, шабыттанып Ұрқия мұны құшақтап алып, арсыл-гүрсіл вальс билеп кететін еді.
Бірде Сәуле оқып жүрген Мәскеудегі Әдебиет институтының жатақханасына Ұрқиядан хат келіпті. Көк қаламсаппен әріптерін әдемілеп тор көз дәптер парақтарына тізген хатында, ешқандай қате жоқ, сөз саптауы да үйлесімді, тек арасында орысшаға бұрылып кететіні болмаса.
«Сәуле, сен мені ұмытпа, – деп бастапты ол. – Өлеңдеріңді газеттен оқып, жылап алдым. Сенің үлкен адам болатыныңа, мен сенемін. Дархан атаңнан кейін Тәуіп әже, ровно, жеті жылдан кейін қайтыс болды, білесің ғой. Екеуі жақсы дос еді. Она тоже святая была, как и твой дедушка. Они, наверное, в рай попали. Есіңде ме, сенің атаңның жаны қиналып жатып, ауадан жеміс үзіп, ауызына салып жегендей болып, біреулермен сөйлесіп «бүгін бармаймын, ертең сәскеге барайын» дегені, сосын шынымен де келесі күні сол уақытта о дүниеге аттанып кеткені. Қайтыс боларының алдында атаң сені Ханша мен Жармағанбет көкеңе тапсырғандағы сөздерін Тәуіп әже көзінің жасын іркіп алып, айтып отыратын. Сондағы Дархан атаңның: «Жармағанбет, мен ертең о дүниеге аттанғалы жатырмын. Арамызда түсінбеушілік, реніш, пендешілік болса, кешір. Сенің отбасыңдағы анау жүгіріп жүрген жамандар, менің немерелерім, оларды бөтен көреді екен деп ойлама. Бірақ, іңгәләп жарық дүниеге келгеннен бауырыма басқан, қыз да болса, жалғыз ұлымның орнына Құдай берген, кішкентай менің Сәулешімнің шекесінен біреуің шертетін болсаңдар, мен о дүниеде тыныш жата алады демеңдер. Анау Ханша осы қызды жөнге саламын деп көп тиісетіні бар. Азаматсың ғой, Жармағанбет, Сәуленің көңіліне ешкімнің сөзін де, өзін де тигізбеймін деген уәдеңді бер, Жаратқанның алдында», – депті. Сонда Жармағанбет көкең шын ықыласымен тебіреніп: «Сертім сол, әке, Сәулеңізді өзіңіздің көзіңіздей көреміз. Оның орны әрдайым төрімізде болады. Мен өзім бала кезімнен жетімшілік көріп өсіп, сіздермен табысқалы, арқам кеңіп, алдымда өздеріңіз жүрген соң аяғымды алшаң басып жүріп ем. Риза болыңыз, әке! Тірі жүрсем Сәулені институтта өзім оқытып, құтты жеріне қондырамын», – деп тебірене сөйлеп, одан әрі шыдай алмай шығып кетіпті. А ведь через год и дядя Жармаганбет ушел из жизни. Значит все-таки тот осколок снаряда в его груди, про которую ты мне рассказывала, с годами дал о себе знать.
Мен сол баяғы үйде тұрып жатырмын, әженің төрт ешкісі, екі қойы қалған, олар өсіп шамалы көбейе бастаса, мен әженің әруағына арнап, сойып етін таратып тұрамын. Қазір бір қой, төрт лақ, үш қозы бар, соларға қараймын. Сен келсең қой соямын. Лақтар сондай сүйкімді, келсең бірге ойнаймыз. Оларға арқаннан секіруді үйретіп жүрмін, әсіресе, бір текешік бар, өзі әппақ, маңдайы мен құлақтары қап-қара, оның атын мен «Чемпион» деп қойдым, ұнай ма? Сол қалай секіретінін сен көрсең ғой, обхохочешься. Мүйіз сымақтарымен жерді сүзе жүгіріп, орғып барып ұшып түседі-ау, сабазың.
Сенің Ханша апаңа көмектесіп тұрамын. Өзің туралы мен оған біраз әңгіме айтқанмын. Она про тебя, оказывается, многого не знает, После моих рассказов, Ханша тебя полюбила еще сильнее. Какие у нас, в Теренозеке, люди хорошие, меня все принимают, как свою родственницу. Ты приезжай поскорее. Мы с тобой будем ходить в гости и купаться в Майжарме.
На этом, до свидания, Саулеш.
Мы все тебя ждем с нетерпением.
Твоя Уркия. 15 апреля 1971 года.
Бұл Ұрқияның Сәулеге жазған алғашқы да, соңғы хаты еді. Ол демалысқа барғанша Ұрқия ауырмай-сырқамай аяқ астынан қайтыс болыпты. Оның жасы сол кезде шамамен қырық алтыларда шығар. Жаратқан қиянатсыздарды қинамай алады дейді ғой. Ешкімге кесірі тимей, үстіне бір жібі түзу киім кимей, өмірден рахат тауып жар, бала сүймесе де, туғандарынан, елінен, жұртынан айырылып, қара басы қаңбақтай ұшып Тереңөзек жеріне қонақтаған, осы қайсар да өжет жанның бойындағы шуағының қуаты мол еді. Жанындағыларды шаттандыра да, сақтандыра білетін, қиналғандардың жанынан табылып, қолқанат болған, өзін бауырындай жақсы көрген Ұрқияны, Сәуле ұмытпайды. Жырым-жырым етегі желбіреп, күн мен желге тотыққан бидай өңі бір де жұбаныш сезіміне бөленсе, енді бір де долданып, буырқанған теңіздей аласұрып, өзіне-өзі сыймай, жұлынып, жұртқа тиісіп, айқайлап шерін шығарып алатын сол бір жартастай жалғыз жан Сәуленің санасында адамгершіліктің, пәктіктің, балаңдықтың белгісіндей болып қалған. Өз басынан өткен өмірінің ішінде, жақсы адам саналып жүрген, неше түрлі санасы сау пенделердің сол «ауыш» Ұрқияның рухының жанында құр әншейін қомпиып тұрған үндіктей, бойларында не жылуы, не өзіндік ақыл-парасаты жоқ, бірақ жаттап, хаттап алғандарының арқасында, ебін тауып өмірдің күншуағында жүретіндерін көргенде, Сәуленің жүрегінде Ұрқияға, Тәуіп әжесіне, өзінің жақындарына және алуан түрлі тағдырды басынан өткізе жүріп, адамдық қасиеттеріне ие бола білген ауылдастарына деген тұп-тұнық ыстық ілтипат сезімі мөлдірейді. Ғұмырларында думандатып бір той жасай алмай, Жаратқанның ақ жолынан ауытқудан қорқып, «сауап, обал, күнә» атты ұлағатты ұстанымдардан аттамай, ұрпағына өздерінің жылдар бойы жинаған абыройы мен ақ ниетін, қарапайым адами қағидаларын мұра етіп, сыйлап кеткен сол асыл жандардың Рухы әрдайым биікте екеніне, бұл дүниеде көрмеген рахатттарын олардың о дүниеде көретініне Сәуле сенеді.
Жадыра ДӘРІБАЕВА
Пікір 1