Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналист – жасампаздық жаршысы

Журналист – жасампаздық жаршысы

Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде кәсіби мамандардың ел өмірінде алатын орны айрықша, журналист қауымы қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры екенін атап өтті. «Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін» деді Президент өз сөзінде.

28 маусым – Бұқаралық ақпарат қыз­мет­керлерінің кәсіби мерекесі. Журналистика – халық пен биліктің, қоғам мен шындықтың арасын жалғап тұрған маңыз­ды көпір. Ақпарат дәуірінде жур­налистің рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені елдің тыныс-тіршілігін, қоғамдағы өзекті мәселелерді, жетістіктер мен жаңа­лықтарды халыққа жеткізетін де – журналистер.

Заман қарыштап дамыған сайын ақ­парат айдыны кеңейіп, әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Осы орайда газеттің заманын «біттіге» балап жүргендер де кездеседі. Бірақ қағаз газеттің құны, мәні, маңызы, іздеушісі толастамайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы арнайы жиында тағы бір мәрте айтып өтті. Президенттің «Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңіс­тікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді» деуі журналист қауымға қанат бітіргені рас.


Сондай-ақ Президент бұған дейін Астана қаласында ғана жүзеге асқан журналистерге пәтер табыстау бастамасының ауқымы кеңейе түсетінін тілге тиек етті. Биылдан бастап аймақ тілшілеріне де бас­пана кілтіне ие болу мүмкіндігі бар. Өз кезегінде аймақта алғаш рет «Қанатты қалам – 2026» іс-шарасында «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының орынбасары Әзиз Батырбековке және «Қызылорда» телеарнасының телеоператоры Рамазан Жүсіпбекке пәтер кілттері табысталды. Бұның өзі мереке қарсаңында жақсы жаңалық болып, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген жандардың мерейін тасытты.

Журналист – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін қасиетті қызмет. Қаламы қарымды, ойы ұшқыр тілшілер қоғамдағы әрбір маңызды мәселені дер кезінде байқап, оны көпшілікке шынайы түрде ұсынуға ұмтылады. Олар күн сайын уақытпен санаспай еңбек етіп, халықтың үнін билікке, биліктің шешімін халыққа жеткізеді. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы зор. Журналист тек жаңалық жаршысы ғана емес, ағартушылық бағытты арқау етуші деуге негіз бар. Себебі ойлы сөзбен, қуатты қаламмен оқырман жүрегінен жол тауып, бағыт-бағдар береді. Журналистің ағартушылық миссиясы әркез алдыңғы қатарда. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, журналистер ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады.

Бүгінгі таңда ақпарат кеңістігі қар­қынды дамып келеді. Цифрлық техноло­гия­лардың өркендеуі журналистика саласына жаңа мүмкіндіктер әкелді. Соған қарамастан, ақпараттың нақтылығы мен сенімділігі бұрынғыдай басты құндылық болып қала береді. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген журналис­тер ел дамуына елеулі үлес қосып жүр. Ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері көп болғанымен, кәсіби журналистің елеп-екшеп дайындаған шынайы ақпараты, байыпты сөзі, нақты тұжырымды алмастыра алмайтыны анық.

Осындай журналистік салада өзіндік орны, мәртебелі төрі бар, қырық мыңға жуық аудан халқы мен алыс-жақын аймақтағы оқырманына қалытқысыз қызмет көрсетіп отырған басылым – аудандық «Тіршілік тынысы» газеті. Ғасырға жуық тарихы бар басылым аудан­ның шежіресін хаттап, елдің тыныс-тіршілігін, жетістігі мен жаңалығын, қуанышы мен толғанысын оқырманға уақытылы жеткізіп келеді. Газет бетінде ауданның әлеуметтік-экономикалық да­муы, мәдениеті мен руханияты, бі­лім мен денсаулық саласындағы жа­ңалықтар кеңі­нен жарияланып, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерге де тұрақты түрде орын берілуде. 1939 жылдың 26 наурызы – төл газеттің алғаш оқырманға жол тартқан күні. Ол кезде «Сталин жолы» атауымен жарық көрген басылымның аты кеңестік жүйенің даму кезеңдеріне сәйкес саясат ыңғайына қарай өзгеріп отырған. Әр кезеңде әртүрлі атпен жарық көріп отырған газет 1997 жылдан бастап «Тіршілік тынысы» деген аталыммен көрермен көзайымына айналып отыр. Бүгінде аудандық газет редакциясында білікті мамандар мен кент және ауылдық округтердегі газет таратушылары ойлы оқырман олжасына елеулі қызмет атқарып келеді. Бұл ретте, баспасөз қызметінің құрылғанына биыл он жыл толып отырғанын да айта кету орынды.

Аудан айнасына айналып, республика көлеміндегі маңызды мәселелерден бастап аудан көлеміндегі жаңалықты оқырман қауымға уақытылы жеткізіп отыратын «Тіршілік тынысы» газеті оқырман үдесінен шығып келеді. Бұл күнде аудандық газет­тің тұрақты оқырманы қалыптасқан. Оның ішінде егде жастағы кісілерден бас­тап мектеп оқушыларына дейін бар. Редакцияға арнайы келіп, газетке жазылып, тілшілермен тығыз қарым-қатынас орнататын жанашырлар да баршылық. Ауданның абыройын ту етіп, күндіз-түні газеттің сапалы шығып, уақытылы халыққа тарауына өзіндік үлесін қосып жүрген редакция қызметкерлері үшін бұл – зор абырой, мәртебе. Журналистер күні қарсаңында ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген барлық әріптестерге алғыс білдіру – орынды құрмет. Қоғамның үнін жеткізіп, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистердің еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық. Қаламыңыз қарымды, шығармашылық шабытыңыз шалқар, еңбегіңіз жемісті болсын, құрметті қаламгер!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

27 маусым 2026 ж. 77 0