Ізгілік пен шүкіршілік мерекесі
27 мамыр күні елімізде Құрбан айт мерекесі басталады. Құрбан айт – мұсылман жұртшылығы үшін ең қасиетті әрі қастерлі мерекенің санатына кіреді. Бұл күн адамдарды мейірімділікке, қайырымдылыққа, бауырмалдыққа үндеп, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайта түседі. Бұл адам баласының Аллаға деген шынайы сенімін, жанашырлығын айшықтайтын рухани мереке саналады.Құрбан айттың тарихы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Алланың әміріне толық мойынсұнып, ұлы Исмайылды құрбан етуге дайын болған оқиғасымен байланысты. Оның шынайы ықыласы мен беріктігін көрген Жаратушы ұлының орнына құрбандыққа қошқар түсіріп, бұл оқиғаны адамзатқа үлкен тағылым ретінде қалдырды. Содан бері мұсылмандар Құрбан айт күндері құрбан шалып, Жаратқанға шүкіршілік етеді.
Мерекенің басты ерекшелігі – мұқтаж жандарға қолдау көрсету мен қайырымдылық жасау. Құрбандыққа шалынған малдың еті туған-туысқа, көрші-қолаңға және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға таратылады. Бұл – қоғамдағы өзара қамқорлық пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Халқымыздың «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» деген ізгі қағидасы осы мерекеде айқын байқалады.
Осы ретте, Сырдария ауданының бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы ұлық мереке жөнінде пікір білдіріп, мән-мағынасын арттыра түсті.
– Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты сол уақыттан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Белгілі себептермен айт намазына бара алмаған жан айт намазы оқып болатындай уақыт өткеннен соң құрбан шалуына болады (мысалы, сағат 06:30-да). Құрбандыққа шалынатын малдарға кезек берсек: қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады.
Ал сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына, сондай-ақ жеті кісіге дейін бірігіп, ортақ шалуына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Құрбан айт мейрамы тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын да жақындата түсетін күн болуы тиіс. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстануы – бұл мейрамның негізгі сәнін кіргізеді. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал амал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, мейрамды сезіндіруіміз керек. Құрбан айт намазынан кейін барлық мұсылман ағайын-туыстарға, дос-жарандары мен көрші-қолаңға «Айт қабыл болсын!» деп айттап шығады. Бір-біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүреді, айттық сұрайды. Қазақ – айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін ешқашан қайтармаған. Ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайта табысады. Әр шаңырақта қазан асылады, бауырсақ пен шелпек пісіріп, мол дастарқан жайылады. Сырқат кісілердің көңілін сұрау, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға айттың қуанышын сездіру де сауабы мол іске жатады. Алла Тағала осындай айтулы мейрамды кемел дәрежеде атқарып шығуымызды баршамызға нәсіп еткей, – деді Нұрсұлтан Серікұлы.
Шындығында, қазақ халқы ежелден діни құндылықтарды ұлттық дәстүрмен сабақтастыра білген. Құрбан айт күндері үлкендерге құрмет көрсетіліп, ағайын-туыс бір-бірінің шаңырағына барып, ізгі тілектерін арнайды. Араздасқан жандар татуласып, ренжіскен көңілдер жарасады. Бұл күндері дастарқан жайылып, жетім-жесірге, мұқтаж адамдарға көмектесу сауапты іс саналады.
Қазіргі уақытта елімізде Құрбан айт мерекесі кең көлемде аталып өтуде. Мешіттерде айт намазы оқылып, қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады. Қасиетті мереке халықтың рухани бірлігін арттырып, адамгершілік құндылықтардың нығаюына ықпал етуде. Әсіресе, жастарға ізгілік пен жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеуде Құрбан айттың тәрбиелік мәні зор.
Құрбан айт – тек құрбандық шалатын күн ғана емес, ол жүректі тазартатын, мейірім мен кешірімді дәріптейтін, адамды жақсылық жасауға жетелейтін ұлық мереке. Сондықтан әрбір адам бұл күндерді ізгі амалдарға арнап, айналасына қуаныш сыйлап, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға ұмтылғаны абзал.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










