Заң мен тәртіп — бала қауіпсіздігінің басты шарты
Бүгін ауданға қарасты Шаған ауылдық округіндегі №37 орта мектебінде аудандық прокуратураның, аудан әкімдігінің және төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты өкілдерінің қатысуымен бірлескен «Қауіпсіз жазғы демалыс» тақырыбында кездесу өтті.Жазғы демалыс – балалар үшін еркіндік пен демалыс уақыты. Алайда, бұл кезеңде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығы басты назарда болуы тиіс.
Кездесудің мақсаты Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың алдын алу және демалыс кезіндегі бос уақытын тиімді пайдалану және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар кездесу барысында жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі, түңгі уақыттағы шектеулер, су айдындарындағы сақтық шаралары, есірткі мен жағымсыз әдеттерден аулақ болу, буллинг және кибербуллингтің салдар мәселелері бағытында кеңінен түсіндірме берілді.
Бұдан бөлек ата-аналарға бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі тек мектептің емес, ортақ жауапкершілік екендігі назарларына жеткізілді.
Тәртіп бар жерде ғана нағыз еркіндік пен қауіпсіздік болатыны белгілі. Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық санасын оятып, жазғы демалыстың пайдалы әрі қауіпсіз өтуіне өз септігін тигізеді.










