Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала қауіпсіздігі – басты міндет

Бала қауіпсіздігі – басты міндет

Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін және зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету мақсатында «Арай» қалалық аквапаркі базасында көрсетілім сабағын өткізді.

Шара барысында құтқарушылар мен медицина қызметкерлері судағы төтенше жағдайлардың алдын алу, шұғыл әрекет ету және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін көрсетті. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған.

Мұнымен қоса мұндай сабақтар мектептердегі жазғы балалар лагерьлерінде де өтіп жатыр. Аталған жұмыстар лагерьлердің жұмысы аяқталғанға дейін жалғасады.

– Сырдария өзені мен облыс аумағындағы басқа да су айдындарында азаматтардың суға кету фактілері көбіне қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу салдарынан орын алуда. Атап айтқанда, тұрғындардың өзендер мен каналдардың кез келген, зерттелмеген тұстарында суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға шомылуы, балалардың ересектердің қарауынсыз су жағасына баруы мен жүзе алмауы - қайғылы жағдайларға басты себеп болып отыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары ұжымдар мен оқу орындарына қарасты жастардың жаз мезгілінде табиғат аясында, өзен-көл жағасында демалыс ұйымдастыруы жиілеген. Алайда мұндай демалыстардың кейбірі өкінішке қарай қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Қазіргі таңда облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақ тіркеліп, аталған учаскелерге 149 ескерту тақтайшалары мен билбордтар орнатылған. Айта кету керек, жазғы маусымда облыс бойынша 8 балалар лагері жұмыс істейді. Осы ретте барлық ата-аналар мен демалыс ұйымдастырушыларды балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және барлық сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз,- деді Нұржігіт Бердібекұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі 

12 маусым 2025 ж. 457 0