Қарт майдангердің мерейін тасытты
Жақында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына арнайы іссапармен келді. Іссапар аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары мен аймақ басшысы тереңөзектік Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Яхия Тасыровты жеңіс күнімен құттықтап, дәстүрге сай сый-сияпат көрсетті.Сыр өңіріндегі соғыстың соңғы солдаты, майдангер Яхия Тасыров бүгінде 104 жасқа келгені белгілі. Майдангер 1942 жылы соғысқа аттанып, Сталинградты, Курскіні, Польшаны азат етуге қатысқан. Бейбіт өмірде де белсенді еңбек етіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өркендеуіне үлес қосқан. Кездесуде Нұрлыбек Машбекұлы мен Мұрат Нәлқожаұлы майдангер қарттың шаңырағында болып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хатын» табыстады.
Өз кезегінде майдангер Яхия Тасыров жеңістің 81 жылдығына орай арнайы келіп құттықтаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев атынан көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді. Ардагердің айтуынша, майдангерлерге көрсетіліп жатқан мұндай құрмет – ерлікке тағзым мен ел тарихына деген құрметтің айқын белгісі.
– Біз жастық шағымызды соғыс өрті шарпыған қиын кезеңде өткіздік. Ол жылдардың ауыртпалығы мен қасіретін сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Майдан даласында басты мақсат – елді, жерді, болашақ ұрпақты қорғау болды. Сол күндер артта қалып, бүгін бейбіт аспан астында өмір сүріп отырғанымыз – біз үшін ең үлкен бақыт. Сондықтан Ұлы жеңіс мерекесі – жүрегімізге ерекше ыстық, мағынасы терең күн. Осындай айтулы мерекеде ел азаматтарының арнайы келіп, хал-жағдайымды сұрап, құрмет көрсетіп жатқаны көңілге үлкен қуаныш сыйлайды. Бұл – тек бір адамның емес, барша майдангерлерге көрсетілген құрмет деп білемін. Мемлекет тарапынан ардагерлерге әрдайым қамқорлық көрсетіліп келеді. Соған ризамыз. Ел басқарған азаматтардың үлкенге ізет танытып, біз секілді жандарды ұмытпай, арнайы құттықтап келуі – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын игі іс. Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін түсініп, елдің тыныштығын сақтаудың маңызын ұғынса екен деймін. Соғыстың зардабын ешкім көрмесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін. Осындай құрмет көрсетіп, ақжарма тілектерін жеткізген азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді қарт майдангер.
Жалпы алғанда, Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 3 мыңға жуық азамат аттанып, жартысынан көбі туған жерге оралмады. Олар Отан үшін ерлік жасап, бізге бейбіт өмірді сыйлағаны мәлім.
Айта кетейік, жақында жаңа қызметке тағайындалған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығында бірқатар кездесу өткізіп, соңғы жылда қызмет атқарған әріптестері мен БАҚ өкілдеріне алғысын айтты. Коммуналдық қызметкерлерді де назардан тыс қалдырмай, құрмет көрсете білді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ












