Ерік-жігер шыңдалатын уақыт
Сырдария ауданында ҚР Қорғаныс министрінің арнайы бұйрығына сәйкес, осы жылдың 27 сәуірі мен 4 мамыры аралығында әскери оқу-жаттығу далалық жиыны өткізілді. Оған 17 білім ошағынан 10-сынып оқушылары 4 аймаққа бөлініп қатысты.Алғашқы күннен бастап 253 оқушы әскери тәртіпке үйреніп, жаттығу-далалық жиынның ережелерімен танысты. Іс-шараның мақсаты – оқушыларға 30 сағат көлемінде әскери-тактикалық практикалық сабақтар өткізу арқылы алғашқы әскери дайындық дағдыларын қалыптастыру және жасөспірімдердің патриоттық рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, жауапкершілік пен тәртіпке баулу болып табылады.
Өз кезегінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Алияр Шаменов Аманкелді ауылындағы оқу-жаттығу далалық жиынының жұмысымен танысып, мектеп оқушыларына әскери қызметтің қыр-сырын түсіндірді.
– Сырдария ауданында ұйымдастырылған әскери оқу-жаттығу далалық жиыны – жас буынның әскери-патриоттық тәрбиесін күшейтуге, олардың жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған маңызды шаралардың бірі. Бұл жиын барысында қатысушылар алғашқы әскери дайындық бойынша алған теориялық білімдерін іс жүзінде сынап, далалық жағдайда әрекет ету, төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, саптық және тактикалық дайындықтарын шыңдау мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, жас сарбаздар қару-жарақпен жұмыс істеу тәртібін меңгеріп, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсінді, әскери тәртіпке бағыну мен ұжымдық үйлесімділіктің мәнін терең ұғынды. Физикалық төзімділік, шыдамдылық және психологиялық дайындық секілді маңызды қасиеттерді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Мұндай оқу-жаттығу жиындары жастардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, елін, жерін қорғауға деген дайындықты нығайтады. Бүгінгі күні қауіпсіздік пен қорғаныс мәселесі аса өзекті екені белгілі. Сондықтан да біз жастардың әскери даярлығын арттыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береміз. Жиынға қатысқан жастарға алғыс білдіремін. Олардың ынтасы мен жігері – еліміздің болашағының сенімді кепілі деп білемін, – деді Алияр Әлтайұлы.
Күні кеше оқу-жаттығу далалық жиынының жұмысы қорытындыланды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Диаз Мұстапаев пен білікті маман Жәнібек Еспанов соңғы күнгі жиында оқу-жаттығудың сапалы өткізілуіне ерекше мән берді. Бұл ретте алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері іс-шараның сапалы өтуі үшін дайындық жұмыстарын жан-жақты пысықтаған.– Оқу-жаттығу далалық жиыны – білім беру ұйымдарындағы әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесін көрсететін маңызды алаң болды. Бұл іс-шара барысында оқушылар өз білімдерін сынап қана қоймай, тәртіп пен ұйымшылдықтың, жауапкершілік пен батылдықтың мәнін іс жүзінде сезінді. Далалық жағдайда өткен жаттығулар жасөспірімдердің шыдамдылығын арттырып, кез келген жағдайда тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу қабілетін дамытуға ықпал етті. Сонымен қатар олар бір-біріне сенім арту, ортақ мақсатқа жұмыла әрекет ету секілді маңызды қасиеттерді бойына сіңірді. Білім саласы үшін мұндай тәжірибелік іс-шаралардың орны ерекше. Себебі мектеп қабырғасында берілетін тәрбиенің нәтижесі осындай ортада айқын көрінеді. Жастардың елге деген құрметі мен азаматтық ұстанымы дәл осындай сәттерде қалыптасады. Біз алдағы уақытта да оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған осындай тағылымды шараларды қолдап, олардың сапалы өтуіне ықпал етуді жалғастырамыз. Басты мақсат – саналы, сергек, ел болашағына бейжай қарамайтын ұрпақ тәрбиелеу, – деді аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Рахманбердиев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











