Заңсыз қару-жарақ сақтаудың жазасы қатаң
Елімізде заңсыз қару сақтау – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін ауыр құқық бұзушылық санатына жатады. Осы орайда заңсыз қару сақтау мәселесі құқық қорғау органдары тарапынан қатаң бақылауда ұсталады. Себебі қарудың заңсыз айналымы тек бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін фактор болып саналады. Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш затты қолдана отырып жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ауқымды акция өтуде. 2026 жылдың 20 сәуірінен бастап республика аумағында атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жүзеге асуда.Бұл бағытта Сырдария аудандық полиция бөлімі тарапынан кешенді іс-шара жүргізілуде. Құқық қорғау саласының мамандары жергілікті халыққа тіркелмеген заңсыз атыс қаруын өткізген азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын түсіндіруде. Жалпы алғанда, қару-жарақ, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттарды заңсыз сақтау, алып жүру немесе тарату ҚР Қылмыстық кодексі аясында реттеліп, нақты жауапкершілік шаралары белгіленген.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес, заңсыз қару сақтаған тұлғаға жағдайдың ауырлығына қарай түрлі жаза түрлері қолданылады. Олардың қатарында айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығын шектеу немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру бар. Егер қылмыс ауырлататын мән-жайлармен жасалса, мысалы, қаруды топ болып сақтау немесе ірі көлемде заңсыз айналымға қатысу жағдайында, жаза мерзімі одан әрі қатаңдатылып, бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады. Заңның басты мақсаты – жазалау ғана емес, ең алдымен алдын алу. Яғни қоғамда заңсыз қару айналымын болдырмау, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау және құқықтық тәртіпті нығайту. Осы тұрғыдан алғанда әрбір азамат заң талаптарын сақтауы тиіс. Қару иелену тек арнайы рұқсат пен тіркеу арқылы жүзеге асырылатыны заңда нақты көрсетілген. Аудандық полиция бөлімі тарапынан акцияның ауқымды түрде өткізілуіне барлық жағдай жасалған. Жергілікті тұрғындарға тіркелмеген заңсыз атыс қаруларын өтемді түрде ақшалай сыйақыға өткізуге болатынын айта кеткім келеді, – деді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы.
Әрине, қоғам өмірінде барлығы заңға бірдей бағынады. Заң мен тәртіпке бағынып, оқыс оқиғалардың алдын алған дұрыс. Заңсыз қару сақтаған жандар түптеп келгенде құқықбұзушылықтың алдын алғаны абзал.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











