Сыр күріші – ел ырысы: егін алқабына алғашқы дән себілді
Ауыл шаруашылығы саласы – ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі. Бұл – материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Сыр салысымен, «сары алтынымен», ауыл шаруашылығы өнімдерімен республика көлемінде белгілі Нағи Ілиясов ауылында егін алқабына алғашқы дән себу рәсімі өтті. Молшылық мерекесінің бастауына айналған салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысты. Аймақ басшысы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және ардагерлермен бірге алғашқы дәнді сеуіп, қамбаның астыққа толуына, мол өнім жиналып, шаруалар еңбегінің ақталуына тілектестігін білдірді.Дала күні мерекесіне орай өткізілген іс-шара барысында құрметті қонақтар ауыл шаруашылығы техникалары, тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдары және озық техникалар көрмесімен танысты. Былтырғы көрсеткішпен Сырдария ауданы «Егін шаруашылығы саласы бойынша Озат аудан» атанып, шаруалардың еселі еңбегі еленгені белгілі. Бұл жетістік – аудан еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сайманын сайлаған шаруалар биыл да егіс даласын дәнге толтырып, берекелі күз мезгіліне зор абыроймен жетуге үмітті.
Айта кетейік, биыл вегетация кезеңінде облыстың егіс алқаптарын суаруға 3,2 млрд текше метр су лимиті бөлінген. Жалпы 185,8 мың гектарға дақылдар егу жоспарланған. Оның ішінде дәнді дақылдар 89,7 мың гектар, майлы дақылдар 6,1 мың гектар, мал азықтық дақылдар 73,2 мың гектар, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру көзделген. Осыған байланысты биыл күріш көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарлануда. Оның орнына суды аз қажет ететін, өнімділігі жоғары жүгері алқаптарын ұлғайту қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы – халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі. Өйткені, ол – азық-түліктің негізгі өндірушісі. Бұл сала өзінің маңыздылығы мен ерекшелігі бойынша экономиканың бірегей секторы болып табылады. Біздің ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, бұл саладағы жұмыстарды қарқындатудың маңызы зор. Шаруалардың маңдай тері мен еңбеккерлердің елеулі жұмысының арқасында ауданымыз аймақ көлемінде ұдайы үздіктер қатарынан көрініп келеді. «Егінші мәрт, жер жомарт» дегендей, ауыл шаруашылығы саласы құнарлы жермен тығыз байланысты.
Сонымен қатар техникалық саясатты жетілдіру және машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде шаруашылықтар шетелдік заманауи, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларына басымдық беріп келеді. Бүгінде ерте егілетін дақылдар себіліп бітуге жақын. Ал қажетті тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармай қоры жеткілікті. Сонымен қатар тиісті техника көктемгі науқанға жұмылдырылған.
Бұл – диқандар үшін ең маңызды кезеңнің бірі. Себебі көктемгі егіс – жыл бойғы еңбектің іргетасы, ел ырысының бастауы. Биыл «Абзал және К» ТС мен «Мағжан және К» ЖШС 1100 гектар бидай еккен. Күріш егу маусымы да басталды. Техника сайланып, жер тегістеу жұмысы сәтті жүргізілді. Биыл жоспар бойынша 4000 гектар алқапқа күріш егу жоспарланған. Берекесі тасыған Нағи Ілиясов ауылында диқандар 10 бригадаға бөлініп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мол өнімге қол жеткізу үшін аянбай тер төгуде. Шаруасы шалқыған шаруашылықта «Янтарь», «Яхонт», «Маршал», «Лидер» секілді күріш түрлері егілген.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ












