Сыр халқы ұйымшылдық үлгісін көрсетті
Республикалық референдум барысында Сыр өңірі ұйымшылдық үлгісін көрсетіп, белсенділік танытты. Өңір халқы саяси науқанның маңызын арттыра білді. Әрине, референдум – халықтың пікірін тікелей білдіретін демократиялық тәсіл. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтіп, елдегі маңызды мәселелерді халықтың қатысуымен шешуге мүмкіндік береді.Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасындағы мәліметке сүйенсек, Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты референдумда Қызылорда облысы тұрғындарының 93,04 %-ы дауыс беріп, республикада бірінші орынға шықты. Маңызды саяси науқанда қазақстандықтардың 73,24%-ы өз таңдауын жасаған. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша 9 126 850 азамат дауыс берді.
Еске салайық, облыс бойынша 378 референдум учаскесі қызмет етті. Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін 179 онлайн сервис, уақытша тіркеу қызметін атқаратын 5 онлайн учаске іске қосылды. Азаматтар өз учаскесін 4 платформа арқылы анықтады. «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасындағы https://referendum.orda.gov.kz сайты және арнайы телеграмм боты үздіксіз жұмыс істеді. Азаматтар сайтқа кіріп, өз учаскесі, референдум комиссиясының мекен-жайы, байланыс деректері және комиссия мүшелерінің құрамы туралы ақпарат алды. Сондай-ақ 109 қызметінің диспетчерлері де сауалдарға жауап берді.
Сыр халқы референдумға белсенді қатысып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетті. Дауыс беруге келген адамдардың саны көп болып, өңір республика бойынша алдыңғы қатардан көрінгені – ауызбіршіліктің үлгісі. Бұл халықтың ел болашағына бей-жай қарамайтынын дәлелдейді. Референдум кезінде сайлау учаскелері талапқа сай ұйымдастырылып, тұрғындардың еркін дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Жастар да, үлкен буын өкілдері де өз құқықтарын пайдаланып, маңызды шешім қабылдауға атсалысты.
Қорыта айтқанда, Сыр өңірінің тұрғындары референдумда жауапкершілік танытып, елдің саяси өміріне ыждағаттылықпен қарайтынын көрсетті. Бұл өңірдің қоғамдық-саяси тұрғыдан да көшбасшылар қатарында екенін дәлелдейді.
Б.ОРДАБЕКОВ











